Иең қайда, Telegram? Еуропадағы инквизиция елесі мен сөз бостандығы жайлы ертегі
Франция құзырлы органдары аты әлемге танымал миллиардер, Telegram мессенджерін ойлап тапқан Павел Дуровты тұтқындап, жаһанды бір шулатты.
Демократиялы батыс елдері де, автократия мен диктатураның құрсауында отырған постсовет халқы да бірнеше күн «сөз бостандығы» туралы айтып, біраз даурықты. Екі сөзінің бірін еркіндікке арнайтын Париж бостандықтан өлердей қорқатын Мәскеудің сүрлеуіне қалайша оп-оңай түсе кетті? Оң-солын ажыратып көрейік.
Францияның TF1/LCI және BFM телеарналарының хабарлауынша, 39 жастағы кәсіпкерді тұтқындауға кәмелет жасына жетпеген балаларға зорлық-зомбылық көрсетушілердің ісімен айналысатын басқарма тапсырма берген. Бұл басқарма ресми түрде Францияда 2023 жылдың қараша айында ғана жұмысқа кіріскен.
Франциялық БАҚ Дуровтың Парижге неге келгенін түсінбейді. Өйткені жоғарыда аталған басқарманың кәсіпкерді тұтқындау туралы тапсырмасы әлдеқашан шыққанын және одан Дуров заңгерлерінің хабарсыз қалуы мүмкін емесін жазды. Кейбір БАҚ оның 28 тамызда босап шығуы мүмкін екенін хабарлады. Франция заңына сәйкес жеке адамның өзіне тікелей айып тағылмаса, оны абақтыда 96 сағаттан артық ұстауға болмайды.
26 тамыз, күндіз Франция прокуратурасы Дуровтың кемі 12 айып бойынша тергеліп жатқан істің аясында қамауға алынғанын мәлімдеді. Тізімде ұйымдасқан қылмыстық топ құру, заңсыз ақша жылыстату, есірткі тасымалдау, қаржылық алаяқтық, заңсыз криптократия, жасөспірімдерді жезөкшелікке салу, көлеңкелі порнография өндірісін дамыту дейтін тағы біраз қылмыс бар. Бірақ бұл қылмыстарды Дуровтың өзі істемеген. Анығы, ол қожалық ететін Telegram мессенджерінде өзге біреулер атқарып жатыр. Оларға шектеу қойғысы келген Франция билігі бұған дейін бірнеше рет Telegram командасына қайырылып, аталған қылмыстық топтардың әрекетін онлайн бақылауға мүмкіндік беруді сұраған. Бірақ Дуров оған келіспеген. 12 айыптың ішінде «құзырлы органның сұрауы бойынша ақпарат беруден бас тарту» дегені де жүр. Өзге 11 айып бір төбе, мына айып бір төбе. Telegram ғана емес, әлеуметтік желі атаулының бәрінде қылмыстың небір түрі барын алға тартқан сыншылар осы соңғы айыпқа назар аударды.
Ресейде туған, осында қалыптасқан миллиардер (Forbes журналы 2023 жылы оның 14 миллиард доллары бар деген – ред.) Дуровтың француз азаматтығы да бар. Бұл ақпарат 2023 жылы белгілі болған. 2021 жылы Франция үкіметі берген ресми құжатында есімі Paul du Rove (Поль дю Ров) деп жазылады. Бұған қарап, Дуров ұшағының Парижге қонуы заңды. Қанша дегенмен Франция паспорт жүзінде өз елі, өз отаны. Сондай-ақ ол Біріккен Араб Әмірлігінің де азаматы. Соңғы жылдары Еуропада емес, сол Араб түбегінде өмір сүріп жатыр.
Кейбір Telegram арналар Павел Дуровтың ұсталардан екі күн бұрын Ресей президенті Владимир Путинмен Әзербайжан астанасы Бакуде кездесуі мүмкін екенін жазды. Өйткені Әзербайжанға Дуровтың саяхаты мен Путиннің ресми сапары бір уақытқа сәйкескен. Бұны жай ғана кездейсоқтыққа қимайтын жазармандар олардың «кездескеніне» сенімді. Алайда бұған тікелей де, тіпті жанама түрде де ешқандай айғақ жоқ. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистердің «кездесті ме?» деген сұрағына қатқыл үнмен «жоқ» деп қысқа жауап қайырған.
«Кездессе не бопты, ал?» дейсіз ғой. Заңды сұрақ. Жауапты да нақты айта беру мүмкін емес. Бізге белгілісі – бұған дейін Ресей билігі Telegram мессенджеріне бақылау орнатқысы келген. Бұл бақылау Кремль үшін қазіргі соғыс жағдайында аса маңызды. Мемлекеттік мекемелер, түрлі ұйымдар сияқты Украина майданындағы жауынгерлер, командирлердің өзара сөйлесетін, шабуылды, қорғанысты ақылдасатын орынның бірі – осы Telegram. Бұл жерден Кремльге бағынбайтын, тәуелсіз БАҚ өкілдері, блогерлер де орын тапқан. Қызығы – Кремль 2018 жылы бұл мессенджерді өзіне қаратқысы келгенде дәл бүгінгі Франция секілді «Telegram терроризм, есірткі тасымалы, жезөкшелік сынды, т.б. қылмысқа барушылардың қазанына айналды» дейтін аргумент ұсынған. Дуров көнбегенде оның қызметін ел аумағында ішінара бұғаттауға көшкен. Кейін шектеуді алып тастаған. Мәскеу мен Париждің Дуровқа қарсы іс-әрекетінен өзара ұқсастық байқаған көпшілік оқырман мен жазарман өре түрегелді. «Сөз бостандығы» деп журналистер, саясаткерлер, «заңсыз ұстау» деп заңгерлер көтерілді. «Еркін кәсіпкерлік» деп қалталылар, «инновация» деп IT мамандары аласұрды. Федералды арналардағы пропаганданың майдандағы ахуалды шынайы көрсетпейтінін білетін Ресейдегі қарапайым жұрт та соғыстағы ұлдары, аға-бауырлары мен күйеулерінің күйіне алаңдап, мыңдаған пікір жазды. Кейбір БАҚ Дуровқа бостандық сұраған әлдебір топтардың Telegram чаттарында елден ақша жинауға кірісіп кеткенін хабарлады. Ақыр соңында олардың көбі кәдімгі алаяқтар боп шыққан.
Айғайға сүрен қосқан топтың басында Ресей Федерациясының қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары, бұрынғы президент Дмитрий Медведев тұр. Осы мессенджерді белсенді пайдаланатын ол пікірін өз арнасына жазды. «Ол ең үлкен мәселе Ресейде деп есептеп, шетелге кетті де, өзге елдің азаматтығын алды. Ол отансыз-ақ өмір сүре алатын ғажайып «әлем азаматы» болғысы келді. Есептен жаңылды. Ол Маск немесе Цукерберг (Федералды тергеу қызметімен тығыз байланысы бар) емес», – деді Медведев. Медведев пікірін Ресей мемлекеттік думасының депутаттары, федералды арна журналистері қостап, қолпаштай жөнелді.
АҚШ пен Еуропадан да ұқсас үндеулер естілді. Өзінің X (бұрынғы Twitter) желісінде #FreePavel деген хэштегімен Дуровқа бостандық талап еткен АҚШ миллиардері, Space X компанияларының қожайыны Илон Маск Еуропаны баяғы инквизиция елесі кезіп жүргендей етіп қара бұлтты төндірді. «Өз ойымды айтайын: табалдырықтан 2030 жыл аттағалы тұр. Ал Еуропада әлденеге лайк басқаныңыз үшін жазалайды» дейтін пікір жазып қойды. 2023 жылы президент Владимир Путиннен, 2024 жылы Павел Дуровтан сұхбат алған АҚШ журналисі Такер Карлсон да Telegram авторына араша түсті. «Путин оны тұтқындаған жоқ, сөйтіп қоғамның сөз бостандығын пайдалануына мүмкіндік берді. Оны НАТО-ның мүшесі, Байден (АҚШ президенті – ред.) әкімшілігінің одақтасы, батыстың елі қамап тастады», – деген журналист Джо Байден мен Эмманюэль Макронды зұлымдықтың, Путинді ізгіліктің символына айналдырғысы келгендей. Мұндай пікірлерге АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі агенттігінің бұрынғы қызметкері, құпия деректерді жарыққа шығарып жібергені үшін қудаланып, кейін Ресейге қашқан Эдуард Сноуден де үн қосты. «Жекенің меншіге қол сұғу үшін Макронның осыншалық құлдырап, адамды кепілге алғанына таңғалдым. Бұл Францияны ғана емес, тұтас әлемді тұқыртады», – деді.
Бұл қатардан Қазақстаннан да қосыла шапқандар көрініп қалды. Алдымен Қазақстанның цифрлық даму, инновация және аэроғарыш министрі Жаслан Мәдиев Facebook парағында көлдей пікір жазды. Өзінің ғана емес, тұтас министрліктің атынан. Оның дерегінше, Telegram мессенджерін пайдаланатындар елде 12 миллионнан асады. «Мен Павел Дуровқа және Telegram командасына соңғы оқиғаларға байланысты қолдауымды білдіргім келеді. Telegram командасы әрдайым азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ынтымақтастыққа дайын, құпиялылық пен сөз бостандығын қорғау қағидаттарына адал болып келеді», – деді министр. Мәдиевтің «сөз бостандығын қорғау» туралы айтқаны бұрын-соңды, бәлкім, осы шығар. Баспасөз еркін емес, журналистері жиі қудаланатын Қазақстанда БАҚ өкілдеріне қарсы істелетін оқиғаның көбінде жұмған аузын ашпайтын «Қазақстанның журналистер одағы» да Дуровқа араша түсіп, айды аспанға шығарды. Франциядан тұтқындау туралы ақпарат шыға сала Telegram мессенджерінде парақ ашып, алғаш мәлімдемесін осы оқиғаға арнаған одақ: «Telegram-ның негізін қалаушы Павел Дуровтың ұсталуы еркіндік, демократия және сөз бостандығы қағидалары үшін күресетіндердің барлығының алаңдаушылығын тудырды», деді және Франция билігін тергеуді объективті жүргізуге шақырды.
Демократиялы болсын, мейлі автократия не диктатура жайлаған ел болсын, құпия қызметтің бәрі елдегі жағдайды түгел бақылауда ұстағысы келеді. Бұл – олардың негізгі жұмысы. Бірақ демократия мен автократияның айырмашылығы сол, құпия қызметтердің құзыреті әртүрлі. Демократиялы елдерде олардың еркін тайраңдауына қарсы тұрар сот жүйесі қалыптасқан. Біреуді көпе-көрінеу жала жауып ұстап алып, қамап қоя алмайды. Соттан қорқады. Ал автократия, диктатура билеген жұрттарда бәрі бір адамның шешіміне байланысты. Қаласа қамайды, қаласа босатады. Президент болса да Макронда ондай шексіз билік жоқ. Ертең орнынан түскенде жауапқа тартылатынын біледі. Жан-жақтан сын жебесі борап жатқанда Франция президенті арнайы мәлімдеме жасауға мәжбүр болды. Эмманюэль Макрон X (бұрынғы Twitter) парағында: «Павел Дуров ұсталған соң Францияға қатысты жалған ақпарат тарап жатыр деп есептеймін. Франция – сөз бостандығы, пікір еркіндігі, қарым-қатынас, инновация мен кәсіпкерлікке адал. Кәдімгі өмірде де, әлеуметтік желіде де еркіндік атаулының бәрі азаматтарды және олардың құқығын қорғау мақсатында заң үстемдігі аясында жүзеге асады. Бұл ешқандай да саяси шешім емес. Соңғы сөзді судьялар айтады», – деп жазды ол өзінің X парағына.
Қызығы, Дуровтың ұсталғаны туралы ақпараттан соң АҚШ пен Еуропада Telegram мессенджерін жүктеп алушылар күрт көбейген. Интернеттегі бизнес, стартаптарды бақылап, олардың жұмысын сараптап отыратын TehcCrunch сайтының дерегіне қарағанда, АҚШ-та Telegram 18-орыннан 8-орынға көтерілген, ал Францияның өзінде бірінші орынға шыққан. Украина президенті Владимир Зеленский қожасының ұсталуы ел аумағында Telegram-ның жұмысына әсер етпейтінін айтты.
Айгүл Баба