Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 28 Желтоқсан 2025

Hyperloop. Болашаққа асыққан көлік

Hyperloop
Фото: ашық дереккөз

Ғылым мен техника дамыған сайын, адамзат болашаққа жаңа қадам жасап келеді. Қазір роботтар өндірісті автоматтандырып, жасанды интеллект күрделі есептерді шешіп, ғарыштық технологиялар бізді өзге ғаламшарларға жақындатып жатыр.

 Мұндай ғарыштық технологиялар, ең қызығы, көлік инженериясына да біртіндеп қадам басқанға ұқсайды. Әдетте, болашақ жайлы сөз қозғағанда, біз елестететін ұшатын көліктер мен көзді ашып-жұмғанша қалаған мекеніңе жылдам апаратын транспорт түрлері ендігі адам қиялындағы арман ғана емес. 2013 жылы SpaceX компаниясының негізін қалаушы Илон Маск Hyperloop деген жаңа транспорттың тұжырымдамасын жариялаған еді. Адамзат енді қалалар мен елдер арасындағы жүздеген, тіпті мыңдаған шақырымды ондаған минутта оңай еңсеретін капсулалардың дәуіріне қадам басқалы отыр. Сол кезде Маск бұл жүйенің сағатына 1 100 км-ға дейін жылдамдықпен жүруі мүмкін екенін атап өткен еді, бұл дәстүрлі жоғары жылдамдықты пойыздардан және қысқа қашықтықтағы әуе рейстерінен әлдеқайда жылдам десек болады.

Hyperloop – ХХ ғасырдың аяғынан бері көлік жүйесін түбегейлі өзгертуге бағытталған ең күрделі әрі даулы жобалардың бірі. Транспорттың басты мақсаты – адамдар мен жүктерді бұрын-сонды болмаған жылдамдықпен, қауіпсіз әрі экологиялық таза тәсілмен тасымалдау. Илон Маск бұл транспорт түрі дәстүрлі пойыз, ұшақ немесе автомобильмен бәсекелес болудан гөрі, олардың шектеулерін айналып өтетін жаңа көлік философиясын ойлап тапқанын жеткізген еді. Анығын айтсақ, Hyperloop аймақтардың арасын жалғастыратын тіреуіштермен жерге бекітілген құбыр секілді құрастырылған. Hyperloop жүйесінің негізінде вакуумға жақын қысымы бар ұзын құбыр жатыр. Осы құбырдың ішінде арнайы капсулалар қозғалады. Ауа кедергісі мейлінше аз болғандықтан, капсула қозғалыс кезінде үлкен кедергіге ұшырамайды. Дәстүрлі пойыздарда немесе ұшақтарда жылдамдық артқан сайын ауа қарсылығы еселеп өссе, ал Hyperloop бұл кедергіні түгел дерлік жоя алады. Соның нәтижесінде капсулалар сағатына 900-1 200 шақырымға дейін жолды оңай артқа тастамақ деген болжам бар. Бұл – қазіргі жолаушы ұшақтарының жылдамдығына жақын көрсеткіш, ал жерүсті көлігі үшін мүлде жаңа деңгей. Ең қарапайым мысалға жүгінейік. Қашықтығы 1 225 км-ді құрайтын Алматы мен Астана бағытындағы жолды ұшақ бір жарым сағатта жүріп өтсе, Hyperloop капсуласы бұл қашықтықты 30-40 минутта оңай еңсере алады. Оның үстіне, үйкеліс азайған сайын энергия шығыны да төмендейді деген тұжырым бар екенін есепке алсақ, Hyperloop күн немесе жел энергиясы арқылы өзін-өзі қамтамасыз ете алады-мыс. Дегенмен Hyperloop идеясы тек ғылыми фантастика күйінде қалды деу бекер, нақты инженерлік зерттеулер мен индустриялық эксперименттердің нәтижесінде бүгінде жобаның қаңқасы қалыптасып келеді. 2020 жылы Virgin Hyperloop компаниясы Невада шөлінде бұл транспортқа алғашқы сынақ тәжірибесін жүргізіп көрді. Нидерландта орналасқан European Hyperloop Center зертханасында 2025 жылы жүргізілген сынақтарда капсула 85 км/сағ жылдамдыққа жетіп, трассада берілген тапсырманы сәтті орындады. Шетелдік басылымдар Hyperloop жүйесінің негізінде қарапайым, бірақ инженерлік тұрғыдан күрделі идея тұрғанын айтады. Капсуланың қозғалысы магниттік левитация немесе ауа жастығы принципіне негізделуі мүмкін. Магниттік левитация кезінде капсула рельске тимей, магнит өрісінің әсерімен «қалқып» қозғалады. Бұл үйкелісті азайтып қана қоймай, техникалық тұрғыда транспорт тез арада тозып кете қоймайды. Жүздеген, тіпті мыңдаған жыл бойы сырын бермей жұмыс жасауы әбден мүмкін. Ал қозғалтқыш жүйесі ретінде көбіне сызықтық электр қозғалтқыштары қарастырылады. Олар капсуланы бірқалыпты алға жылжытып, жоғары жылдамдықта тұрақты қозғалысты қамтамасыз етеді. Мұндай технологиялар қазірдің өзінде маглев пойыздарында қолданылып жүр, бірақ Hyperloop оларды мүлде жаңа ортада, вакуум құбырының ішінде пайдалануды мақсат етіп отыр.

Енді мұның ұшақ пен кәдуілгі пойыздан қандай айырмашылығы бар дерсіз. Әдетте ұшақтар ауа райына тәуелді болатыны рас, әуежай инфрақұрылымы да мемлекет үшін тым күрделі әрі қымбатқа шығады, ал ұшу-қону кезінде экологияға айтарлықтай зиян келеді. Ал жоғары жылдамдықты пойыздар қауіпсіз болғанымен, олардың максимал жылдамдығы белгілі бір шектеулерге кеп тіреледі. Hyperloop осы екі жүйенің арасындағы олқылықты толтыруға тырысады. Яки әуежайда бірнеше сағаттап күтпей-ақ бір қаладан екінші қалаға оңай жетіп аласың. Классикалық көлік түрлері энергияны қозғалыс кезінде үздіксіз тұтынады, ал Hyperloop жүйесінде энергияны сақтау мен қайта пайдалану идеясы басым. Капсуланың баяулауы кезінде пайда болатын энергияны басқа қозғалыс кезінде қайтадан жүйеге бере алу, түтік бойындағы күн панельдері арқылы инфрақұрылымның өзін-өзі қамтамасыз етуі – адамзаттың энергетикалық еркіндікке, мемлекеттердің экономикалық тәуелсіздікке ұмтылысы іспетті. Hyperloop-тың адамзат игілігіне нақты, жаппай қолжетімді технология ретінде қашан айналатыны – бүгінгі күннің ең күрделі сұрақтарының бірі. Бұл жерде нақты бір жылды немесе онжылдықты дәл атап айту қиын. Әлемнің әртүрлі аймақтарында сынақ трассалары салынды, қысқа қашықтықта капсулалар жүргізілді, вакуум жүйелері, магниттік левитация элементтері тексеріліп жатқаны рас. Дегенмен бұл сынақтардың барлығы бірнеше жүз метр немесе бірнеше шақырыммен ғана шектеліп тұр. Толық масштабтағы, жүздеген шақырымға созылатын коммерциялық желі әлі бірде-бір елде іске қосылған жоқ.

Сарапшылардың басым бөлігі Hyperloop 2030 жылдардың ортасына қарай қолданысқа берілуі мүмкін екенін айтады. Бірақ алғашқы жылдары жолаушы тасымалы емес, жүк логистикасы іске асуы ықтимал. Порттар, индустриялық аймақтар немесе логистикалық хабтар арасындағы қысқа бағыттарда Hyperloop технологиясын пайдалану – адамзаттың бұл жүйеге алғашқы қадамы болмақ. Жоғары жылдамдықта, тұрақты кестемен жүретін капсулалар арқылы қымбат әрі тез жеткізуді қажет ететін жүктерді тасымалдау жаңа деңгейге көтерілетіні анық. Бұл әсіресе медициналық жабдықтар, электроника және шұғыл логистиканы талап ететін салалар үшін маңызды. Ал жолаушыларға арналған Hyperloop желісіне әзірге техникалық дайындық жеткіліксіз. Әлі де мемлекетаралық стандарттар, қауіпсіздік регламенттері, сақтандыру жүйелері, заңнамалық база қалыптасуы тиіс. Авиацияның өзі ондаған жыл бойы апаттар, сынақтар және қателіктер арқылы бүгінгі деңгейге жеткенін ескерсек, Hyperloop-тың да осындай ұзақ эволюциядан өтуі заңды да. Осы тұрғыдан алғанда, 2040-2050 жылдар аралығында жолаушыларға арналған Hyperloop-тың алғашқы тұрақты бағыттары іске қосылуы әбден мүмкін. Алайда бұл мерзімдер технологияның өзінен бөлек, әлемдік контекстке де тәуелді екенін ескергеніміз жөн. Геосаяси тұрақсыздық, экономикалық дағдарыстар, энергия нарығындағы өзгерістер ірі инфрақұрылымдық жобалардың кейінге шегерілуіне немесе мүлде тоқтауына әкеліп соғуы мүмкін. Соңғы жылдары Hyperloop-тың климаттық жағдайларға бейімделуі туралы да тың зерттеулер пайда болып жатыр. Бұрын бұл жүйе көбіне жазық, тұрақты климаты бар аймақтарға ғана лайық деп есептелсе, қазір шөлді, таулы, тіпті арктикалық өңірлерге де бейімделе алатыны айтылып жүр. Герметикалық түтік сыртқы ауа райынан толық оқшауланғандықтан, қар, боран, аптап ыстық немесе құмды дауыл қозғалысқа тікелей әсер етпейді. Hyperloop-тың тағы бір маңызды ерекшелігі – энергия тиімділігі. Жүйе негізінен электр энергиясына сүйенеді, ал түтіктің үстіне орнатылған күн панельдері арқылы өзін-өзі ішінара немесе толық қамтамасыз ету мүмкіндігі қарастырылады. Бұл оны көмірқышқыл газының бөлінуі тұрғысынан әлдеқайда экологиялық таза көлікке айналдырады. Ұшақтармен салыстырғанда жанармайға тәуелділік азаяды, ал автомобиль көлігімен салыстырғанда бір жолаушыға шаққандағы энергия шығыны айтарлықтай төмен болмақ. Осы тұрғыдан Hyperloop климаттың өзгеруі мәселесіне жауап беретін балама шешімдердің бірі ретінде қарастырылмақ.

Дегенмен бұл жүйенің тек пайдасы зор деп лепіруге де келмес. Hyperloop-ты болашақтың бұлжымас шындығы деп қабылдау да әлі ерте. Экономикалық тұрғыдан да Hyperloop – қымбат жоба. Жүздеген шақырымға созылатын капсулаларды салу, оларды тұрақты бақылауда ұстау, қауіпсіздік жүйелерін қамтамасыз ету орасан зор инвестицияны талап етеді. Кейбір сарапшылар Hyperloop-тың бір шақырымдық құны қатардағы жоғары жылдамдықты теміржолдан бірнеше есе қымбат болуы мүмкін екенін айтады. Осы себепті көптеген елдер бұл технологияны әзірге тәжірибе ретінде ғана сынап көріп отыр. Егер Hyperloop әлеуметтік әділеттілік, экологиялық жауапкершілік және адамға бағытталған саясатпен қатар дамымаса, ол прогрестің емес, жаңа тәуелділіктер мен теңсіздіктердің құралына айналуы мүмкін. Сондықтан Hyperloop-ты болашақтың абсолютті игілігі ретінде емес, қатаң қоғамдық талқылауды қажет ететін даулы эксперимент ретінде қабылдау – ең саналы ұстаным дер едік. Себебі де түсінікті. Орасан зор инвестиция талап ететін инфрақұрылым мемлекет бюджетіне салмақ салуы мүмкін. Егер жоба күткен нәтижені бермесе немесе толық коммерциялық деңгейге жете алмаса, бұл қаржы білім беру, денсаулық сақтау, базалық көлік жүйелері сияқты әлеуметтік маңызы жоғары салалардан бөлінген қаражат есебінен жабылуы ықтимал екенін ұмытпаған абзал. Әсіресе біз секілді ұшақ пен пойыз транспорты дұрыс жолға қойылмаған елдерге Hyperloop саламыз деген мақсат бос әуре, бекер тыраштану секілді сезіліп қалады. Соған қарамастан, жалпы әлемде Hyperloop идеясы толықтай тоқтап қалмасы анық. Әлемнің әр түкпірінде түрлі компаниялар мен зерттеу орталықтары прототиптер жасап, қысқа қашықтықта сынақ жүргізіп жатыр. Кейбір жобалар жүк тасымалына басымдық беруді ұсынуда, себебі жүк логистикасында қауіпсіздік талаптары жолаушы тасымалына қарағанда біршама икемдірек. Егер бұл технология толық іске асқан жағдайда үлкен мегаполистер арасындағы қашықтық ұғымы өзгереді. Адамдар бір қалада тұрып, екіншісінде жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады деген сөз. Hyperloop идеясына тек техникалық жаңалық ретінде емес, өркениеттің қозғалыс логикасын қайта құру талпынысы ретінде қарауға болады. Hyperloop осы қайшылықты шешудің бір нұсқасын ұсынбақ. Бұл жүйенің әлеуеті әсіресе урбанистика тұрғысынан да қызық. Егер Hyperloop кеңінен қолданысқа енсе, мегаполистердің шамадан тыс шоғырлану мәселесі әлсіреуі мүмкін. Қазір адамдар жұмыс пен мүмкіндік көп болғандықтан ірі қалаларға ағылуға мәжбүр. Ал Hyperloop қалалар арасындағы уақыт айырмасын қысқартса, шағын және орта қалаларда тұрып, ірі орталықтарға қатынап жұмыс істеу қалыпты құбылысқа айналуы ықтимал. Мұндай өзгеріс тұрғын үй бағасына, экологиялық жүктемеге және әлеуметтік теңсіздікке де әсер етеді. Яғни, Hyperloop көлік мәселесін шешу арқылы кең ауқымды әлеуметтік процестерге ықпал етуі әбден мүмкін.

Қалай десек те, адамзат уақытты үнемдеуге, кеңістікті игеруге ұмтылған сайын мұндай идеялардың пайда болуы заңды. Қазір Hyperloop толық жүзеге асқан жоба болмаса да, оның төңірегіндегі ойлар, талқылаулар мен сынақтар көлік эволюциясының жаңа бағытын айқындап жатқан сияқты. Бұл технология іске аса ма, әлде басқа формада көрініс таба ма – ол уақыттың еншісіндегі сұрақ. Бірақ Hyperloop идеясы адамзаттың мүмкін емес көрінген шекараларды игеруге әбден дайын екенін қайта-қайта есімізге салып жатыр. Егер инженерлік, экономикалық және әлеуметтік кедергілер еңсерілсе, Hyperloop болашақта жерүсті көлігінің жаңа стандартына айналып, ХХІ ғасырдың ең ірі технологиялық серпілістерінің бірі ретінде тарихта қалуы әбден мүмкін.

Ақгүлім Ерболқызы

Тегтер: