«Хуторские» ұйымдасқан қылмыстық тобының жетекшісі деп танылған Хасан Қасымбаев ұсталды

Алматы облысының полиция департаменті Хасан Қасымбаевтың ұсталғанын растады.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарланғандай, 2 қарашада азамат К. ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2021 жылдың маусым айында жасалған азамат А.-ның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру және ұрлау фактісі бойынша күдікке ілінді.
«Қазіргі уақытта қылмыстардың барлық мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеуді қамтамасыз ету мақсатында іс материалдары бұлтартпау шарасын қолдану үшін сотқа жіберілді», - делінген хабарламада.
Тергеу барысы облыстық полиция департаментінің бақылауында. Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етілмейді.
Хасан Қасымбаевтың аты Талғардағы атышулы кісі өліміне байланысты шықты.
Естеріңізге сала кетейік, Талғарда 4 қазанға қараған түні 16 жастағы Шерзат Болаттың айуандықпен өлтірілген болатын. Қылмыс жасады деген күдікпен 11 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кісі өлтіруді тергеуді Қазақстанның Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қолға алды. Талғарға Ішкі істер министрлігінен бір топ жіберілді.
Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Азат ауылында Шерзат Болаттың отбасының үйі өртенді. Бас прокуратура үйді өртеп жіберген жауаптыларды табуға уәде берді.
Кейін желіде «Хутор бригадасының» басшысы атанған Хасан Қасымбаев мәлімдеме жасады. Ол Талғар тұрғындарының өзі туралы жазған желідегі пікірлерін жалған деп атады.
«Мені «Хуторские» ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі деп айыптайды, мен бұрын сотталмағанмын және қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанмын, заң алдында тазамын», - деді Хасан Қасымбаев.