Иен жерге ие көбеймесін десек
Жабылған шекаралық аудандарды қалпына келтіру керек
Егемендіктің таңсәрісінде еліміздің экономикасы тұралап, барлық байланыстар үзіліп қалған кезде оңтайландыру саясаты жүргізіліп, 1997 жылы белгілі Үкімет Қаулысы шығарылып, облысқа – облыс, ауданға – аудан қосылғаны аян. Сол қиын-қыстау кезеңде билік басындағылар мәселенің байыбына барып жатпастан, шекаралық аудандарды да жауып, оларды көрші аудандардың қанжығасына бөктеріп жіберген.
Алпауыт мемлекеттер өз шекараларын барынша бекітіп, қақпасына құлып салып жатқанда, Қазақстан шекаралық аудандарды таратып, саналы түрде ел іргесін жалаңаштап қойды. Оның үстіне өңірде бірталай шекара заставалары жабылып қалды. Бұрын да, қазір де заставалар шекара бұзушылармен күресте шекара маңындағы ауылдардың, қыстақтардың тұрғындарының көмегіне сүйенген. Ал қарайған халық түгел дерлік көшіп кетсе шекара заставаларының санаулы сарбаздары кімге арқа сүйейді, кімге төтеп береді? Нәтижесінде, Марқакөлдің шектес аумағынан қытай азаматтары емін-еркін кіріп, таулардағы сирек кездесетін шипалы өсімдіктерді жылан жалағандай етуде. Басқа өңірлерде де жағдай осындай болғандықтан, неше түрлі деструктивтік күштер, радикалды дін өкілдері елге емін-еркін кіретін болды. Бұл ертеңін ойлаған елдің ісі емес.
Марқакөл облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықта орналасқан шалғайдағы шекаралық өңір. Кезінде – 25-30 мыңдай халық тұрған өңірде қазір тұрғындардың үштен бірі ғана қалған. Майтерек, Ашылы секілді шағын ауылдарда бірер отбасы ғана қалса, кейбір елді мекеннің түтіні мүлде өшкен. Марқакөлдің бүгінгі сыйқы көңіл құлазытарлықтай. Ол жақтағы қай ауылға барсаңыз да, есік-терезесінің орны үңірейіп, бұзылған, құлаған үйлер алдыңыздан шығады. Олардағы көрініс бейне бір соғыс болып өткендей. Жағдай осылай бола берсе түбінде ауыл шаруашылық әлеуеті өте зор бұл шырайлы өңір қу далаға айналары сөзсіз.
Екі ауданның қосылуының нәтижесінде, ірілендірілген Күршім ауданы басқаруға келмейтін ебедейсіз аумаққа айналды. Аудан орталығы Күршім селосының өзі облыс орталығынан 200 шақырым қашықтықта орналасса, бұрынғы Марқакөл ауданының ауылдары Күршімнен ары қарай 200-300 шақырымдай жерде қоныстанып, Қытай Халық Республикасымен шектеседі.
Кеңес үкіметі кезінде Марқакөл ауданы экономикасының негізі мал шаруашылығы болатын. Ауданның сол кездегі 6 кеңшарында 25000-ға дейін қой мен ешкі, 10-12 мың мүйізді ірі қара, 8 мыңдай жылқы өсіріліп, 10-12 мың тонна астық өндірілетін. Өңірде сол кезде облыстың оңтүстік аудандарын түгелдей құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіп келген 1 орман шаруашылығы, 2 орман өндірісі шаруашылығы, мемлекеттік қорық, 2 сүт зауыты, механикаландырылған құрылыс колоннасы, мұнай базасы, өзен порты және басқа аудан өміріне қажетті инфрақұрылымдар жұмыс істеген.
Содан бергі жерде өткен 25 жыл шекаралық аудандарды басқа аудандардың қанжығасына байлап жіберген Үкімет Қаулысының дұрыс болмағанын айқын көрсетіп берді. Себебі, жұмыссыз қалған халық күнін көре алмағандықтан, шекаралық өңірден үдере көшті. Бұл үрдіс әлі де тоқтаған жоқ. Осылай жалғаса берсе шекаралық аймақтар көрші елдің қанжығасында кетері хақ. Халқымыздың «Бос жатқан жер – жау шақырады», «Иен жерге ие көп» деген аталы сөздері бар. Демек, қаңырап бос қалған ауылдарға қазір республикамызға қаптап кеткен қытайлардың көз тікпесіне, басы бос жергілікті қыз-келіншектермен көңіл қосып, жайы келсе шаңырақ көтеріп, одан соң парақор әкімдердің тілін тауып, ауыл шаруашылық жерлерін қатындарының атынан жалға алып, кейін меншіктеп кетпесіне, сөйтіп, қазақ жеріне тереңдеп тамыр жаймасына кім кепіл?
Аудан таратылып, барлық дерлік аудандық ұйымдар мен кәсіпорындардың, мекемелердің жабылуынан туындаған қиындықтар елді мүлде тұралатып бітірді. Мұның өзі өңір тұрғындарының ертеңгі күнге деген сенімінің тамырына балта шауып, олар басы ауған жаққа үдере көшті. Күршім ауданына Марқакөлді қосудың нәтижесінде жұмыссыздық күрт өсті. Қатардағы жұмысшылар ғана емес, жоғары білімі, көп жылғы тәжірибесі бар әртүрлі мамандық иелері далада қалды. Жоғары оқу орындарында алған мамандығы бойынша аудан орталығы Күршімде өзге адамдар жұмыс істеп отырғандықтан, бос қалған білікті мамандар жұмыс табудың қамымен республиканың үлкен қалаларына тарыдай шашырап кетті.
Жүргізілген оңтайландырудан кейін кеңшарлардың шаңырағы шайқалады, мұның аяғы жергілікті халықтың үйреншікті жерін, атамекенін тастап, алды – Астана, Алматы, облыс орталықтарына, басқа да ірі қалаларға қоныс аударып, шекара жалаңаштанып қалады, үлкен қалаларда осының салдарынан шешуі қиын жаңа проблемалар туындайтын деп ешкім ойламаған.
Шағын елді мекендердегі мектептер, барлық мәдениет ошақтары, дәрігерлік мекемелер, аудандық музыка мектебі, жасөспірімдер спорт мектебі, басқа да бірқатар ұйымдар мен мекемелер жабылып қалды. Кезінде облыс аудандарының ішінде жақсы жабдықталғандардың қатарынан саналатын бұрынғы орталық аудандық аурухана бүгінде жабылудың аз-ақ алдында. Сол кездері аудандық туберкулез диспансері де жабылды. Бұл мекеменің жұмыссыз қалған мамандары да жан-жаққа бас сауғалап кетті. Бірақ аудан жабылды, аудандық аурухананың дәрігерлер штаты қысқартылды екен деп халықтың ауру-сырқауы тиылған жоқ, қайта өрши түсті. Бұрынғы аудандық ауруханада білікті де тәжірибелі дәрігерлер қалмағандықтан, халық дәрігерлік көмек алу үшін 200-300 шақырым жердегі аудан орталығы Күршім селосына, Зайсан қаласына, тіпті 500 шақырым жердегі облыс орталығы Өскеменге дейін сапар шегуге мәжбүр.
Ауданның жабылуы, шекаралық өңір тұрғындарының өкіметтен, банктерден несие алуда өгей баланың күйін кешуіне әкелді. Бұл – аймақта шаруа қожалықтарын, шағын және орта бизнесті дамытуға да кедергі келтірді. Өңірде құрылып, табысты жұмыс істеп жатқан шаруа қожалықтары саусақпен санарлық қана. Мұнда тікелей өндіріспен, өнімдерді өңдеумен ешкім айналыспайды. Бұл – Марқа жерінде қолынан іс келетін азаматтар жоқ деген сөз емес. Небір іскер азаматтар жеке іс ашпақ болып, бизнес-жоспарларын жасап, қажетті құжаттарын толтырып, аудан, облыс орталықтарында сандалып, шаруаларын бітіре алмай шаршаған соң бәріне қолды бір сілтеп, басқа жаққа қоныс аударып кетті.
Марқа өңірінің тұрғындары өсірген малдарының еті мен майын, сүті мен ірімшігін, кілегейі мен балын мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін адамдар мал ұстап, бақша сала алмайтын бұрынғы аудан орталығы Теректіге апарып сататын. Соңғы ширек ғасырдан бері орталық Күршімде. Онда аудан орталығын бұрыннан ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етіп келген өз шаруа қожалықтары жеткілікті. Сонда марқакөлдік шаруалар қайтпек керек? Олар өз өнімдерін 500 шақырым жердегі Өскемен қаласына апарады. Онда жеткенше апара жатқан өнімінің товарлық сапасы кемиді: еті қараяды, сүті іриді, майы ериді, қымызы ашиды, қырғын кезекке тұрып, Ертістен әрең өтетін паром және бар.
Аудан орталығы Күршім селосынан Марқакөл өңірінің ешбір ауылына автобус қатынамайды. Жекеменшік көлікке мінсе, оның жолақысы қымбат, себебі, бензиннің бағасы күн сайын өсіп отыр. Бұрынғы аудан орталығы Теректі (қазіргі Марқакөл) селосынан таулы Қабаға жаққа баратын жолдың жол деген аты ғана қалған. Жаңбырлы күндері машиналар не ана шұңқырға, не мына шұңқырға батып жатады. Марқакөл халқының жолда жаздың күні көрген құқайлары қыста көретін азаптың қасында ойыншық секілді.
«Семей ядролық полигонының зардаптарына байланысты тұрғындарды әлеуметтік қорғау туралы» заңды қабылдаған кезде де Марқакөлге тиісті органдар әділетсіздік жасаған. Бір таудың ар жағындағы – Катон Қарағай мен Үлкен Нарын, қол созымдағы Зайсан мен Күршім экологияға жатты да, Марқакөл ауданы бұл нәпәқадан да құр қалды. Осы ақылға сия ма? Бұл қиянат әлі түзетілген жоқ.
Шекаралық аудандарды ашып, шаруашылықтарды қайта құрып, жұмыспен қамтамасыз етсе, қалаға көшіп кеткен, үйсіз, жұмыс таппай күнін көре алмай жүрген көптеген марқакөлдіктер және басқа аудандардың тұрғындары қайтадан ауылдарына көшіп, үйреншікті ата кәсібімен айналысар еді. Ауылға көшетіндердің отбасы мүшелеріне көтерме ақы беріліп, несие алуға көмек көрсетіліп, белгілі бір кәсіппен шұғылдануға жағдай жасалса, қазір бос жатқан жайлау төсі аз жылда малға толып, тусырап жатқан егістік алқаптарында астық жайқалып тұрар еді. Ал жайылымда еркін жайылған малдың етінің дәмі ерекше екені әркімге аян.
Екінші жағынан, шекаралық аудандар қайтадан ашылса, үлкенді-кішілі қалалардағы тұрғын үй, аурухана, мектеп, балабақша жетіспеушілігі секілді мәселелер едәуір жеңілдей түсер еді. Өйткені ауданы жабылған ауылдарда соның барлығы қаңырап бос тұр. Мысалы, таулы Қаба өңіріндегі есік-терезелері ғана шегеленген ағаш үйлерге қазір көшіп баруға болады. Кезінде «аудандарды қосу уақытша шара, бұл іс кейін жағдай түзелген соң қайтадан қаралып, тиісінше шешілетін болады» деген уәжді ел билеген талай дуалы ауыздан естігеміз. Бірақ соның бәрі жай ғана шығарып салма сөз екенін енді ұқтық. Осы өткен ширек ғасырда еліміз еңсе түзеді, шайқалған шаруамыз орнына келді. Тіпті жағдай түзелген соң өзгелерге қол ұшын бере бастадық. Мақтан үшін өзгені жарылқаған жақсы шығар, дегенмен аз-маз жақсылығымыз болса, алдымен өз халқымызға жасайық та!
Аудан таратылғаннан бергі ширек ғасырда өңір тұрғындары Марқакөл секілді шекаралық аудандарды қалпына келтіруді өтініп, әр жылдары премьер-министр қызметтерін атқарған – Н.Балғымбаевқа, Қ.Тоқаевқа, И.Тасмағамбетовқа, парламент сенатының депутаты – З.Батталоваға, №20 Зайсан сайлау округы бойынша парламент мәжілісінің депутаты болған А.Қабанбаевқа, Нұрахметовке жүздеген адамның қолы қойылған хаттар жолдаған. Мұндай арыз-өтініштер, бейнетаспаға жазылған үндеулер ел билігіне қазір де жыл он екі ай жолданып, жатқанымен жабулы қазан жабулы күйі қалып келеді.
Ауданы таратылып, жыртық астаудың қасында қалған тұрғындардың көз жасын көріп, олардың мұң-мұқтажына, арыз-арманына құлақ салған ешкім болмады. Өңірдің әртүрлі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуге тиіс әкімқаралар жолы қиын болған соң ол жаққа ат басын бұрмайды да. Әртүрлі деңгейдегі құзыретті органдардың назарынан тыс қалған –Төсқайың, Шанағаты, Бұғымүйіз, Ақжайлау, Қарашілік, Теріскей, Бөкембай, Күнгей Бөкембай т.б ауылдарға әлі күнге дейін су құбырлары тартылмаған. Марқакөлдің жағасындағы 400-ге жуық тұрғыны бар Ұранқай ауылында балаларды оқытуға қауіпті болғандықтан, 2020 жылы мектеп жабылып қалған, ал жаңа мектептің құрылысы әлі басталмаған. Оқушылар үйінен шалғайға басқа ауылдарға барып оқуға мәжбүр. Мұның өзі тұрғындардың бұл елді мекеннен де қоныс аудара бастауына түрткі болған.
Қорыта келгенде, Марқакөл ауданы таратылғалы бұл өңірдің экономикасы мүлде құлдырап, жұмыссыз қалып, күйі кеткен жергілікті халық үдере көшіп жатқандықтан, шекаралық өңір бос қалуға таяды. Ал бұған жол беруге болмайды. Екіншіден, альпілік белдеуде орналасқан орманды, таулы, шөбі шүйгін бұл аймақ төрт түлік мал, марал өсіруге, омарталар ұстап, ара шаруашылығын дамытуға қолайлы. Таулы Қаба аймағында ертеректе марал өсірген. Егер аудан қайта ашылып, іскер басшылық жасалса, өңірдің өзінің 1970-80 жылдардағы деңгейіне жетуіне әлеуеті зор. Үшіншіден, мұнда табиғаты әсем Марқа көлінің, Марқакөл қорығының негізінде туризмді дамытуға әбден болады. Төртіншіден, өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Марқакөл өңірінде бірнеше қола, алтын кеніштерінің жұмыс істеуі бұл өңірдің өнеркәсіптік бағыттағы мүмкіндіктерінің де зор екенін көрсетеді.
Соңғы жылдары күмәнді рұқсат қағаздары бар әлдекімдер ол жерлерді бейберекет қопарып, жерді тас-талқан етіп, кенін қазып алып, суы көздің жасындай тау өзендерін лайлап, адам көргісіз етіп жатыр. Оның ішінде «Кемп Восток» ЖШС, «Майнинг» ЖШС, «Қазақмыс барлау» ЖШС, «Сұңқар» ЖШС тағы басқалары бар. Мемлекет бұлардың ашылуының заңды-заңсыздығын тексеріп, салық төлеген, төлемегенін анықтап, шаруаны тәртіпке келтірсе, мұның өзі бюджетке түсетін салық пен басқа да төлемдердің қайнар көзі болар еді.
Республиканың қазіргі президенттің премьер-министр қызметінде жүргенде бұл мәселені шешуге құзыреті жетпеген шығар. Және ол кезде қысқа жіп күрмеуге келмегені де сөзсіз. Еліміздің бүгінгі экономикалық әлеуеті бұлай жасауға әбден мүмкіндік беретіні аян. Халқымыздың барлық құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып табылатын Республика Президенті, еститін өкімет концепциясының авторы және билік партиясы «Нұр Отанның» жаңадан сайланған төрағасы ретінде осы мәселені шешу – Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан әбден келеді деп ойлаймын.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – еліміздің ұлттық қауіпсіздігін нығайту, шекараны бекемдеу мақсатында, Марқакөл секілді шекаралық аудандарды қалпына келтіру әбден толғағы жеткен мәселе. Өйткені, онсыз да өркениеттен жырақта, қысы қатты, қары қалың ауыр табиғат жағдайларында елдің шетінде, желдің өтінде жетім күй кешіп жатқан шекаралық аймақтардың тұрғындары халқымыздың өгей баласы емес. Демек, олардың да адамша қалыпты өмір сүруіне тиісті жағдайлар жасалып, шекаралық аудандарды қалпына келтіру ел билігінің азаматтық парызы деп білемін