Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:34

Имплант пен протезге зейнетақы қаражатын пайдалануға тыйым салынбақ

Зейнет
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда зейнетақы жинағынан алынатын біржолғы төлемді стоматологиялық қызметтерге, соның ішінде тіс протездеу мен имплантацияға пайдалану мүмкіндігі тоқтатылуы мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі жаңа нормативтік-құқықтық акті жобасын жариялады.

Құжат «Ашық НҚА» порталында 15 қыркүйекте жарияланып, 30 қыркүйекке дейін қоғам талқылауына шығарылды. Министрліктің түсіндіруінше, өзгерістер азаматтардың зейнетақы активтерін мақсатсыз пайдаланудың алдын алу үшін енгізілуде. Соңғы жылдары тіс емдеуге байланысты заңсыз төлемдер фактілері тіркеліп, мемлекетке айтарлықтай қаржылық шығын келген. Ресми мәліметке сүйенсек, 2021–2025 жылдар аралығында шамамен 200 миллиард теңге зейнетақы қорынан стоматологиялық қызметтер арқылы заңсыз шығарылған.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Отбасы банк» те зейнетақы жинақтарын тіс емдеуге пайдалану өтініштерін уақытша тоқтатқан болатын. 2025 жылдың 15 қыркүйегінен бастап өтініш қабылдау 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін тоқтатылады. Бұл шешімнің басты себебі — осы саладағы алаяқтық схемалардың әшкереленуі.

Жаңа жоба қабылданған жағдайда шектеу уақытша емес, толық тыйымға айналады. Демек, азаматтар енді зейнетақыдан алынған қаржыны протезге немесе тіс имплантына жұмсай алмайды.

Қоғамда бұл бастамаға байланысты екі түрлі пікір қалыптасты. Бір тарап мемлекеттік бақылауды күшейтуді қолдап отыр, өйткені зейнетақы қаражаты ең алдымен тұрғын үй мен емделудің өмірлік маңызды бағыттарына жұмсалуы тиіс дейді. Ал екінші тарап бұл өзгерісті азаматтардың жеке таңдау құқығын шектеу деп бағалайды. Олардың ойынша, әрбір салымшы өз жинағын қай салаға жұмсайтынын өзі шешуі керек.

Денсаулық сақтау министрлігі болса, жаңа норманың басты мақсаты — азаматтардың жинақ ақшасының заңсыз айналымға түспеуін қадағалау екенін айтады. Қорытынды шешім қоғамдық талқылаудан кейін қабылданбақ.

Тегтер: