Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:23, 15 Маусым 2021

Иілмейтін Италия, бүгілмейтін Бельгия

None
None

Еуропа чемпионатының әзірше аузымен құс тістеген жүйрігі осы екеуі

                          «А» тобының аяқ алысы қандай?

        Бұл бір тағдырлы біріншілік. Былтыр өтуі тиіс еді. Коронавирустың етек алып кетуіне байланысты кейінге шегерілді. Тіпті жылнамадан сызылып қалуы да мүмкін еді. Ұйымдастыру комитеті биыл өткізудің ретін тапты. Пандемия кезіндегі Еуропа чемпионатынан жұрт үрдіс, қандай да бір жаңалық күтсе, мамандар  көп үндемейді. Себебі қазір атой салатын команда жоқтың қасы. Сылбыр ойынға сүрінетін құрлық чемпионатын құтқаруға Италия мен Бельгия белсенген секілді. Екеуі де жұрт елең етердей өнер көрсетті. Қарсыластары да осал емес еді. Шайдың самасына қарап сәуегейлік жасайтындар да, жауырыншылар да Түркияның кемі келесі айналымда доп тебетінін болжаған.

       Бірсыдырғы, бұйығы ойнайтын Италия әупірімдеп жүріп қана алға жылжи беретінін алға тартты. «Скуадра адзурра» салған жерден қарсыласының апшысын қуыратынын ешкім ескермеді. Өйткені, шынында да, көбіне қорғанысқа көңіл бөлетін команда ғой.  Құрлық чемпионатының алғашқы матчында Роберто Манчини шәкірттері Еуропаның намысына шапқан секілді. Түркияны тұқыртып, қазіргі кезде де жүйелі ойын өрнегіне орын бар екенін дәлелдеді. Тіпті ә дегеннен Чакыр қорғаған қақпаға лап қойып, үзіліске дейін қарсыластарының қорғанысына қатты қысым жасады. Шенол Гюнештің шабуылшысы Бурак Йылмаз допқа жете алмай қалды, әлде доп Буракқа бармады. Инсинье–Иммобили–Берарди үштігі өз үстемдігін паш етіп, оларға қос қанаттан Локателли мен Барелла жәрдем беріп, кімнің асығы алшысынан түсетінін анық түсіндірді. Әншейінде жетегіндегі допты ешкімге бермейтін Челханоглудың өзі сасып қалды. Қайта қорғаныстағы Челик, Демирал, Сүйінджулердің діні берік, жүйкесі қалың екен. Төніп келген қауіпті сейілтуге күш салды. Қақпашы Чакыр шеберлігін де тағы еске салуға тиіспіз. Осы төртеуі болмағанда бірінші таймнан кейін таблода талай гол самсап тұрар еді.

       Айыл тартатын Италия ма? Үзілістен кейін шабуылын тіпті үдетті. Роберто Манчини кімнің не істеу керектігін қайта пысықтаған секілді. Қысымның күшейгені соншалықты – 53-минутта Мерих Демирал өз қақпасына гол соғып алды. Сол-ақ екен, енді Италия шабуылшылары бұрынғыдан бетер белсенді. 66-минутта Чиро Иммобили гол соққаннан соң, қарқынын сәл бәсеңдетер дегенбіз. Өйткені алда тағы екі ойын бар ғой. Жоқ, Чиро әріптесінен қалып қойса, мұң кешетінін түсінген Лоренцо Инсинье мергендік танытып, былайша қонақтар, сайып келгенде, алаң иелері ірі есеппен жеңіске жетті.

       Былайша, алайша дегенімізде сыр жатыр. Биылғы Еуропа чемпионаты көшпенді ел секілді мемлекеттерге көшіп жүреді. Мысалы, Түркия – Италия кездесуі Римдегі Олимпиада стадионында өтті. «А» тобындағы тағы екі команда – Уэльс пен Швейцария Бакудегі Олимпиадалық стадионда доп тепті. Әзірбайжанды жатырқады ма, бірінші таймда қос қарсыластың өнерінен ел түгіл, ойыншылардың өзі де жалығып кеткен секілді. Төреші қашан ысқырады деп жалтақтаумен болды. Жас толқынға қарағанда Гаретт Бэйл әжептәуір жіті қимылдады. Доптың «тілін» білетін жігіт қой. Әріптестерінің қалай қарай жүгіретінін де түйсігімен сезеді. Пас беруі де әдемі, өзі де қақпаны бір-екі рет нысанаға алды.

        Швейцария сылбыр болмаса да, соған тақау жүрді. Уорд пен Зоммер демалған ойын болды. Қос команданың қақпашыларын айтамыз. Матч барысында Зоммер қорғаған қақпаға екі соққы ғана дәл барды. Уорд төрт рет тура соққыға төтеп беруді ойлады. Үшеуін қайтарды. Біреуін қақпасына өткізіп алды. Зоммерді де мақтауға келмейді. Тура бағытталған екі доптың бірін қайтара алмады. Осы тұстан-ақ командалардың тең түскенін біліп отырған шығарсыздар. Есепті Швейцария ашты. Брэль Эмболо екінші тайм бастала бере Уордты әуреге салған. Содан кейін тағы да алаңда мимырт тіршілік орнады. Тек 74-минутта Киффер Мур мүлгіген тыныштықты бұзды. Оның жауап добын әсіресе түріктер жақтырған секілді. Себебі енді екі ойында алты ұпай ұстанатын болса, Түркия құрамасы келесі айналымға жолдама алады. Өзге матчтардың есебіне қарамастан.

     Дәл қазір Роберт Пейдж командасы да, Владимир Петкович баптайтын Швейцария да алынбас қамалдай көрінбейді. Қайта осал тұстары көп. Илікпейтін Италияның құрсауында қалып қойған Түркия келесі турда ес жиятын шығар. Қашанғы қорқа берсін, қайрат көрсетер кезі де келер.

                            «Б» тобындағы биік кім?

       Дания мен Финляндия құрама командалары Копенгагендегі «Паркен» стадионына шыққанда күн шайдай ашық еді. Аздап соққан желдің өзі де қандай да бір қауіп барын сездіре алған жоқ. Шат-шадыман жанкүйерлер, бақытты футболшылар, сәл қобалжыған бапкерлер демесеңіз, көзге қораш ештеңе байқалмады. Екпіні қатты Дания фин жаққа қарай ентелеп, ерте ме, кеш пе, есеп ашатынын байқатты. Қай-қайсысы да атан түйеге айырбастап ала алмайтын ойыншылар ғой. Атан түйе әдіре қалған заман екенін жақсы түсінеміз. Бірақ біздің қазақы өлшем бәрібір санада көрініс беріп тұрады.

      Жарайды, маңдай тері бірнеше атан түйеге тұратын Кристиан Эриксен қандай! Өзі ойын үйлестіруші, өзі соққы жасаушы, әсіресе айып добын шебер орындаушы, былайша айтқанда, бесаспап жігіттің бүгінгі ойыны да жергілікті жұртқа ұнап тұр. Дания халқының шығарып айтқан сөзі бар. «Бізге байлық қажет емес, Кристиан Эриксен бар!» Маңдайына мұндай ойыншы біткен елдің, шынында да, ұсақ-түйекке қайғыруы мүмкін емес қой. Міне, Кристиан келесі бұрыштамаға беттеп бара жатыр. Енді аяғындағы допты Мартин Брэйтуэйтке жеткізіп берді. Юссуф Поульсенге пас шығарды. Қанша қысым көрсетсе де, Финляндия қорғанысы шыдас беруде. Әсіресе қақпашы Градецкийдің еңбегі ерен. Сыныптай сырғып қырық минут өтті. Есеп әлі ашылған жоқ. Әне-міне гол соғылардай.

      Эриксен енді сол қанаттан қауіп төндірді. Тағы да Градецкий доптың жолын кес-кестеді. Тіпті Финляндия қарсы шабуылға кетті. Пукки секілді сұрмергені бар командаға ол да жарасады ғой. Үзіліске бір-екі минуттай уақыт қалды. Солға таман ашылған Кристианды көрген әріптестері Эриксенге пас ұсынды. Доп тізесіне тиді де, жартылай қорғаушы сүріне-қабына құлады. «Апыр-ай, – дестік экранның бергі бетіндегі біз, – Кристиан да шаршайды екен-ау». Қасындағы фин ойыншылары да мойын созып қарап қойды. Дабыл қаққан әріптесі. Дереу қолын бұлғап дәрігерге белгі берді. Төреші де айқай салды. Мәссаған! Камераны бұрғанда көрдік, Кристианымыз ес-түссіз жатыр. Көмекке асыққандар да жетті. Дания футболшыларының өңі қашты. Жағдайдың тым күрделі екенін сездіргендей. Жүрегі тоқтап қалды ма деген ой да келді миға. Анау тұстағы дәрігер қимылы сондай болжамға жетелейді. Жігітің Симон Кьер екен. Жалма-жан командаластарын қасына жинап, Кристианды қоршап тұра қалысты. Ойын жайына қалды. Ойымыз біреу: Эриксен тірі болса екен! Дания құрамасының бас бапкері Каспер Хьюлманд солай беттеп барады. Каспердің қас-қабағын, бет-әлпетін бағып біз отырмыз. Сабырлы кісі екен. Қақпашы Каспер Шмейхельдің де мінезін білдік. Жаси бастағандарға жекіп, жөнге салды. Сағат тілі айналып жатыр ма, тоқтап тұр ма, сол сәтте бізге айырмасы жоқ еді. Экранға ентелей түсеміз. Тіпті ес-түссіз жатқан өзіміз сияқтымыз. Өмір тоқтап тұрды. Тегіс тілекшіміз! Кристианның жаны қалсын! Ақпараттар ағынына көз тастаймыз, жан жадыратар хабар болсашы. Кристианды алаңнан алып кеткенде ғана жақсы ақпарат жетті-ау! Тірі екен! Ендігісін көріп аламыз. Әзірше жаны бойында. Бір Жаратушыға аманат.

         Футбол сағат жарымнан кейін бе, «Паркенге» қайта оралды. Жұрттың көбі тарап кеткен. Енді ойын көрудің сәні кетті. Суып қалған футболшылар дене қыздырып алды да, бірінші таймға тиесілі бес минутты өткізді. Сәл тыныстап алып, екінші таймға кірісті. Шынымызды айтайық, көзіміз экранда болса да, көңіліміз басқа жақта еді. Әлгі Кристиан жатқан госпитальда. Біреу гол соққандай болды. Финляндия екен. Йоэль Похьянпало! Бүгін біреу гол соқса, Йоэль салатындай екен дедік іштей. Тегін оқып отырып. Есеп – 0:1, Маркку Канерва шәкірттері үш ұпай ұстанды.

         Сәлден кейін Бельгия мен Ресей арасындағы кездесу басталды. Сан-Петерборда. Эриксенге қатысты оқиғаға елең етпеген Ромелу Лукаку секілді. Оны жазғырудан аулақпыз. Қайта мінезіне тәнтті болып отырмыз. Өз қызметін мүлтіксіз атқарды. Ромелу 10-минутта есеп ашты. Алаң иелері абдырап шыққан ба, білгендерінен жаңылып, қорғанысы сетіней берді. Иесіз қалған допты икеміне көндірген «Интер» шабуылшысы мергендік танытты. Сәлден кейін Томас Менье гол соқты. Жарты сағаттың ішінде барлық мәселені шешіп тастаған Бельгия «қызыл сойқандар» деген лақап атқа әбден лайық екенін танытты. Чемпионат басталмас бұрын айтқан едік. Биыл Роберто Мартинес шәкірттері биікке ұмтылады дегенді. Ойыннан кейін сөз алған бас бапкер: «Кристианның жағдайын естіген соң, футбол ойнау емес, ол туралы әңгіме қозғаудың өзі артық еді. Бәріміз үнсіз қалдық. Өйткені біздің құрама сапында Эриксенмен «Тоттенхэмде», «Интерде» бірге ойнаған жігіттер көп. Олардың түріне қарау тіпті қорқынышты еді. Кристиан есін жиды дегеннен соң ғана матч туралы ойлай бастадық. Бәріміз Эриксеннің тез сауығып кеткенін тілейміз», – депті. Екінші таймда Лукаку тағы бір гол соғып, Бельгия ірі есеппен жеңіске жетті. Мартинес шәкірттерінің плей-офф бәсекесіне жолдама алатынына енді ешкім шүбә келтірмес.

                                  «Д» тобының дарасы

       Рақым Стерлинг болмағанда бұл матчтың тең аяқталуы әбден мүмкін еді. Англия мен Хорватия терезесі тең өнер көрсетті. Мысалы, екі команда да сегіз-сегізден соққы бағыттады. Қос қарсылас та екі рет қақпаны нысанаға дәл алды. Допқа иелік еткендері де қарайлас. Тіпті пас берудегі дәлдіктері де 84 пайызды құрапты. Екі реттен футболшылары ойыннан тыс қалған. Бір-бірден ғана ескерту алды. Қысқасы, нағыз лайықты қарсыластар арасында өткен матч. Сарапқа салынған үш ұпайды ағылшындар иеленді. Өйткені 59-минутта Рақым Стерлинг гол соққан еді. Гарет Саутгейт шәкірттерін былайғы жұрт біріншіліктің бас жүлдесінен үміткер деп есептейді. Оған негіз де жоқ емес. Еуропа чемпионатын «Уэмблиде» бастаған ағылшындар азулы қарсыластарын оңай ұтатынын болжағандар да болды. Бірақ Златко Даличтің өз есебі болды.

       Ковачич–Брозович–Модрич үштігіне сенім артқан бапкер үнемі алға ұмтылатын Перичиш–Рибич–Крамарич секілді сұрмергендерден де үміт күткен. Үміт ақталатын еді, егер біз атаған алты жігіттің бірі гол соққанда. Ағылшындар да Гарри Кейнге жол ашып беріп, шабуылды өрістетті. Стерлинг әлі бабында. Оның да ойқастап шыға келетіні өз алдына, пас таратудағы шеберлігі де кісі баласына ұнайды. Қысқасы, бұл жолы ағылшындардың айдарынан жел есті.

       Чехия мен Шотландия жарысқа енді қосылды. Сол екеуінің осал тұсын тапса, хорваттардың да көшке ілесіп кететіндей қауқары бар. Далич шәкірттерінің қазіргі ойын үлгісі олардан үміт күтуге болатынын аңғартады. «Д» тобынан дара шығатын ағылшындар шығар, екінші орыннан Хорватия көрінсе таңғалудың реті жоқ.

                           «С» тобының сәнін келтірген...

      «С» тобының сәнін келтірген ойын «Йоханн Круифф» стадионында өтті. Нидерланды Украинаны қабылдап, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Матч кезінде рекорд та тіркеліп жатты. Бұған дейін қарсыластар бірінші таймды тең аяқтап, үзілістен кейін бес гол соғып көрмепті. Деректі жіпке тізетіндер соның өзін бір мақалаға тақырып етіп, жұртқа жариялауда. Бізге керегі –  матчтың өзі. Франк Де Бур да, Андрей Шевченко да осы ойыннан кемі бір ұпай ұстануды мақсат санағаны анық. Әсіресе жергілікті футболшылар ұтылғанды ар санайтын. Сондықтан да шығар, матч басталған бетте алға қарай лап берді. Украина қорғаныста сабырлы, қателікке бой алдырмайды. Оған іріктеу сындарындағы ойындар негіз.

       Амстердамда да Шевченко шәкірттері біршама жинақы өнер көрсетті. Рас, 52-минутта Жоржиньо Вейналдум есеп ашты. Жеті минуттан кейін Ваутер Вегорст нәтижені еселеді. Еуропа біріншілігінің әр минутын күзетіп, бүгініне баға, ертеңіне болжам жасаушылар тап сол кезде матч аяқталғанын меңзеді. Себебі енді алаң иелері бір гол соқпаса, қонақтардан қайтар табылатынына шүбә келтірген. Оны елейтін Андрей Ярмоленко ма? 79-минутта алыстан шірене тартып, Мартин Стекеленбург қорғаған қақпадан саңылау тапты. Артынша Руслан Малиновский Роман Яремчукты паспен тауып, Роман әуелеп келген допты баспен қақпаға бұрды. Міне, қызық! Стадионға жиналған жұрт сілтідей тынды. Шынымен жеңістің ауылы алыстап кетті ме? Енді Нидерланды ойыншылары жалаңаяқпен шоқ басқандай әсерде қалды. Шоршып келген допқа кенеше жабысып, Бущан қорғаған қақпаға қарай безді. Бақтарына орай, матч соңына таман Дензел Дюмфрис шешуші голды соқты. Дензел болмағанда алаңнан мең-зең қайтар еді. Нидерланды үш ұпай ұстанып, Австрияны қуып жетті.

Франко Фода командасы Игорь Ангеловский баптайтын Солтүстік Македония құрамасын 3:1 есебімен жеңген еді. Бухарестегі Ұлттық стадионда өткен бұл ойын да көпшілік көңілінен шықты. Ә дегеннен матч тізгінін қолға алған Австрия талайға дейін допты қарсыласына берген жоқ. Он сегізінші минутта Штефан Лайнер есеп ашып, іс біттіге жорыған. Егер естеріңізде болса, апта бұрын Қазақстан құрамасы Скопьеде Солтүстік Македониямен жолдастық кездесу өткізді. Сонда байқадық, Элмас–Алиоски–Трайковский секілді жылдам жігіттер кез келген қарсыластың қақпасына қауіп төндіре алатынын.

       Жасы қырыққа таяған Горан Пандев те әлі қатарда. Румыния астанасындағы кездесудің 38-минутында сол Пандев таразы басын теңестірді. Рас, Трайковский әлгі голға көбірек еңбек сіңіргенін айта кетейік. Екінші таймда да Солтүстік Македония ойын өрнегі солғын тартқан жоқ. Қайта Алиоски арқылы өрбіген шабуылдар өткірлене берді. Австрия бапкері Франко Фода алаңға қарт құрлықтың тағы бір ардагер ойыншысы – Марко Арнаутовичті шығарды. Сол кезде Франконы сөккендер аз болмағаны анық. Алайда Арнаутович ойынға жаңа леп әкелді. Өзі де гол соқты. Михаил Григоричтің көзге түсуіне де көмектесті. Михаил да екінші таймда алаңға шықты. Демек, Австрия тың ойыншылар есебінен жеңіске жетті.

       Еуропа біріншілігі бүгін де жалғасады. Венгрия Португалиямен, Франция Германиямен кездеседі. «Альянц Аренадағы» ойын көпшілік көңілінен шығатыны анық. Бірақ кімнің тасы өрге домалайтынын түнде білеміз. Мамандар француздарды биылғы біріншіліктің серкесіне балайды. Неміс командасының өз жоспары бар. Дәл бүгін екеуі де бір саусағын ішке бүгетін секілді. Қазақтан сөз қалған ба? «Бәйгенің басында озған жүлде алмайды, желігіп талай жерге келгенменен», – дейтін елдің жарысқа өз жорамалы бар.

      
Тегтер: