Именіп өтер сарайлар
Жаздан бері Ақорданың Есілге қарап тұрған жағына тағы қоршау тұрғызылған. Биіктігі 4 метр болатын қоршау министрліктер үйінен Есіл өзеніне барып тіреледі.
Ақорда
Біздің Ақорданың орналасқан жерін жақсы-ақ жобалаған. Арқасын Есіл өзеніне тіреп тұрған резиденцияның алдын ұзындығы бір жарым шақырымға жететін Министрліктер үйі қоршап тұр. Мәңгілік Ел көшесінің бойына доғалданып салынған бұл ғимараттың кірер екі үлкен қақпасы бар. Екі жағында Сарайшық және Шәмші Қалдаяқов көшелері жатыр. Осы екі көшенің ортасында жоғарғы сот, парламент, үкімет үйі, Роза Бағланова атындағы концерт зал және Ақорда бар. Бұл ғимараттар кешені Астананың сәулетіне әр беріп тұрған ең жақсы жер десек болады. Есілдің арғы жағасында президент саябағы орналасқан. Бұлардың арасында Ақорда – жеке қоршауымен, күзетімен тұрған оқшау сарай.
Жаздан бері Ақорданың Есілге қарап тұрған жағына тағы қоршау тұрғызылған. Биіктігі 4 метр болатын қоршау министрліктер үйінен Есіл өзеніне барып тіреледі. Екінші жағына да сондай биік дуал салынбақ. Бұл Ақорданың қауіпсіздікке жіті назар аудара бастағанын көрсетеді. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдың үстіне қақпа қойылған. Ол керек кезде жабылып, адамдардың өтуіне кедергі болады.
Бұл қоршаудың себебін Қаңтар оқиғасымен байланыстырып жатқандар бар. Билік сол оқиғадан кейін жеке қауіпсіздігіне мән бере бастады дейді.
Бұрын экс-президент Ақордада экскурсия жасауға болатынын айтқаны бар. «Бұл ашықтықтың бір белгісі, халық мемлекет қай жерде басқарылып отырғанын көрсе болады» деген мағынада сөз айтқан. Өзі де бірде 8 наурызда қыз-келіншектерді құттықтағанында президент сарайын аралатып, қай бөлмеде жиналыс өткізіп, қай бөлмеде шенеуніктерге ұрсатынын да айтқан. Былайғы жұртқа арналған экскурсияның бір ғана шарты болған – ол уақытта президент Ақордада болмауы керек.
Енді тағы бір қоршаумен қапталып, Есіл өзенінің екі жағынан қақпа қойылғанда, ондай экскурсия жоқ секілді. Министрліктер үйіндегі екі үлкен аркаға да қақпа қойылған, күзет бар. Мәңгілік Ел көшесі бойындағы жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпірге қақпа қойып, кейін алып тастаған.
Президент резиденциясын республикалық гвардияның солдаттары күзетеді. Сонымен қатар президент күзеті мен Мемлекеттік күзет қызметі бар. Бұл қызметке алынатын солдаттар арнайы әскери, физикалық дайындықтан өтеді.
Резиденцияның жан-жағында тұрған полиция пунктері мен ұдайы тексеріп жүретін күзет қызметкерлерін айтпағанда, Ақорданың айналасында ондаған видеокамералар мен сигнализациялардың, датчиктер бар екені айтпаса да түсінікті.
Кремль
Ресей президенті Владимир Путин отыратын Кремльдің тарихы тереңде жатыр. ХІІ ғасырда қорғаныс үшін салынған қамал осы кезге дейін бірнеше дүркін жаңғырып, осы күнгі қалыбына түскен.
Алғашында ағаштан салынған қамал 1365 жылғы өрттен кейін қайта тұрғызылып, тастан қалана бастайды. Бір замандарда Мәскеудің ақ тасты қаланы атануына осы қамалдың септігі тиген. Ең мықты қамал ІІІ Иван кезінде салынды дейді тарихшылар. Іргетасы үш метрге дейін тереңдеп, қалыңдығы бес метрге дейін жеткен, ұзындығы екі шақырымнан асады.
Кремль қабырғаларының биіктігі алты жарым метрден басталып, 19 метрге дейін жетеді. Әр жерде мұнаралары бар. Олардың бәрі күзетіледі. Ең биік мұнарасы – Арсенал мұнарасы. Биіктігі – 60 метр. Кремльдің астында жерасты жолдары бар. ХV ғасырда салынған жолдардың қайда апаратынын ешкім білмейді. Соғыс кезінде Сталин де оны пайдаланғаны айтылады.
Бұл мұнара Кремль қорғанысындағы ең негізгі қызметті атқарады. Ішкі ауласына кіретін тұста орналасқан бұл жерде президент полкы бар. Кіруге қатаң тыйым салынады. Путиннің кабинеті солтүстік қанатындағы ғимаратта орналасқан. Ресей президентін ФСБ-ның арнайы жасағы күзетеді.
Айтпақшы, Кремль осы кезге дейін қызыл болмаған. Бұрынғы уақытта сыртын әктеп, ағартып тұрған.
Ақ үй
Джордж Вашингтоннан басқа барлық АҚШ президентінің резиденциясы мен үйі болған – Ақ үй. Бұл үйге ең бірінші кірген президент – Джон Адамс. Экскурсия жасауға болатын бірден-бір резиденция – осы. Алғаш Томас Джефферсон өзін ұлықтауға келгендерді Ақ үйге кіруге шақырған. Содан кейін-ақ президент отыратын ғимараттарды көрушілерге ресми рұқсат етілді. Бұл күнде де сейсенбіден жұмаға дейін туристер Ақ үйді барып көре алады.
Бұл ғимараттың күзетін АҚШ-тың Құпия қауіпсіздік қызметі атқарады. Терезелердің әйнектері оқ өтпейтіндей жасалған. Ғимараттың өзінде де күзет бар. Сонымен қатар сыртта да арнайы әскери киіммен де, қарапайым күнделікті киіммен де барлау, күзету жұмыстары жасалады. Құрлықтан да, әуеден де қауіпсіздікті бақылап отырған арнайы жасақ.
Йонсон сарайы
Солтүстік Корея басшысының жиырмадан аса резиденциясы бар. Ең негізгісі құпиясы мол – Йонсон сарайы. Пхеньянның солтүстік бөлігінде орналасқан. Бұл ғимарат 1980 жылдары Ким Чен Ынның атасы Ким Ир Сеннің кезінде салынған. Резиденция туралы шынайы ақпарат аз. Тек Ким Ир Сеннің бұрынғы күзет қызметкерлерінің, сонда болған санаулы шетел журналистерінің, дипломаттарының бірлі-жарым сөздерінен белгілі.
Йонсон сарайына арнайы қызметкерлерден басқа ешкім кірмейді. Жақындамайды. Үш шеңбер күзеті бар. Қабырғасын тастан қалың етіп қалаған және аумаққа тоғы бар сым тартылған. Ең қызығы – айналасындағы алқапқа мина қойылған.
Солтүстік Корея ядролық қаруы бар мемлекет екені белгілі. Кей ақпараттарға сенсек, тіпті ядролық жарылысқа да төтеп береді екен. Ғимараттың астында бірнеше қабат бункер, ұзақ уақытқа жететін азық-түлік дайындалған.
Йонсон сарайына келетін теміржол тарамы бар. Оқ өтпейтін атақты пойызын бәріңіз білесіздер. 18 вагоннан тұратын составтың қай вагонында Ким отыратыны белгісіз.
Әрине, сарайдың аумағында демалатын орындар, парк, Ким жақсы көретін жылқыларды ұстайтын қоралар салынған.
Ақсарай
Бұрын өзіне дейінгі президенттер сияқты екі қабатты Чанкая сарайында отырған Реджеп Ердоған өзіне арнап Ақсарай резиденциясын салдырды. АҚШ-тың Ақ үйінен 30 есе үлкен бұл ғимарат неоосман стилінде салынған. Топкапы сарайын үлгі ретінде алған Ердоған жаңа заман архитектурасының стилін араластырып, құны 615 миллион доллар болатын сарайын салдырды.
Ғимараттың күзеті жоғары деңгейде жасақталған. Астында, әрине, бункеры мен жерасты жолы бар. Онсыз болушы ма еді. Биологиялық, химиялық, ядролық шабуылдарға төтеп беретіндей салынған. Кибер шабуыл мен шпиондыққа қарсы жоғары технологиялы қауіпсіздік системасы орнатылған. Электр сымы тартылмаған «жабық» бөлме, соғыс жағдайында жасырынатын арнайы залдары бар.
Үлкен аумақты алып жатқан сарайда қонақтарға арналған бөлмелер мен ботаникалық бағы, паркы да әсемделіп жасалған. Әлемдегі ең қымбат резиденциялардың қатарына кіреді.
Қасым Арықбай