Хромтаудағы қыз бен жігіт оқиғасы – ХХІ ғасырдағы теңсіздік пе?
Jas Alash редакциясына Ақтөбе облысы Хромтау ауданынан Ерхат Аманкелдиев дейтін азамат хабарласып, көмек сұрады.
Оның айтуынша, екі інісін аудандық ауыл шаруашылығы басшысы Қойшыбай Рсалин соққыға жығып, бірақ қазіргі күнде өзі жәбірленуші атанып, бауырларына қылмыстық іс қозғатқан көрінеді. Керісінше, таяқ жеген Аманкелдиевтердің арызын аудандық полиция қабылдамапты.
Ағайынды Аманкелдиевтердің ортаншысы Мәдихат Аманкелдиевтің айтуынша, ол Қойшыбай Рсалиннің қызымен сөз байласып жүрген. Бірақ қыздың әкесі «ол жігіт біздің теңіміз емес» деп, басынан қарсы болған. Тамыздың сегізі күні түнде Аманкелдиевтер – Мәдихат пен Жайылхан келе жатқанда Рсалиндер – Қойшыбай мен Мұхтар оларды алдынан күтіп алып, сөзге келісіп, сол жерде төбелес болған. Қазіргі күнде екі тарап та бір-бірін ұрды деп айыптап отыр. Біздің редакцияға екі тарап өз нұсқаларын айтып берді.
Аманкелдиевтердің нұсқасы
Жайылхан Аманкелдиевтің айтуынша, сол күні түнде Мәдихат екеуі Ерхаттың үйінен қонақтан шыққан. Көлікте Жайылханның әйелі, 5 айлық қызы, 3 жастағы баласы болған. Үйге жақындап қалған кезде қарама-қарсы бір көлік келіп тоқтаған. Көліктен екі адам түсіп, бір ауыз сөзге келместен, Мәдихатты ұра бастаған.
«Не болғанын түсінбей абдырап қалдық. Келіншегім қорқып, балаларды алып, үйге қарай жүгірді. Ажыратуға барғанда ішімнен ұрды. Үйден әке-шешем келді. Сосын полиция шақырдым. Олар тексерген кезде бізді ұрғандар Хромтау аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысы Қойшыбай Рсалин екенін білдік. Қасындағы ағасы Мұхтар Рсалин екен. Ол да зауытта басшылық қызметте істейді. Бұған дейін құқық қорғау органында қызмет істеп, зейнетке шыққан.
Кейін емханаға барып, дәрігерлер ағамды тексеріп жатқанда әкімдіктің көлігімен аудан әкімінің орынбасары Адайбек Есенаманов, әкім аппаратының басшысы Алмас Мұңлықов, сосын сәулет және құрылыс басқармасының басшысы Әліби Аманшиев келді. Әкімнің орынбасары Қойшыбай Рсалинмен бірге емханаға кіріп кетті. Дәрігерді шақырып алды. Біраздан соң шығып, Қойшыбайды жеңіл дәрежеде ішімдік ішкен деп шығарды. Негізінен екеуі де алкоголь ішкен еді. Әкім аппаратының басшысы Алмас «Аман екенсіңдер, шешіп тастайық» деп сөзге тартты. Біз көнбедік. Олар кетіп бара жатып, ағам Ерхаттың аяғын көлікпен басып кетті. Сол жерде тұрған полиция ештеңе істемеді. Сөйтіп жүріп түнгі 02:30-дарға қарай аудандық ішкі істер бөліміне барып, арыз жазайық десек, бізге түсініктемені ұсынып тұр. Осыған жаз деп жазғызды. Оны кейін білдік, әкімдіктің шенеунігі, керісінше, жәбірленуші ретінде арыз жазып, біз кінәлі ретінде түсініктеме жазып кеткен екенбіз. Полицияға қанша айтып жатырмыз, көзімізді бақырайтып қойып, сөзімізді естімеді», – дейді Мәдихат Аманкелдиев.
Арада бес күн өтіп, аудандық ішкі істер бөлімінен Мәдихатқа тергеуші хабарласқан. Атына 108-бап бойынша қылмыстық іс ашылғанын айтқан. «Не бүлдірдім, мүмкін шатастырып тұрған шығарсыздар» деген оған тергеуші «Жоқ. Сіз сегізінен тоғызына қараған түні 22-кварталда адам ұрыпсыз» деп, арызды кімдер жазғанын тәптіштеп, түсіндіріп берген. Ауданнан көмек болмағандықтан, арызын айтуға Мәдихат сол күні түнде Астанаға жолға шыққан.
«Әсілінде, олар ұрды, полицияны мен шақырдым. Бірақ бәрі керісінше болып кетті. Қылмыстық істің аты қылмыстық іс. Қорықтым, үйден ақша алып сол күні түнде Астанаға жолға шықтым. Ертесіне президент әкімшілігіне, мемлекеттік қызметкерлерге арналған агенттікке, антикорға, ішкі істер министрлігіне, бас прокуратураға арыз жаздым. 20 тамыз күні облыстық полиция департаментінен маған хабарласты. Шақырды. Басшылық қабылдап, «Астанаға неге барасыз, бізге бірден келмейсіз бе?» дейді. Мен жергілікті полиция арызымды қабылдамағаннан кейін, амалдың жоғынан Астанаға барғанымды айттым. Не керек, бір жеті өткеннен кейін ғана әлеуметтік желіге жаза жүріп, халықтан көмек сұрай жүріп, арызымызды қабылдаттық. Біз бұл іс бойынша 1,2 млн теңгеге қорғаушы жалдадық. Қазір бізге екі қылмыстық іс қозғалған. Оның бірі – маған ашылған жоғарыда айтып өткен іс болса, екіншісі – Қойшыбай Рсалиннің қызы жазған арыз. Бұл арыз бойынша ағам Мәдихат қызды боқтапты. Сөйтіп, алдымен Мәдихаттың соты өтті. Арыз жазған қыз аудандық білім бөлімінде басшылық қызметте істейді. Бірақ сотта ол «мен нянька болып істеймін» деп айтты. Судья оның қайда істейтінін біледі. Ауданда барлығы бір-бірін таниды емес пе?! Қорғаушы «бұларды жеңе алмаймыз, Мәдихат інім, «боқтадым» деп айта салшы. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, сені 15 күнге қамайды. 15 күн отырып шығасың ба, әлде, бір айыппұл төлейсің ба?!» деді. Содан соң ағам да амалсыз, айтпаған нәрсесін мойындады. Қазір қорғаушы менің ісімді қарап жатыр».
Ал Аманкелдиевтердің қорғаушысы Жұмабай Арыстановтың айтуынша, аудандық емхана таяқ жеген Мәдихатты дұрыс тексеруден өткізбеген. Оған аудандық басшылар кедергі келтірген. Ол жергілікті басшылар лауазымдарын асыра пайдаланып жатыр деп есептейді.
«Қазір мен аудандық емханадан не үшін М.Аманкелдиевті қарамағаны туралы түсініктеме беруін талап етіп, арыз жаздым. Басқа жауапты органдарға да арыздандым. Әлі жауап келген жоқ. Видеоүндеу жолдауға дайындалып жатырмыз. Материалдар жинап қойдық», – дейді қорғаушы.
Jas Alash тілшісі облыстық әкімдікке де хабарласты. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұргүл Сейітқалидің айтуынша, облыс әкімдігі бұл істен хабардар екен.
«Қазіргі күнде іс қозғалды. Жүріп жатыр. Бұл оқиға жұмыс уақыттан тыс болғасын олар жеке азамат ретінде өздері жауап береді. Аудандық басшылардың қызметтік көлікті емханаға қандай мақсатта мініп барғаны және басқа істері тергеу барысында анықталады. Қазір нақты ештеңке айта алмаймын», – дейді ішкі саясат бөлімінің басшысы.
Аудандық шаруашылық бөлімінің қызына қоқан-лоқы жасады деп айыпталған Мәдихат Аманкелдиев те Қойшыбай Рсалин мен інісі ішімдік ішіп алып келгенін айтады. Ал қызбен екі арада дөрекі сөйлесіп немесе қоқан-лоқы көрсететіндей еш себеп болмаған. Керісінше, қыз-жігіт ретінде 3 айдан бері көңіл жарастырып жүрген.
«Маған өздері келді. Тоқтап, біздің көлікке келді де есікті ашып, «Сен бе Мади?» деді де, бірден ұра бастады. Мен қыздан ақша да, жер де сұрамағанмын. Бұл сөзді қызы емес, әкесі айтып отыр. Қаулыны да көрген шығарсыз. Ол жерде де ешқандай ақша немесе жер туралы жазылмаған. Қыздың маған деген ешқандай айтар өкпесі жоқ. Меніңше, ол әкесінің қысымы арқылы осылай істеп тұр», – дейді М.Аманкелдиев.
Рсалиндердің нұсқасы
Jas Alash тілшісі аудандық шаруашылық бөлімінің басшысымен де сөйлесті. Ол сол күнгі оқиғаның ағайынды Аманкелдиевтер айтқаннан мүлде басқа, тіпті қарама-қайшы нұсқасын айтып берді. Қ.Рсалиннің айтуынша, қызы мен Мәдихат ешқашан жұп болып жүрмеген. Тек жігіттің қызында көңілі болған. Қызы бірнеше рет Мәдихатқа көңілі жоқ екенін айтып, бетін қайтарған. Бұған дейін де Мәдихат қызды бірнеше рет қорқытқан. Жазда қолын көгертіпті. Бір рет түсте хабарласып, «сыртқа шық, әйтпесе үйіңе кіремін» деп қоқан-лоқы жасаған көрінеді.
«Содан кейін жігітке хабарласып: «Кімді басынасың. Осымен доғар. Сен қызымды танымайсың, қызым сені танымайды» дегенмін. Ол соған келісті. Енді осы күнге келейік. Әйелім 8 тамыз күні түнде қызыма хабарласқан. Қызым «келе жатырмын» деген. Бірақ біраздан соң телефонын көтермей қойған. Жарты сағаттан соң өзі анасына хабарласып: «Өткендегі жігіт тағы да тиісті. Менімен жүресің, болмаса 500 мың теңге бересің, әкең жер бөлімінің басшысы» деген жігіттің сөздерін айтыпты.
Сонымен жігітпен сөйлесуге бардым. Неге «сіз менің қызымды жайына қоймайсыз» деп жатқанда даусым қатты шыққан болу керек, жігіттің інісі Жайылхан мені таспен ұрды. Сол екі ортада видеоға түсіріп, полицияға хабарласып, өзінің қылмыстық әрекетін жасыруға тырысты. Содан ары қарай полиция келді. Мен арыз жаздым, олар да арыз жазды. Қызым да жазды. Оларға қарсы қылмыстық іс жүріп жатыр. Олар ұрып-соқты дейді, бірақ ешқандай дәлел жоқ. Себебі ұрған жоқпын. Осы тұрғанда жәбірленушімін. Мемлекеттік қызметтен кінәлі болсам шығарып жіберсе де күнімді көрем, ренжімеймін. Бірақ олар мені жәбірлеп отыр, қызыма тиісті. Онымен қоса, мені соққыға жықты», – дейді Қ.Рсалин.
Бұл іс бойынша облыстық полиция департаменті екі жақтың да арызы бар екенін айтады. Облыстық баспасөз хатшысының айтуынша, тек Қойшыбай Рсалиннің ғана емес, ағайынды Аманкелдиевтердің де арызы қабылданған.
«Іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Тергеуге байланысты басқа ештеңе айта алмаймын», – дейді Ерболат Сарқұлов.
Jas Alash тілшісі екі тараптың да соққыға жығылғаны туралы анықтаманы көрсетуді сұрады. Қойшыбай Рсалин «анықтама полицияда» деп жауап берді. Ал ағайынды Аманкелдиевтерге аудандық дәрігер анықтама бермепті. Ал аяғын басып кетіп, зардап шеккен Ерхат Аманкелдиевтің арызын полиция дәлелің жоқ деп қабылдамаған. Жайылхан Аманкелдиев өздерін прокуратура да, полиция да тыңдамайтынын айтады. Алдағы уақытта сотта да жеңіп шыға алмаймын ба деп алаңдайды. Ағайындылар аудандық құқық қорғау органдарынан қайран болмаса, халыққа, президентке видеоүндеу жолдамақ.
Айтпақшы, осы даудағы ең негізгі кейіпкерлердің бірі – қызға да хабарластық. Оқиғаның мән-жайын, М.Аманкелдиевпен қыз-жігіт болып жүрген не жүрмегенін сұрадық. Ол сұрақтарға жауап беруден бас тартты.
Тұрсынбек БАШАР