IBA туы астындағы соңғы турнир
Биыл 29 қараша мен 11 желтоқсан аралығында Тайландтың Чианг Мэй қаласында әуесқой бокстан Азия чемпионаты өтеді. Боксшыларымыз біз үшін аса сәтсіз болған Париж Олимпиадасынан кейінгі алғашқы ірі халықаралық турнирге қатысқалы отыр.
Олимпиададан кейін Қазақстан бокс федерациясы жанкүйер сынынан сабақ алып, құрамаға «реформа» жасауға кіріскен. Вице-президент пен бас бапкер Мырзағали Айтжанов бастаған мамандарды отставкаға жіберді. Айтжановтың орнына бұған дейін де құраманы жаттықтырған Қайрат Сәтжанов келді. Жаттықтырушылар алқасына бірнеше шетелдік маманды қосты. Бұл өзгерістер қазақ боксына қандай пайда бергенін анықтайтын алғашқы сынақ – осы Азия біріншілігі болмақ.
Сондай-ақ қарашаның басында ҚБФ Халықаралық Олимпиада комитетінің кәріне ұшырап, бар беделінен айырылған Халықаралық әуесқой бокс ассоциациясы (IBA) құрамынан шығып, жаңадан құрылған World Boxing ұйымының мүшесі атанған. Бірақ Чианг Мэйдегі Азия чемпионаты IBA туы астында өтеді. Бұл біздің құраманың аталған ұйымдағы соңғы турнирі болатын шығар.
Әуелгі жоспар бойынша Азия біріншілігі Иордания астанасы Амманда өтуі тиіс еді. Алайда өңірдегі қауіпсіздік мәселесі ескеріліп, чемпионат Тайландқа ауыстырылды. Тайланд Корольдігі 1963 жылдан бері Азия чемпионатын 9-мәрте қабылдап отыр. Турнирдің тағы бір ерекшелігі – сары құрлық додасына алғаш рет Украина боксшылары қатысады.
Құрлық біріншілігіне кімдер барады?
Тайланд төрінде ерлер – 13, қыздар – 12 салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Қазақстан ерлер құрамасының бапкері Сәтжанов пен қыздар жаттықтырушысы Елдос Сайдалин Оңтүстік Азияға мына боксшыларды ертіп кетті.
Ерлер:
48 келі. Санжар Тәшкенбай
51 келі. Сәкен Бибосынов
54 келі. Махмұд Сабырхан
57 келі. Оразбек Асылқұлов
60 келі. Бейбарыс Жексен
63,5 келі. Мұхаммедсабыр Базарбайұлы
67 келі. Дулат Бекбауов
71 келі. Абылайхан Жүсіпов
75 келі. Диас Молжігітов
80 келі. Ерасыл Жақпеков
86 келі. Бекзат Нұрдәулетов
92 келі. Сағындық Тоғамбай
+92 келі. Айбек Оралбай.
Қыздар:
48 келі. Әйгерім Сәттібаева
50 келі. Алуа Балқыбекова
52 келі. Жазира Орақбаева
54 келі. Сымбат Әлиасқар
57 келі. Ұлжан Сәрсенбек
60 келі. Виктория Графеева
63 келі. Аида Әбікеева
66 келі. Милана Сафронова
70 келі. Наталья Богданова
75 келі. Диана Мағауияева
81 келі. Гүлсая Ержан
+81 келі. Елдана Талипова.
Биылғы Азия чемпионатына өте аз боксшы қатысып жатыр. Ерлер бәсекесінде небәрі 117 спортшы бақ сынайды. Мысалы, ерлер арасындағы 86, 92, +92 келіде – 5 боксшы, ал қыздар арасындағы 70 келіде – 4, 81 және +81 келіде – 3 боксшы ғана өнер көрсетеді. Соның арқасында қазақстандық 6 боксшы рингке шықпай жатып, жүлдегер атанды.
Чемпионат басталғаннан бері 3 күн өтті. Ерлер құрамасы сапынан 3 спортшымыз шаршы алаңға шығып, жеңіске жетті. Атап айтқанда, 67 келіде әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов 1/8 финалда жергілікті боксшы Джиа-Джун Чиуан Вангты 5:0 есебімен оңай ұтты. Ал Оразбек Асылқұлов (57 келі) малайзиялық Мохамад Зүльхайнды мерзімінен бұрын жеңсе, Бибарыс Жексен (60 келі) Өзбекстан өкілі Дилшод Абдумуродовтан басым түсті. Үшеуі де ширек финалға жолдама алды.
Ал 2 желтоқсанда Алуа Балқыбекова (50 келі) мен Ұлжан Сәрсенбек (57 келі) алғашқы жекпе-жегін өткізді деп жоспарланған. Бірақ Алуа сырқаттанып қалғандықтан рингке шыққан жоқ. Ал Ұлжан 1/8 финалда Украина спортшысы Карина Вовкты жарыс жолынан шығарды.
Турнирден қандай нәтиже күтеміз?
Бұл турнирге Қазақстан құрамасы бірінші нөмірлі боксшыларын алып барды. Биыл Олимпиадаға қатысқан жігіттердің ішінде Нұрбек Оралбай, Асланбек Шымбергенов және Қамшыбек Қоңқабаев ғана елде қалды. Сондай-ақ кәсіпқой боксқа ауысқан бірнеше боксшы қатарға қайта оралды.
Құрама бапкерлері Азия чемпионатына баратын боксшыларды биыл 29 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Шымкентте өткен Кеңес одағының батыры Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған халықаралық турнир нәтижесіне қарап анықтайтынын айтқан. Қатысқан спортшылар саны бойынша аталған турнир Тайландтағы құрлық біріншілігінен ауқымды болды. Өйткені Шымкентте 6 елден келген 144 боксшы бақ сынаған.
48 келі. Шымкентте бұл салмақта ардагер боксшы Теміртас Жүсіпов топ жарған. Бірақ Тайландқа Санжар Тәшкенбай барады. Жаттықтырушылар 36 жастағы Жүсіповке емес, 21 жастағы әлем чемпионына сенім артып отыр.
51 келі. Сәкен Бибосынов бұрынғы салмағына оралды. 54 келі оның қолайына жаққан жоқ. Шымкенттегі іріктеу турнирінде Нұрсұлтан Алтынбекке есе жіберді. Ал 51 келіде әлем чемпионы атанған. Енді өзіне үйреншікті салмақта Азияның үздігі атануға тырысады.
54 келі. Сәкен төмен сырғыған соң Махмұд Сабырхан да өз салмағына оралды. 57 келі оның дене тұрқына сай келмейді деген сын көптен бері айтылып жүр. Париждегі сәтсіздікке де салмағын кінәлайтындар бар. Ол Шымкенттегі турнирде 57 келіде Оразбек Асылқұлов есе жіберіп, күміс медаль алды.
57 келі. Мамандар Асылқұловты бұл салмақта Махмұдтан мықты деп санайды. Ол мұны Қарақозы Әбдәлиевті еске алу турнирінде дәлелдеді де. Енді Азия біріншілігінде үздік шықса, осы салмақтың көшбасшысы атануға мүмкіндігі мол.
60 келі. 2019 жылы жастар арасында Азия чемпионы атанған Бейбарыс Жексен Шымкентте Серік Теміржановты жеңді. Енді ересектер арасында сол жетістігін қайталауға тырысады.
63,5 келі. Парижде тәуір өнер көрсетіп, ширек финалға дейін жеткен Мұхаммедсабыр Базарбайұлы Шымкентте 67 келіде топ жарған. Бірақ құрлық біріншілігінде өзіне үйреншікті салмақта бақ сынайды.
67 келі. Бұл – құрамадағы бәсекелестік біршама төмен салмақтардың бірі. Бұл салмақта елде Дулат Бекбауовтан үздік боксшы аз.
71 келі. Қазір «қазақтың салмағы» атанған 69 келі жоқ. 71 келіде бұған дейін Асланбек Шымбергенов жақсы өнер көрсетті, Азия және әлем чемпионы атанды. Тек Парижде жолы болмады. Енді кәсіпқой боксқа ауысып, Америка асқан Абылайхан Жүсіпов қайта оралып отыр.
75 келі. Бұл да Олимпиада бағдарламасынан сызылған салмақ. Мұнда қазір Әбілхан Аманқұл, Тұрсынбай Құлахмет сияқты сұрапылдар жоқ. Бәсекелестік жоғары емес. Диас Молжігітов Шымкенттегі турнирде жеңімпаз атанып, Азия чемпионатына баруға мүмкіндік алды.
80 келі. Бұл салмақтың көшбасшысы, Олимпадада жүлде алған жалғыз ер боксшы Нұрбек Оралбай демалыста. Ерасыл Жақпеков Шымкенттегі турнирде топ жарып, жолдамаға ие болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын 81 келіде керемет мықты спортшылар болған. Бек Нұрмағанбет Азия біріншілігінде, Бекзат Нұрдәулетов әлем чемпионатында алтын алды. Кейін екеуі де кәсіпқойға ауысып, салмақта бәсекелестік сәл бәсеңдеді.
86 келі. Бекзат Нұрдәулетов те қайта айналып, үйірін тапты. Кәсіпқой бокстағы бірнеше жеңісті жекпе-жек өткізді, енді әуесқойлар арасында өз мықтылығын қайта дәлелдеуі қажет. Тайландта соның орайы келіп тұр.
92 келі. Бұл салмақта көптен бері Айбек Оралбай өнер көрсетіп жүрген. Жасөспірімдер арасында Олимпиада чемпионы, ересектер арасында Азия чемпионы атанды. Тайландта Сағындық Тоғамбай бақ сынайды, ол жолдаманы Шымкенттегі турнирде жеңіп алды.
+92 келі. Ең ауыр салмақта Айбек Оралбай жанкүйер сенімін ақтауға тырысады. Ол Шымкенттегі турнирде осы салмақта алтын медаль алған. Бұл салмақтың сөзсіз көшбасшысы – Қамшыбек Қоңқабаев болатын. Бірақ Парижде сәтсіз өнер көрсетті. Оның үстіне өзбек алыбы Баһадүр Жалоловпен бәсекеде сөзсіз есе жіберіп, бірде-бір ірі халықаралық турнирде топ жара алмады. Аса ауыр салмақта жаңа боксшыларға үміт артатын кез келген сияқты.
Бокстан Қазақстан құрамасының басты бәсекелесі, Париждегі Олимпиада ойындарында осы спорт түрінен сарапқа салынған 7 алтынның бесеуін алған Өзбекстан құрамасы Тайландқа қосалқы құраммен барады. Команданың басым бөлігі жастардан құралған. Бірде-бір Олимпиада чемпионы Азия біріншілігіне бармайды. Яғни осы жолы Қазақстан ерлер құрамасы командалық есепте бірінші орын алуға міндетті.
Тайландтағы Азия чемпионатының жалпы жүлде қоры – 500 000 АҚШ доллары ғана. Алтын медаль иегері – 8 000 доллар, күміс жүлдегер – 4 000 доллар, ал қола жүлдегер – 2 000 доллар алады. Сондай-ақ ширек финалға шыққан боксшыларға 1 000 доллардан сыйақы беріледі.
Бұл IBA-ның бұған дейінгі турнирлеріндегі гонорардан әлдеқайда төмен. Мысалы, 2023 жылы Өзбекстанда өткен әлем чемпионатында IBA чемпионға – 200 мың, күміс жүлдегерге – 100 мың, қола медаль иегеріне – 50 мың доллар сыйақы берген. Бұл да ресейлік Умар Кремлёв басқаратын ұйымның қауқары қаша бастағанын аңғартуы мүмкін.
Қуаныш Қаппас