Илон Маск Ирандағы пайдаланушылар үшін Starlink абоненттік төлемін алып тастады
Иранда жаппай наразылықтар күшейіп, елде интернет толық өшірілген тұста Илон Масктың SpaceX компаниясы спутниктік интернет Starlink қызметіне Ирандағы қолданушылар үшін абоненттік төлемді уақытша тоқтатты.
Бұл туралы Bloomberg Holistic Resilience ұйымының атқарушы директоры Ахмад Ахмадианға сілтеме жасап хабарлады. Ақпаратты Starlink қызметінің жұмысына қанық дереккөз де растаған.
Ахмадианның айтуынша, иран билігі алты күн бұрын жаппай антиүкіметтік шерулер аясында интернетке қолжетімділікті толық бұғаттаған. Осы жағдайда спутниктік байланыс ғаламторға шығудың санаулы арнаның біріне айналды. Иранда Starlink жабдығын қолдану ресми түрде тыйым салынғанымен, белсенділер қауіп-қатерге қарамастан терминалдарды шекара арқылы жасырын әкелуді жалғастырып келеді.
Holistic Resilience бағалауынша, қазіргі таңда Иран аумағында 50 мыңнан астам Starlink қабылдағышы болуы мүмкін. Жабдықтардың заңсыз жеткізілімі 2022 жылдан кейін күшейген. Сол кезде АҚШ әкімшілігі америкалық компанияларға санкцияларды айналып өтіп, ирандықтарға байланыс құралдарын ұсынуға рұқсат берген еді. Дәл сол кезеңде Илон Маск Иран үшін Starlink қолжетімділігін іске қосқанын мәлімдеген.
«Наразылықтар басталғаннан бері Иранның барлық өңірінен видеолар көрдік. Адамдар Starlink арқылы елден тысқары туыстарымен байланыс орнатудың жолын тапты», - деді Ахмадиан.
Сонымен қатар, Иран билігі спутниктік байланысты басуға тырысып жатыр. Miaan Group дерегінше, күштік құрылымдар радиоэлектрондық күрес құралдарын қолданып, сигналды тұншықтырады және Starlink пайдаланушыларын іздейді. Бұған дейін мемлекеттік телеарналар «электрондық жабдықтардың ірі партиясы», соның ішінде спутниктік қабылдағыштар тәркіленгенін хабарлаған.
Айта кетейік, Ирандағы қазіргі наразылықтар 2025 жылдың желтоқсан айының соңында бағаның күрт өсуі мен экономикалық дағдарысқа байланысты басталды. Кейін әлеуметтік талаптар саяси ұрандарға ұласып, жоғарғы рухани көшбасшы Әли Хаменеидің отставкасын талап етуге дейін жетті. Әртүрлі бағалаулар бойынша, шерулерді күшпен басу кезінде мыңдаған, тіпті ондаған мың адам қаза табуы мүмкін.
8 қаңтарда Иран билігі интернетті толық өшіріп, сыртқы ресурстарға қолжетімділігі шектеулі жабық ұлттық желі құру ниетін жариялады. Осыдан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Илон Маскке ирандықтарға байланыс орнатуға көмектесу туралы өтініш жасағанын мәлімдеді.