Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:48, 31 Тамыз 2021

Ибраһим

None
None

Аға сұлтан Құнанбай мырза Құдайдың бұйрығымен, әлде өз жүрек қалауымен болар, балаларына пайғамбар атын берді.

Ибрахим (Ыбырай) Абай, Ысқақ, Оспан. Осы бір оң тілеуде ел үшін құдайдан бір пайғамбар келмесе де, қазақ жұрты үшін бір ұлы данышпан дүниеге келді. Жаратқанға мың тәубе!

Театр мен көрерменге Абай поэзиясынан гөрі жеке бастың ауыр тағдыры қымбат. Әр кезең әр тағдыр. Мағыналы ой мен сөзден құралған іс-әрекет алаңы қашаннан сахна көрінісі. Әр кейіпкер өз мінезімен, әрқилы түр ісімен қызықты. Кер асқақтың керін келтірген Оразбай, Күнту, Дүйсен сияқты өмір кейіпкерлерінің күштері керек. Абайды биікке көтерген, танытқан да осылар. Ой мен әрекеттің динамикасын көтеретін, дүрілдететін де осылар. Қойылым барысында Абаймен қатар тұрған осылардың бейнесі де  қымбат. Онсыз пьесаға (қойылымға) жол жоқ. Драматургия тәсілі де осында. Әсіресе Абай өмірінің соңғы соққысы. Жыл сайынғы бала өлімі, бір жылда келген бірнеше қаза, алды-артын ораған қайғы-дерт, жаза сынағы. Образ үшін нағыз қасірет те осында. Абай тақырыбы театр өнері үшін ойға ой қосып, санаға салмақ салар драматургия заңдылығына негізделген «нақты» қойылымда. Ойлы көрерменге Абай қойылымы көп ойыннан қалған бір «ойын» емес.

Бүгінде Мұхаң жазған «Абайдың» кейбір жетпей жатқан жері болса, оның обал-сауабы өткен қоғамнан. Ашық ой, өткір сөзге ауыз аштырмаған соцреализм. Осы жерде бір ескерер жайт, Мұхаңның Абайды өз алдына өз шындығын, нақты сахналық үлгіде пьеса етіп жазбауында да үлкен сыр бар. Дәл бүгін біз қалағандай жазса жаңылдыратын жазаға кесетін, қырағы көз биліктің қара күші өз үкімі қашаннан дайын. Неше жерден әулие болсаң да, о заманда Абайдың нақты тарихи бейнесін жазу, театр сахнасында көрсету ол кезде мүмкін емес. Ұтудың жалғыз тиімді жолы «Абай жолы» романының негізінде Л.Соболевпен бірігіп орыс достығы аясында нұсқалау. Социализмнің солақай сол жүрісінде Мұхаң құрған шахмат тақтасындағы ат жүрісі осылай ұтты. Уақыттан ұтылса да, ой мен сөзден ұтылмаудың ұлы жолы осылай басталған. Тактика. Тапты. Озды. Ұтты.

Әдебиет әлеміне аяқ басқан алғашқы еңбегі Әйгерімнің ақ отауы Жидебайдан бастау алған 1917 жылғы «Еңлік Кебек» болса, Абай жолын «Абай» қойылымымен 1940 жылы астанамыз Алматы сахнасынан бастады. Бір Абайға екі жаза, бір қоғам. Абайдың өз басы толық ақталып кітап боп шықпай тұрғанда бұл әрекет өте қауіпті еді. Сонда да болса Мұхаң өзі бастап ел алды көрерменге жол ашты. Өзі кеңесші, өзі автор әрі режиссер. Тәжірибесіз әлі сынға да ілікпеген жас маман режиссер Асекең (Тоқпанов) бастап, Қалибек Қуанышбаевтай тұлғалы актерлардың шеберлігінде жеңіске жетті, ұтты. Абай бейнесіндегі «образ үлгісі» өнерсүйер қауымға осылай келді. Театр өнері үшін де алғашқы ұлы табыс Абай бейнесінде осылай туған. Бұл өткен тарих. Одан кейінде 1952 жылы Шәкен Айманов, 1962 жылы Әзербайжан Мәмбетов қойған қойлымдар да өз табысымен  дүние есігін ашты. Бұл да сол заманның бір елеулі құнды тарихы.

Өткенге оралғанда айтар бір үзік ой осы болса, бүгінгіге айтар жазарымыз, Абай бейнесіндегі ҚР еңбегі сіңірген қайраткері, театр, кино өнерінің белді актері  Болат Әбділмановтың Абайы. Ол Абай қай Абай? Өксік-күйікпен жалғыздықтың жан жарасы жалғыздықта, қорлықтың азабында өткен «жалғыз» Абай. Абайдың да бар жасаған жасы 59 жас. Абай жалғыз – ұлт жалғыз. Абайдың жалғыздығы бүтіндей бір ұлттың «жан жара» жалғыздығы десекте, Абай да адам, пенде, өз жалғыздығы өзіне. Осы екі жалғыздықтың қосындысымен бүтіндігін пайымдағанда ғана Абай данышпандығы айқындалады.

Болатта Абай бейнесін өз бітім-болмысында 60 жасқа қарай аяқ басқанда биіктетті, өсірді. Оған өнерсүйер қауым мен бар көрермен  куә десек, артық айтқандық емес. Өнер үшін Абай қасіретін сахна шындығында таба білу, табыстыра білу, тек таланттың табысы. Болат толғаған «қара сөздер» Абай бейнесі, актердың өз жеке таным талабынан жаралған жаратылысы және өшпес талант табысы. Өнер атаулыдағы талант табысын біреу бар деп, енді бірі жоқ деп жатса ол сондайлық қайғырар іс емес. Әркімнің әр дәрежедегі айтарымен талғам сыны, көпшіліктің өз білім білгендігіне сай айтылған ойлар. Білгенге бұл жеңістің жемісі. Талант деген – жалғыздық. Талант дегеніміз де дүние жаралғалы бері көре алмау мен сөз қылудан, тонаудан тұратынын ұмытпайық. Талант жолы тасқия, «соқтықпалы соқпақты жерде» өсіп, өнер жолында құрбан болуы да бір міндет. Бұл – Абай жолы. Актер үшін Абай болу, Абайдай торығу, талану, көре алмау, өсек сөздің құрбаны болу – өнердің бірден-бір басты шарты. Абай жолы қандай десек, дәл осылай. Бұл Абай өткен өмірдің өз жолы. Өнер адамы үшін өнердің осындай жолдардан құрылатынын білгенде жақсы. Шыңдаласың өсесің. Өнер жолында ең бір таптырмас басты жетістік те осында. Абай жолы – Мұхаң жолы, алаштар жолы. Олар да осы бағыттың осы қасіретінде өткен. Бұл таным тәсілім білгенге, кейінірек келетін «қартайып қайғы ойлап, арман ұлғайтқанда» өз басыңа келер Абай сағынышы болары және анық. Бұл да өнер адамы үшін актер үшін, өнердің дәмі кетпес әдемі сыбағасы. Абайды қойып айналасындағыларды да ойнамай, ойнай алмай жүргендер қаншама...

Болат бейнелеген Абай рөлі, Абай келбеті ел есіне алдымен мүсінші Наурызбай Хәкімжанов сомдаған Абай ескерткіші бейнесімен келеді. Бүгінгі Болатты гримсіз, қолына кітап ұстатып, шапан-тақияда осы ескерткіштің қасына тұрғызсаң, бірі ескерткіш, бірі тірі Абайдың өзі екеніне еш артық күмән келтірмейсің. Көрермен үшін өнер үшін тарихи кейіпкер ұқсастығы, ең басты табыс осы дәлдікте екенін ұмытпайық. Бұ да құдайдың талант үшін әркімге бұйыра бермейтін бір бұйрығы. Болаттың бір ұтысының жемісі де осында. Бұл ұқсастықты түр-келбет бойы жағынан десек те, ендігі үлкен ұқсастық Абай мінезіндей «өз мінезі».

Азда болса осыған бір талдау. Оқырман қауым білетін Абай мінезі Мұхтар суреттеген «Абай жолы» романындағы көркем кейіптегі Абай. Жалпы, романдағы Абай бейнесі «жағымды кейіпкер» десек, кейінгі Мұхаңның өз қалауымен, арнайы түрде жаздырған Тұрағұл, Кәкітай бастаған (басқа да көз көргендер) сипаттамасындағы Абай мінезі басқадай. Енді солар айтып жазған Абайдың өз болмыс өз мінезіне келейік. «Көзі өткір, бір сөзбен ойдан қайтпайтын қайсарлығы, өзін алдағанды аямайтындығы. Берген  уәдені орындамағанды қасынан қуып, екі сөйлегенді жазалауы. Жылаған баламен ұрлық қылғанды тыю да бір мінезі. Жақсыға құмартып қалап алып артынан айнуы. Кей-кейде ұсақ түйекке өкпелеп, кім бірінші сөз айтса соған сеніп, артынан «қап ұруы» да сол өмірдегі Абайдың өз төл мінезі». Содан сенер дос та таппады. Бүгінгі уақыт талабына орай театрға керек образ Абайдың осы мінезі.

Абай – мінездің адамы. Абайда мінез болмаса, атқа мініп, болыс болып, жігітектің «менмін» деген біраз марқасқаларын итжеккенге айдатып, Оспандай тірегі дүниеден өткен соң бас жарылып, өз тапқан жауларынан өзі таяқ жемес еді. Одан да басқасы, жер мен мал билік үшін сотталуы да сол мінездің бір кеселі. Мінезсіз адам адам емес. Абай өз ортасында қашанда асқақ жүрді, биікте отырды. Асқақтатқан мінезі биіктеткен білімі. Ойсыратқан көп тобырмен надандықтан туған қараңғылықтың жазылмас кеселі. Бұл ойдың анықтамасы дүниеден баз кешіп, әбден қажып, өзін-өзі кінәлаған.

Абай да адам. Пенде. Бүгінгі сахнаға Абайдың өз мінезі керек. Ол мінез осы мінез. Тек бір ескерер жайт, кейбір білімсіз, тәжірибесіз актермен режиссорлардың «экспериментшіл» сорының соры болмаса болғаны. Егер Болат бейнесіндегі Абайды көрер саналы көз болса, ол осы. Өткір көз, ашынған мінез, өктем үн. Болаттың бойында Абайға сай өмірдегі өзінің ашық мінезі тұр. Ол Абайдың өмірдегі өз табиғи мінезі. Өмірдегі «өнер  ақиқатын» сезем десең, көрерменге де керегі осы, өнердің өз «реализмі». Айнала орта надан топ Абайды қалай аямаса, Абай да аянбады. Соңы сол өзі жырлаған ауыр жол, өсек-аяң, көреалмаушылықтан туған қайғы-қасіреттің қара сыбағасы.

Өнердегі сынның бір мықты анықтамасы, әр суреткерді салыстырмалы түрде анықтау. Осы тұрғыдан алғанда Болат бейнелеген Абай бейнесі басқалардан бір бас биік тұр. Ол өнер жолындағы Абайдан өзіне бұйырған, өзінен Абай бейнесіне ауысқан өз табиғи мінезі. Тағы да айтамыз, Абай –мінездің адамы. Абай басқалар «ойнап» жүргендей жуас, жасық, шешімі жоқ бір тоға, жаттанды сөз қуып, өтірік күңіреніп, ой салғансып, бет-бейнесі келіспейтін рөльдердің жиынтығы емес. Реті келсе өң-түрі келіспейтін актерлердің өз-өзін күлкіге ұшыратпағаны ләзім. Бұл көрерменнің ұсыныс талғамынан туған ой деп біліңіз.

Абай бейнесі ең алғаш тарих қойнауынан, мүсінші Наурызбай Хәкімжановтай таланттың сомдауында жасалғанын тағы да ұмытпайық. Бұл ұлы Мұхаңның көзі тірісінде өзі мойындаған тарихи тұлға, өң-бейне келбеті. Ең алғаш Абай бейнесінде сахнаға шыққан Қалибек Қуанышбаев та ел мен көрерменді осы бейне түр-келбет ұқсастығымен мойындатқан. Қаллекейден кейін бұл тұрғыда түр-нұсқа, келісті келбет мінез үнімен, жарасымды жолын тапқан Болат болар. Кешегі өткен тұлғалы көрікті бейнелі бетті, кең дауысты қоңыр үнді актерлер Нұрмұхан Жантөрин, Әнуар Молдабековтей мықтылардың орнын толтырып ойсыратпаған, бірден-бір зор дауыс, жағымды үн, бой келбетті Болаттың орны да  бөлек. Осы жерде тағы бір ерекше ескертіп айтарымыз, «өнерге әркімнің-ақ бар таласы» деген ескі сөздің есебі емес, жаңа заманның өміршеңдігін анықтар, «өнерде тек өнерлінің ғана таласы бар» деген әділетті асыл ұғым. 

Көрермен  тұрғысынан алғанда Болат бейнелеген Абай бейнесі – образ. Образ дегеніміз – табиғат берген ұлылықтың жан-жақты сұрыпталған ең асыл формасы. Сахнада – образ бейне, қойылымда қайталанбас ерекше туынды, музыкада ғажап әуен, мүсіншіде бейне, романда жазушылық, поэзияда ақын тудырған суреткерлік өнер ғана қайталанбас бейнелердің «образы» болары анық. Бүгінде ел көріп мойындаған Абай образы, осы Болаттың еншісінде. Ал көре алмаудан туған сөзбен қызғаныш талант мойындамау, ежелден елге аян қызғаныштың ежелгі түрі. Бұл өмірдің өз көрінісі. Өнер басқа.

Жалпы, алдыңғы өткен өнер қайраткерлерімен бірге театр атын жамылып малданғаннан, бүгінгі ұрпаққа ғайыптан өнер тумайды. «Бағаласаң, талантты тірісінде бағала» деген Қадыр ақын. Кейде сахна көтере бермейтін көп сөз, ауыр ойды желпіндіріп отыратын, актердің шалт қимыл, адуын мінезі де керек. Бұл әрекет сахна әрекеті. Мұндай мінездің талайын жетілдірген, Болаттай сындарлы тәжірибелі актердің өз сыбағасында, талай бейнелер бейнеленген. Оған дәлел, Абайдан басқа да театр кинода көптің аузында ел есінде жүрген өз рөльдері. Режиссер Сламбек Тәуекел түсірген «Жерұйық» фильміндегі Орынбай рөлі 2001 жылы «Ең үздік актер» ретінде бағаланса, 2002 жылғы Әзербайжан Мәмбетов сахналаған «Абай» қойылымындағы Абай бейнесі театр саласы бойынша республика көлемінде «Ең үздік актер» дәрежесіне жеткізді.  Мемлекет атынан «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұл ақ-адал еңбектің өз толағай табысы.

Ағалар бастаған жолмен, бүгінгі ұрпақтың байланысын жалғастырар өнерге айтарымыз, «Менің істегенімді емес, өздеріңнің істегендеріңді істеңдер, өздеріңді өздерің танытыңдар. Сонда өнер риза, өнер таза». Бұл  Әзекең айтқан әділ сөз. Бұл жолда Әзекеңнің алдын көріп, батасын алған  Болат мықты. Мәмбетов қойған соңғы Абайда осы Болат ойнаған Абай екенін ұмытпайық. Сөз анық, үн таза, түр келісті. Ежелден қалыптасқан мықты мектептің үлгісі осылай туған. Бүгінгі көрерменге керегі өз режиссурасы өз қойылымы, өз авторы өз көрермені десек те, көптеген театрда актер көп, рөлге салсаң жоқ. Рөл болса да, образ жоқ. Өнерге керегі көп ойыннан туар жалғыз, жалғызда болса ел тамсанар образ. Оған алдымен басты жауапты, өнердің негізгі иесі – режиссер. Бүгінгі режиссерлардың ең басты «балалық» ауруы, қайтсем бір таңғаларлық жаңалық ашсам. Ондай жаңалық театрды қойып цирк өнерінде де қалмады. Театр жаңалығы жалаң жетесіз (эксперимент) емес, ғасырлардан келе жатқан құнды драматургия, режиссер сабақтастығы, актер таланты. Бұрыннан қалыптасқан «ұлттық театр» мектебінің шынайы шығармашылық жалғасында өсіп өркендеуі. Ұлттық театрдың тірегі мен табысы, ұлт үні халық келбеті, алаш жолы өз тарихы. Ол – классика. Қазақ үшін Абай. Театр атаулы өз болмысынан айырылған мына бүгінгі заманда классикалық үлгідегі актер – нағыз актер. Ол – Абай, ол – Болат. Актер үшін «талант» дәлелі классикалық үлгідегі бір бейне бір образ болса, ол осы образ осы бейне болар. Болаттың кино мен театрдағы рөлдері, өзі бейнелеген Абай жолындағы «Абай» бейнесінің үлкен бір ортақ табысы. Қалған кейіпкерлер сол «соқтықпалы-соқпақты жолдардың»  жолында қалыптасқан еңбектің басты жиынтығы. «Жалғыздықтан» туған жалғыз еңбек жалғыз Абайда өнер үшін бір басқа.

Болат жайлы, Абай жайлы айтқанда Абай ұғымына орай, соңғы түйген ой мен сөздің арасалмағы, саралап айтқан ой мен өнердің өз төрелігі. Болаттың Абайын біз қалай айтып, қалай жазсақ та, көп көрерменнің бірауыздан мақұлдаған өз ойының өз төрелігін айттық. Бұл шындық өнер ақиқатының өз кіріспесінен құралған өнердің өз шындығы. Сонымен бірге бір шаңырақтың астында бірге өскен Саят, Айдос, Төлеубектей тарландар, Шоңмұрат, Бауыржан, Омардай өнер арландармен бірге Бекжан, Дулыға, Асылбек, Жұмағалидай алымды серіктес актерлардың да еңбегін ортақ деп білген ләзім. Театр процесінде өнер ортақ, еңбек ортақ, өсу ортақ.

Ел тілеуі, аға жастың арқасында алар асуың биік болып, өнер парызы, халық құрметіне бөлене беруің. Талант бар жерде табыс бар. Ол табыс – өнер табысы, ұлт намысы, ел мерейі.

Тегтер: