Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:10

Иең қайда, Астана?

Астана
Фото: obk.kz

Биыл да 6 шілдеде жылдағыдай Астана күнін атап өттік. Бұрынғыдай, әсіресе 2020 жылы коронавирус дерті дендеп тұрғанына қарамай отшашу атқан кездегідей дабыралы болмаса да, көптеген концерт, шоу, спорттық шара, көрме өтіп, түрлі мазмұндағы фестивальдер ұйымдастырылды.

6 шілде жексенбіге түскендіктен, 7 шілде, дүйсенбі күні ресми демалыс күні болды. 

Бірақ мемлекеттік мейрамдар арасында халыққа оғаштау көрінетін, тіпті көп адам ұната бермейтін мереке – Астана күні. Бұған осы датаның экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен сәйкес келетіні себеп. Тіпті ел арасында 6 шілде – Астана күні емес, елбасы күні, халық мемлекеттік деңгейде бір адамның туған күнін атап өтіп жүр деген әңгіме айтылады. Еліміздегі әр қаланың өзіне тиесілі қала күні бар. Бірақ олар әлдебір саяси тұлғаның өмірбаянына байланысты емес. Мысалы, Алматы күні әр жылы қыркүйектің үшінші жексенбісіне тура келеді.

Ал Астана күнінің экс-президенттің туған күнімен тұспа-тұс келгенін сәйкестік деу қиын. Өйткені жаңа елордаға қатысты маңызды шешімдердің бәрі басқа датада қабылданған. Атап айтқанда, астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қаулыға 1997 жылы 20 қазанда қол қойылды. Ақмолаға ресми астана статусы 1997 жылы 10 желтоқсанда берілді. Қаланың бұрынғы аты (Ақмола) 1998 жылы 6 мамырда Астана болып өзгерді. Ал жаңа қаланың халықаралық тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда өтті. Қисынға салсақ, қала күні осы 4 датаның бірі болса, жарасар еді. Әу баста билік те осылай ойлаған, 2006 жылға дейін Астананың қала күні 10 маусым болды.

Бірақ билікте отырған уақыты ұзарған сайын экс-президенттің жеке басына табыну өршіп, «Қазақстан – Нұрсұлтан» формуласы мықтап орныға берді, жаңа астананы Назарбаевтың туған күнімен тікелей байланыстыру осы ойдың жетегінде туғаны анық. 2006 жылы парламент Астана күнін 6 шілдеге ауыстыруды ұсынып, ол ұсыныс қолдау тапты. Сол жылдан бастап қала күні мен президенттің туған күні бірге тойлана бастады. Бұл шешім қоғам арасында қызу талқыға түсіп, көп адам үрке қарады. Содан бері 20 жылға жуық уақыт өтсе де, халық бұл датаға әлі үйренісе алған жоқ.

Билік мұнымен де тоқтаған жоқ. 2008 жылы 26 маусымда «ҚР мерекелері туралы» Заңға өзгеріс еніп, «Астана күні» Қазақстан халқының тарихи-мәдени жетістігінің символы саналып, мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды. Сөйтіп оған дейін қала деңгейінде ғана атап өтілетін Астана күні республикалық масштабқа көтеріліп, тұтас ел аумағында тойланатын болды. 6 шілде күні тұрғындар бір күн демалады.

Жаңа Қазақстан да «туған күн» тойлайды

2022 жылғы қанды Қаңтар оқиғасынан кейін елде экс-президент ерекше статустары мен артықшылықтарынан айырыла бастады. «Елбасы», «Тұңғыш президент» сияқты атақтарынан бөлек, 2012 жылдан бастап мемлекеттік мейрам болған 1 желтоқсан – тұңғыш президент күні де күшін жойды. 2022 жылы желтоқсаннан бері бұл дата мереке емес.

Көпшілік сол «арылу» науқаны кезінде Астана күні де ауысады деп күткен. Негізі Астана күнін ауыстыруға екі мәрте тарихи мүмкіндік туған. 2019 жылы наурызда Назарбаев президенттік өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқан соң Елорда атауы Нұр-Сұлтан болып өзгерді. Сол кезде жаңа қала атауына байланысты жаңа қала күнін белгілеуге болар еді. Бірақ бұған қарағанда ақылға қонымды әрі ыңғайлы орай 2022 жылғы 17 қыркүйекте туды. Сол кезде билік қала атауын қайтадан Астана деп өзгертті, демек онымен бірге бас қала күнін де ауыстыра салуға мүмкіндік мол болатын. Бірақ олай болған жоқ, жаңа Қазақстан да ескі «туған күнді» тойлай беретін болып шешті.

Дегенмен жауапты шенділер Астана күні жайлы айтқанда қатты абай болып, экс-президент жайлы айтпауға тырысатынын байқап жүрміз. Мұны олар саяси қателік деп санайтын сияқты. Мысалы, 2023 жылы қала әкімдігі қала күніне орай отшашу болмайтынын хабарлады. Сол кезде журналистер әкім Жеңіс Қасымбектен «Назарбаев жайлы қазіргі теріс көзқарасқа байланысты отшашу болмай ма» деп сұраған. Ал әкім бұрынғы басшысының аты-жөнін атамай, «биыл отшашу жоспарлаған жоқпыз. Сіз атаған фамилиямен еш қатысы жоқ. Қала халқы отшашу сұраған жоқ, сол себепті болмайды» деп жауап берген. Сол жылы шілдеде өткен Астана қаласының 25 жылдығына арналған форумда да Жеңіс Қасымбек Назарбаевтың есімін атамай, қаланың ширек ғасырдағы дамуы жайлы ғана айтуды жөн көрді.

Қасымбек бұл ұстанымынан 2024 жылы да, биыл да танған жоқ. Тіпті 2025 жылы 6 шілдеде Нұрсұлтан Назарбаев 85 жасқа толғанын да ескермеді. Қала күніне орай жариялаған құттықтауында экс-президенттің мерейтойына қатысты бір ауыз сөз жоқ. Экс-президент Астананы «өзім салдым» деп санайтынын білеміз, Жеңіс Қасымбек те оның «өз өнімі». Демек өзі өсірген кадр «өзі салған» қаланы басқарып отырып, мерейтойымен құттықтауға жарамады. Тіпті атын атаудан қашып жүр. Ал қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаевты 85 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, оның астананы көшіру туралы шешімі дұрыс болғанын атап өтті. Демек, қазір Тоқаевтан өзгелер үшін Назарбаев есімі «табуға» айналған. Қазіргі президенттің қай жағынан шығып қаламыз деп, тіпті ол ашық құттықтап, ара-тұра еңбегін бағалайтыны туралы айтып жүрсе де, өзге шенеуніктер өте сақ қимылдайды.

Кіші Қасымбектің «сатқындығы»

Жеңіс Қасымбек Назарбаевтың өнімі дегенді бекер айтып отырған жоқпыз. 30 жыл бойы экс-президенттің қасынан бір елі ажырамаған Махмұд Қасымбек деген саясаткер бар. Ол 1996 жылдан 2019 жылы Назарбаев қызметінен кеткенге дейін президент кеңсесінің бастығы болды. Ал 2019 жылдан бастап тұңғыш президент кеңсесін басқарды. Яғни тұтас саяси мансабын Назарбаевтың президент әкімшілігіне арнаған адам. Қазіргі Астана әкімі – кіші Қасымбек осы кісінің баласы екенін екінің бірі біледі.

Жеңіс Қасымбектің билік жүйесінде жемісті еңбек етуіне әкесі мен әкесінің «досының» әсері болмады деп ешкім айта алмайды. 30 жасқа толмай жатып мемлекеттік органдарда басшы қызмет атқарып бастаған кіші Қасымбек 40-қа толмай министр болды. Үш министрлікті басқарып, премьер-министрдің орынбасары болды. Назарбаев қызметінен кеткен соң үш жыл Қарағанды облысын басқарып, 2022 жылы желтоқсанда Елорда әкімі атанды.

Бұрын кіші Қасымбектің Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше ықыласпен қарайтыны байқалатын. Экс-президенттің атына айтқан мақтау сөздері жеткілікті. Мысалы, қазақстандық шенділер «елбасының сарабдал саясатының арқасында» деген сөзді мәтелге айналдырып, жүрген жерінде айтып жүретін. Жеңіс Қасымбек те олардан өзгеше болған жоқ. Көпшілік оның инвестициялар және даму министрі болып тұрған шағында Назарбаевтың сұрағына жауап бере алмай қатты қысылған сәтін әлі ұмытқан жоқ. Экс-президент кейде қырсығып, буынсыз жерден пышақ ұратын әдетіне басып, министрді әбден қыспаққа алған.

– Экспортпен кім шұғылданады?

– Біздің министрлік, біз департамент құрып жатырмыз.

– Әлі құрып жатсыңдар ма, қашан құрып боласыңдар!

Осы тұста министр қатты сасады. «Құрып жатқан» департамент лезде құрылып шыға келеді: «Құрдық, Нұрсұлтан Әбішұлы» деп сасқалақтап, бет-жүзін жыбырлатып, жыларман күйге түседі. Осы кезде әңгімеге сол кездегі премьер-министр Бақытжан Сағынтаев араласып, араша түспегенде Жеңіс Қасымбектің жағдайы мүлде қиын болатыны анық еді.

Сөйткен Қасымбек Назарбаевтың фамилиясын атауға арланып жүр. Биыл Астана күніне орай 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырған екен. Тіпті кейінгі үш жылда алғаш рет отшашу атып жатыр. Салютты демеушілер алып берді деп алдын ала ақталуды да ұмытқан жоқ. Экс-президенттің 80 жасқа толған мерейтойы бұған қарағанда әлдеқайда дабыралы өткені есімізде. 2020 жылы коронавирус өршіп тұрғанына қарамастан, сол кездегі қала әкімі Алтай Көлгінов сән-салтанатпен салют атып, сынға қалған. Сол кезде билік індетпен алысып, шаршап жүрген дәрігерлердің көңілін көтеру үшін отшашу аттық деп, адам ақылына қонбас сылтау айтқан. Арада бес жыл өтіп, Назарбаев тағы бір мерейлі жасын күтіп аларда, кешегі қолда өскен балалар жалт беріп жүр. Содан да оның туған күні елеусіздеу өтіп барады...

Бірақ «Астана күні неге әлі мемлекеттік мереке қатарында тұр», «неге 6 шілдеден басқа датаға ауыстырмайды» деген сұрақтар көп көңілінде көлденеңдеп тұр. Ел билігі қала атауын бірде Нұр-Сұлтан, бірде Астана деп қайта-қайта ауыстырып жүрсе де, бұл мерекені алып тастауға тісі батпады.

Экс-президент «Еуразия жүрегінде» атты кітабында қала атауын неге Астана деп таңдағанын жазған. Оның айтуынша, «Астана» сөзі қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде айтып-жазуға оңай әрі әдемі естіледі. Бірақ сарапшылар оның түпкі ойы қалаға әдейі нақты атау бермей, уақытша Астана деп атай тұрып, өзі биліктен кеткен соң өз атын беру болған деп топшылайды. Бәрі осы сценарий бойынша жүріп келе жатқан, бірақ Қаңтар оқиғасынан кейін жоспар өзгерді. Біршама өзгерді деген дұрысырақ шығар. Әйтпесе, 6 шілденің нақты иесі кім деп бас қатырып отырмас едік.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: