Илон Маск байлығы 500 млрд долларға жеткен әлемдегі алғашқы адам атанды

1 қазан күні Tesla және SpaceX компанияларының иесі Илон Масктың байлығы 500 млрд долларға жетті, деп хабарлады Forbes журналы.
Бұл көрсеткіш Маскты тарихтағы ең бай адам етіп отыр. Tesla акцияларының айтарлықтай өсуі нәтижесінде Масктың жағдайы бір күнде 9,3 млрд долларға артып, 500 млрд доллардан асып түсті. Дегенмен сауда күні аяқталған кезде көрсеткіш аздап төмендеп, 499,1 млрд долларды құрады.
Қайта-қайта рекорд жаңартқан байлық
2020 жылдың наурызында Масктың байлығы небәрі 24,6 млрд доллар деп бағаланған еді. Сол жылдың тамызында Tesla акцияларының күрт өсуіне байланысты ол 100 млрд доллар иеленген бесінші адам болды. 2021 жылдың қаңтарында алғаш рет әлемнің ең бай адамы атанды (190 млрд доллар). 2021 жылдың қыркүйегінде оның байлығы 200 млрд долларға жетсе, қарашада 300 млрд долларға дейін өсті. 2024 жылдың желтоқсанында 400 млрд долларлық межеге жеткен алғашқы адам болды. 2025 жылдың қазанында — әлем тарихындағы 500 млрд доллар иеленген алғашқы кәсіпкер атанды.
Басқа рейтингтер не дейді?
Bloomberg дерегінше, Масктың байлығы аздап төмен – шамамен 470 млрд доллар. Бірақ екі рейтингте де ол бірінші орында тұр. Екінші орында – Oracle компаниясының негізін қалаушы Ларри Эллисон. Оның байлығы Forbes бойынша 350 млрд, ал Bloomberg бойынша 280 млрд доллар деп бағаланған.
Forbes болжамынша, Маск 2033 жылға дейін тарихтағы алғашқы триллионер атануы мүмкін. Ал бір жыл бұрын Informa Connect Academy оның бұл межеге 2027 жылы-ақ жетуі ықтимал деген болжам жасаған еді.