Хуторлықтардан кейін «Арнатовтықтар»: Жоғарғы сот топтық қылмысты қайта тергейді

Жезқазған қаласында Медет Исламның өліміне қатысты көпшіліктің наразылығын тудырған іс қайта қаралатын болды.
Жезқазған қаласында 35 жастағы Медет Исламның өліміне байланысты қылмыстық іс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Екі жыл бұрын ол қаланың қақ ортасындағы кафелердің бірінің жанында бірнеше адамның қатыгез шабуылына ұшырап, пышақталып көз жұмған. Марқұмның туыстарының айтуынша, оған 12 адам жабылған.
Дегенмен, іс сотқа жеткенде жауапқа тек бес адам тартылды. Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты солардың үшеуін ғана бас бостандығынан айырды.
Сотталушылардың ішінен Қайрат Заманғожин ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігі — «абайсызда кісі өлтіру» бойынша кінәлі деп танылып, 9 жылға сотталды. Ал Азамат Балтабай мен Рысбек Советке тек бұзақылық (ҚК 293-бап) бабы бойынша тиісінше екі жыл және екі жыл екі ай мерзім тағайындалды. Қалған екі айыпталушы сот залынан босатылды. Айта кетерлігі, Азамат Балтабай осы жылдың сәуір айында шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуы мүмкін еді.
Медет Исламның туыстары оның өліміне қатысты істі Талғардағы Шерзат Полаттың ісімен салыстырады. Екі оқиғада да ұқсастықтар көп. Мәселен, Талғарда орын алған жанжалға 15 адам қатысып, соның 11-і ұсталған, 9 адамға ресми түрде айып тағылған. Алайда кісі өлтіру бойынша тек бір адам ғана жауапқа тартылып жатыр. Екі жағдайда да жергілікті тұрғындар бұл қылмыстардың артында ұйымдасқан қылмыстық топтар тұр деп есептейді. Талғардағы күдіктілер «Хуторлықтар» атымен танымал болса, Жезқазғанда — «Арнатовтықтар» деп аталады. Марқұм Медет Исламның туыстарының айтуынша, Арнатовтықтар Жезқазған тұрғындарына қорқыныш ұялатып отыр.
Алайда ресми тергеу барысында Медет Исламның өліміне байланысты қылмыстық топтың аты аталмады. Сот үкімінде де, тергеу материалдарында да қылмыс топ болып немесе алдын ала сөз байласу арқылы жасалды деген баптар мүлде қолданылмаған.
Биыл наурыз айында марқұм Медет Исламның ағалары — Саят Ислам мен Қайсар Абдиғалел Алматыда арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, істің әділ тергелмегеніне назар аудартты. Олардың жанында жәбірленуші тараптың өкілі Инга Иманбай да болды.
Туыстарының айтуынша, оларда оқиға орнындағы бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар бар. Видеода бірнеше адамның Медетке жабылып, аяусыз ұрып-соғып, пышақтап, қансырап жатқан күйінде тастап кеткені анық көрінеді. Марқұмның жақындары бұл істі ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлімінің 7-тармағы — «алдын ала сөз байласып, топтасып кісі өлтіру» бойынша тергеу керек еді деп есептейді. Аталған бап бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Жәбірленуші тараптың дәлелдері мен шағымдарын ескерген Бас прокурор Берік Асылов Жоғарғы сотқа наразылық білдіріп, істі қайта қарауды талап етті. Оның пікірінше, сотталғандар жаралы адамға жәрдем бермей, оны әдейі өлімге қалдырған. Бұл әрекетті «қасақана ауыр дене жарақатын келтіріп, кісі өлтіру» ретінде қарастыруға болады.