Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:57, 28 Наурыз 2023

Ильин апатты болжайды да... шығынын есептей бастайды

None
None

Елімізде 127 мыңнан астам үйді су басуы мүмкін! Еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин осындай мәлімдеме жасады.

«Су тасқыны жағдайының қолайсыз дамуы кезінде су басу аймағында 255 елді мекен болуы мүмкін, бұл 127 мыңнан астам үй және 700 мыңнан астам азамат», – деді министр. Жыл сайын еріген қар суының шығынына ұшырап отырғанымызға бірнеше жыл болды. Төтеншеліктер апатты жағдайдың алдын алудан гөрі төтенше оқиғадан соң апаттан келген залалды есептеуге машықтанып алған.

Өйткені еліміздің барлық қалалары мен ауылдары жауған жаңбыр, тасыған өзен мен еріген қар суының астында қалып, шығынға ұшырауы жыл сайын үйреншікті жағдайға айналып барады. Елімізде жыл сайын апаттың алдын алып, салдарын жоюға миллиардтаған қаржы бөлінеді. Мәселен, 2021-2023 жылдарға арналған «Су тасқынының алдын алу жол картасы» аясында 167 млрд теңге қаражат бөлу көзделген екен. Бірақ тиісті органдар табиғи апатты тежей алмай келеді. Базбір елдер жаңбыр суы мен қар суын жинап, арнайы сүзгіден өткізу арқылы ауыз су тапшылығымен күресіп, әрі жаңбыр мен қарды тиімді пайдаланып отырса, біз қар мен жаңбыр суының пайдасынан гөрі зиянын көп көріп отырмыз. Қазірдің өзінде қар әлі толық еріп бастамай жатып, Ақтөбе облысында көпірлер қирап, Оралда қала ортасында көлдер пайда болып, су тасқынының шығыны көбейіп жатыр. Биыл елімізде қар молынан түскенін ескерсек, шығынның көкесі әлі алда секілді.

«Су тасқыны – адам қолымен жасалған апат»

Осы орайда өткен жылы парламент мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Айжан Сқақова: «Менің ойымша су тасқынының жыл сайын қайталануының екі себебі бар. Біріншіден, бұл табиғи факторға, атап айтқанда, климаттық болжамдардың сапасының төмендігіне байланысты. Министрліктің су ресурстары жөніндегі комитеті гидрологиялық жағдайды бағалау жұмысын жекеменшік мекемелерге тапсырып, қаржы бөледі. Салдарынан климатты болжауда өрескел қателіктер жіберіледі. Дұрыс жасалмаған болжам су тасқынына, төтенше жағдайға тиісті деңгейде дайындалуға мүмкіндік бермейді. Екіншіден, техногендік фактор.

Қазақстандық ғалым-гидролог М.Бөрлібаевтың пікірінше, су тасқыны адам қолымен жасалған апат. Көктемгі су тасқыны Орта Азиядан қорек алатын біздің өзендердің типі үшін өзен және көл экожүйелерін сақтауда үлкен рөл атқарады. Ал біз суды су қоймаларында ұстауға тырысамыз. Кеңестік кезеңде су басатын жерлерде өндіріс ошақтарын, елді мекендер мен тағы басқа нысандар сала бастады. Бұл жағымсыз тәжірибе әлі күнге жалғасып келеді. Мәселен, Атбасар қаласын басатын судың 90 пайызы Жабай өзенінен келеді. Ал Семей қаласында Ертіс өзені Бұқтырмадан келген судан тасиды. Петропавл қаласындағы жыл сайын су басатын саяжайлар Есілдің сағасында орналасқан. Бұның бәрі – табиғи гидрологиялық цикл бұзылғандықтан болады. Адамзат өз қолымен жасаған проблемамен жыл сайын күресіп келеді», – деген болатын.

Расында да жыл сайын қайталанатын табиғи апаттарды түбегейлі шешуге не кедергі? Қашанғы қар суынан зардап шегеміз?!

Өзгелер «қалауын тауып, қар жандыруда»

Шыны керек, басқа елдер жаңбыр мен қар суын тиімді пайдаланып отырғанда, біздің қар суынан қыруар шығынға батып отырғанымыз ұят-ақ! Мәселен, кейбір елдер жаңбыр, қар суларын жинап, арнайы сүзгіден өткізу арқылы ауыз су ретінде пайдаланып отырса, базбір елдер мұндай суларды арықтар арқылы су қоймаларға бағыттап, егістікті суаруға пайдалануда. Мәселен, мексикалықтар «жұмыртқадан жүн қырқып», жаңбыр суын ауыз суға пайдалануда. Ол үшін еріктілерден құралған арнайы топ көмек көрсетуге де дайын. Бүгінде тұрғындар жаңбыр суын жинаудың жаңа әдістерін меңгеріп жатыр. Аталмыш шараны жүзеге асыру үшін Мексика билігі 7 миллион песо қаражат бөлген. Қазір 10 мың тұрғын үйге арнайы құрылғы орнатылған. Жаңа қондырғы жаңбыр суын жинап қана қоймай, оны сол бойда сүзгіден өткізіп тазартады. Бұл құрылғының тағы бір тиімді тұсы ол күннен қуат алып жұмыс істейді. Яғни табиғаттың берген суын құрылғы арқылы жинап, құрылғының өзін табиғаттың көмегімен жұмыс істетуге көшкен мексикалықтарға қалай сүйсінбессің. Бүгінгі таңда Мексика тұрғындарының 40 пайызға жуығы ауыз су тапшылығын сезінеді екен. Әсіресе қуаңшылықтан ауыл шаруашылығының айтарлықтай зардап шегетінін ұққан ел суды барынша үнемдеп пайдаланып, тіпті жаңбырдың тамшысына дейін жинап, кәделеріне жаратудың түрлі жолдарын қарастыруда.

Атап айта кетерлік жайт – біздің елімізде су ресурстарына үнемшілдік жоққа тән. Қар суы мен жаңбыр суы түгіл, таза су қорындағы судың өзін қалай болса солай пайдаланамыз. Әлі күнге дейін күнделікті тұрмысымызда таза ауыз су мен техникалық судың бөлінбеуі – осының айғағы. Көлік жуу орындарында көлік жуу үшін де, көшенің шаңын басу үшін де таза суды шашып, пайдаланып жатырмыз. Кей елдер ауыл шаруашылығында қуаңшылықтың зардабын тартып, егістік суару кезінде де үнемшілдікке көшіп жатса, біз әлі күнге судың басын егістікке бұрып қойып, ернеуінен асыра суару әдісінен әлі өзгере алмай жүрміз. Мәселен, Израиль елі жайқалған егістікті тамшылатып суару әдісі арқылы қарапайым тәсілмен егілген көкөністен екі-үш есе артық өнім алуға болатынын дәлелдеп отыр. Мәселен, кәдімгі әдіс бойынша 1 гектардан 30 тонна өнім алынса, тамшылатып суару арқылы 60-100 тоннаға дейін көкөністі қамбаға жинап алуға болады екен. Шыны керек, суды ернеуінен асырып, күні-түні суарып отырсақ та, біз әлі күнге өз елімізді өзіміз толықтай көкөніспен қамтамасыз ете алмай отырмыз.

Маман не дейді?

Осы орайда География институты су мәселелері бөлімінің меңгерушісі, география ғылымының докторы, профессор Жақыпбай Достайұлы: «Су да – бір тілсіз жау. Оның тілін тауып, тиімді пайдаланудың жолын қарастырмасақ, зардабын тартып, келер шығын көлемі арта берері сөзсіз. Сондықтан жыл сайын беталды аққан судың шығынын көре бермей, өзіміз басқарып, кәдемізге жаратуды меңгеруіміз керек. Дәл қазіргі таңда еліміздің ішкі су саясатындағы басты қағида суды үнемді әрі тиімді пайдалану болуы керек. Шыны керек, суқоймалар салып, еріген қар суы мен жауын-шашынды жинау түгіл, бүгінде қала ішіндегі арықтарды уақытылы тазалап, судың қала ішінде сақталмай ағып кетуіне жағдай жасай алмай отырғанымыз рас. Еліміздің кейбір өңірлерінде қыста кісі бойы қар түсетінін ескерсек, оны Құдайдың өзі берген несібесі ретінде кәдемізге жаратуды ескеретін кез жеткен секілді», – дейді.

Тегтер: