Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:40, 25 Маусым 2025

Ықпалды дінбасы Арменияда теракт ұйымдастырып, билікті басып алғысы келді

Армения
Фото: zhasalash.kz

Арменияның Тергеу комитеті Армян Апостол шіркеуінің иерархы, архиепископ Багратты терактілер ұйымдастыруға және елде билікті басып алуға талпынды деп айыптады.

News.am порталының жазуынша, 25 маусымда құқық қорғау органдары архиепископ Баграт құрған «Қасиетті күрес» атты наразылық қозғалысын мемлекеттік төңкеріс дайындады деп мәлімдеді.

Комитеттің кеңейтілген хабарламасында айтылғандай, қозғалыстың бастамашысы және жетекшісі В.Г. (кейбір БАҚ-қа сәйкес, бұл архиепископ Баграт Галстян) бастапқыда ел Конституциясына сай бейбіт жолмен билікке келуді көздеген. Алайда ол бұл мақсатқа қол жеткізе алмаған соң, 2024 жылдың қарашасынан бастап заңсыз жолмен билікті басып алуға бел буған.

Тергеу материалдарына сәйкес, В.Г. мен оның жақтастары 200–250 соққы жасағын құруды жоспарлаған. Әрбір топта әскери дайындықтан өткен, бұрынғы әскери қызметкерлер мен полиция өкілдерінен құралған 25 адам болуға тиіс болған. Бұл топтарға нақты міндеттер жүктеліп, оларды басқа топтардан оқшау күйде орындауға тапсырма берілген. Әрекеттер 24–36 сағат ішінде үйлестіріле отырып іске асырылып, елдегі жағдайды тұрақсыздандыру көзделген.

Қылмыстық топтың жоспарына төмендегілер кірген:

  • Ереван қаласындағы тоннельдер мен автожолдарда тосқауылдар жасау;
  • Жол-көлік оқиғаларын ұйымдастыру;
  • Көліктерге от қою және жарылыс жасау;
  • Электр желілерін, байланыс инфрақұрылымын істен шығару;
  • Қалалық көлік жүйесін паралич ету;
  • Үкімет сайттарына кибершабуыл жасау;
  • Полиция мен ішкі әскерлердің қозғалысына кедергі келтіру.

Сонымен қатар олар мыңнан астам жақтасты қатарларына тартып, Ереван картасын зерттеп, көше қиылыстарындағы бағдаршамдар мен электр желілерінің орналасуын анықтаған. Мыңдаған жанғыш құралдар мен жолды зақымдауға арналған металл құрылғылар сатып алынған.

Армения Ұлттық қауіпсіздік қызметі бұл әрекеттерді іске асыру кезеңіне жетпей анықтап, қылмыстық жоспардың алдын алды.

Багдад
Фото: ria.ru

Тергеу комитеті қазіргі таңда қылмыстық істі тергеп, барлық қатысушыларға қатысты заң шеңберінде шара қолданылатынын және азаматтарды арандатуларға ермей, заңға бағынуға шақыратынын мәлімдеді.

Бұл оқиғаға Қазақстан Сыртқы істер министрлігі де пікір білдірді. Ведомство ресми өкілі Айбек Смадияров Армениядағы жағдайды сол елдің ішкі ісі деп бағалады:

«Армениядағы оқиғалар – елдің ішкі мәселесі. Қазақстан Армениямен достық және стратегиялық әріптестік рухында жан-жақты ынтымақтастықты дамытып келеді. Екі ел арасында қалыптасқан өзара сенім атмосферасын жоғары бағалаймыз. Армян халқына тыныштық пен амандық тілейміз», - деді СІМ өкілі.

Тегтер: