Идея – жастардан, қолдау – мемлекеттен!
Былтыр халыққа арнаған жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз кәсібін ашқысы келетін жастарға жеңілдетілген несие берілетінін мәлім еткен болатын.
– Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді, – деген болатын президент.
Түркістан облысында кәсіп бастаймын деген бизнес-идеясы бар жастардан құжат қабылдау наурыз айында басталған. Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, өңірде 594 жас аталған бағдарламаның игілігін көруі тиіс. Ол үшін Түркістан облысына арнайы мемлекет қаржысынан 2,9 миллиард теңге бөлінген.
Жуырда жастарға шағын несие берудің алғашқы комиссия отырысы өткізіліп, 25 жастың бизнес-жобасы қаралды. Нәтижесінде 23 жоба мақұлданып, қалған 2 үміткердің құжатына белгілі себептерге байланысты оң шешім қабылданбады.
Комиссия мүшелерінің мәлімдеуінше, жобалардың басым көпшілігі мал шаруашылығына бағытталуда. Оның ішінде жылқы, ірі қара және ұсақ мал өсіру бойынша жобаларын ұсынған. Дегенмен жылыжай өндірісі, жүк көлігі қызметін көрсету, сабын өндіру, құрылыс заттарын шығару салаларына қатысты жоба әзірлегендер де бар. Бұған дейін әкімдікте өткен жиында облыс басшысы Дархан Сатыбалды жергілікті аумақтардың ерекшелігін негізге ала отырып, түрлі сала қамтылу керектігін ескерткен болатын.
Комиссияның екінші отырысы 25-26 мамыр күндері өткізу жоспарланған болатын. Екі күнге созылған жиын Түркістан облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәжіліс залында өтті. Онда жалпы 105 жас азамат өз бизнес-идеяларын қорғады. Комиссия шешімі алдағы күндері мәлім болады.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Түркістан облыстық филиалы сенім білдірілген агенттік ретінде бекітіліп, құжаттар қабылдау үстінде. Олардың мәліметіне сүйенсек, бүгінге дейін 250-ден астам жас кеңес алып үлгерген. Бизнес-жобалар қабылдау жұмыстары жалғасуда.
Айта кетері, 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін, басқа бағыттар үшін – 5 жылға дейін, көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстары үшін – 3 жылға дейін беріледі.
Несие алушылардың жасы 21-ден 35-ке дейін және жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Үміткердің жасы құжат тапсыру сәтінде ескеріледі. Микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі. Ол микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды. Несие 5 жылға, яғни 60 айға берілсе, жеңілдікті кезең 20 айды құрайды.
Бұл жұмыссыз жүрген жастар үшін мемлекет тарапынан жасалған үлкен көмек. Бұған дейін облыстың аудан, қалаларында жеңілдетілген несие, басқа да мемлекеттік бағдарламалар бойынша жастар арасында түсіндіру шаралары белсенді түрде жүргізілді.