Илон Маск пен АҚШ қаржы министрі Ақ үйде жанжалдасып қалды — Axios

Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамп пен бірқатар жоғары лауазымды тұлғалардың көз алдында Илон Маск пен АҚШ-тың қаржы министрі Скотт Бессент жанжалдасып қалған.
Бұл туралы Axios басылымы бірнеше дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Оқиға өткен аптада орын алған. Жанжалдың негізгі себебі — АҚШ-тың Салық қызметіне кім басшылық етуі керек деген мәселеде туындаған келіспеушілік. Трамп Маск ұсынған Гэри Шеплиді Салық қызметінің уақытша басшысы етіп тағайындаған. Ал қаржы министрі Скотт Бессент бұл лауазымға өз орынбасары Майкл Фолкендерді ұсынған. Осыдан кейін Маск Бессенттің шешіміне қарсы әрекет ете бастаған.
Куәгерлердің айтуынша, Ақ үйдегі көрініс кәдімгі шоуға ұқсап кеткен. Бір куәгер бұл туралы:
«Орта жастағы екі миллиардер Ақ үйдің Батыс қанатындағы кабинетті WWE аренасына айналдырды», — деп сипаттады. Айтуынша, Маск пен Бессент бір-біріне тіл тигізіп, дауыс көтерген. Жанжал күшейіп кеткені соншалық, оларды ажырату үшін көмекші араласуға мәжбүр болған.
Осы сәтте Ақ үйде Дональд Трамппен кездесуге келген Италия премьер-министрі Джорджа Мелони де бұл айқай-шуды естіп қойған. Басылымға сұхбат берген тағы бір дереккөз бұл оқиғаны «шынайы қойылым» деп атап, «дауыс өте қатты болды» дейді.
Axios тілшілері бұл жанжал Масктың жұмыс стилі Трамп әкімшілігіндегі жоғары лауазым иелеріне ұнамайтынын жазады. Басылым дерегінше, бұл жерде дұрыс-бұрысты анықтау емес, билік пен бақылау үшін күрес жүріп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін, наурыз айының басында, Маск пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио арасында Министрлер кабинетінің жиынында тағы бір даулы жағдай болған. Ол кезде Дональд Трамп ештеңе демей, тек бақылап отырған. Жанжал ұзап бара жатқан соң Трамп араласып, «Рубио тамаша жұмыс істеп жатыр» деп пікір білдірген.