Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:43, 13 Қыркүйек 2022

Импортқа тәуелділікті азайту

None
None

Жаңа жобалар осы мақсатқа жеткізе ала ма?

Шымкентте өндірістік, кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асыру үшін бірнеше индустриалды аймақ жұмыс істейді. Бұл тәжірибенің жүзеге асып жатқанына он шақты жыл болды. Тәжірибе күткендегідей нәтиже беріп жатқандықтан шығар, алдағы жылдары үшінші мегаполисте тағы бірнеше индустриалды аймақ құру жоспарланып отыр.

Индустриалды аймақтар өндірістік жобаларды қолға алған кәсіпкерлер үшін өте қолайлы. Аймаққа мемлекет қажетті инфрақұрылымның бәрін тартып берген. Бұдан бөлек, аймаққа кірген жобалар салықтық, басқа да жеңілдіктерге ие болады. Шымкентте бұған дейін «Оңтүстік», одан кейін «Тассай» индустриалды аймақтары құрылып, онда бүгінде көптеген жобалар жүзеге асып жатыр. Алда енді тағы бірнеше индустриалды аймақ құру қолға алынып жатыр.

Шымкентте қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарды дамыту бағытында «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы құрылуда. Онда жалпы 1500 жұмыс орнындық 23 миллиард теңгені құрайтын 21 жоба іске аспақ.

Бүгінгі таңда аумағы 133 гектарды құрайтын аймақта инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүруде. Жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов аталған аймаққа арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысын тексерді.

Мұнда қазір15 шақырымдық суаққы жүргізу жұмыстары жүріп жатыр. Оның 12 шақырымы аяқталған. Осы жылдың маусым айында ауыз су жүйесін тарту жұмысы басталған.19,3 шақырымды құрайтын электр желілері тартылуда.

Шымкент қаласы әкімдігінің таратқан мәліметі бойынша индустриалды аймақты инженерлік-инфрақұрылыммен қамту толығымен 2023 жыл соңына дейін аяқталады.

Бұған дейін Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов мегаполисте тағы төрт аймақ ашу жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын. Оның біріншісі – «Жұлдыз» индустриалды аймағы. Қазір аймақтың инженерлік инфрақұрылым жүйелері салынуда. Мұнда шамамен құны 200 миллиард теңге болатын 60 ірі заманауи кәсіпорын ашылады. Инвесторлар тарапынан қызығушылық жоғары. Бүгіннің өзінде 100 миллиард теңгеге 25 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Келісімдерге сәйкес биыл 10 жобаның құрылысы басталады.

Екіншісі – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге

бағытталған жоғарыда аталған «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы. Үшіншісі – 136 гектарға заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешендері аймағы. Мұнда 30 миллиард теңгеге 2 мың жұмыс орнымен 20 жоба іске қосу жоспарланған.

Бүгінде атқарушы органдардың мойнында шағын және орта

бизнестің жалпы өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға көбейту

міндеті тұр.  Мұрат Әйтенов осы мақсатта Шымкент қаласында

төртінші «Стандарт» жеке индустриалды аймағы ашылатынын мәлім

етті.

Сондай-ақ өткен аптада М. Әйтеновтің төрағалығымен кезекті инвестициялық штаб отырысы өтті. Штабқа ZOOM платформасы арқылы қосылған кәсіпкерлер жаңа инвестициялық жобаларын таныстырып, олардың өңір және ел экономикасына тиімділігі жөнінде ұсыныстарын айтты. Солардың бірі «Агрополимер» серіктестігі ұсынған полипропилен жібін шығару жобасы. Өндірісті 2023-2024 жылдары іске қосу жоспарланған. Инвестиция көлемі 1,94 миллиард теңгені құрайтын жоба нәтижесінде 41 адам жұмыспен қамтылады. Серіктестік басшылары «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан 2 гектар жер беруді сұрады.  

«HYDROGEN ENERGY» серіктестігі сутегі асқын тотығын өндіретін жобаны таныстырды. 4 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба 2023-2024 жылдары жүзеге асады, нәтижесінде 30 адамды жұмыс орнымен қамтылмақ, жылына 8 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Жиында жобаны жүзеге асыру үшін «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан 2,4 гектар жер телімін беру сұралды.

Штаб отырысында таныстырылған тағы бір жоба – монтаж көбігін өндірумен байланысты. «BERPER GROUP» компаниясының 250 миллион теңгелік инвестициялық жобасы нәтижесінде 20 адамды жұмыспен қамту көзделген. Кәсіпкерлер ол үшін «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан 0,3 гектар жер сұрап отыр.

Минералды тыңайтқыштар мен агрохимикаттар өндіретін жаңа жобаның құны 450 миллион теңгені құрайды. «Ана Жер» ғылыми-өндірістік бірлестігі құрылыс жұмыстарын кезең кезеңімен 2022-2025 жылдарға жобалап отыр. Жылдық қуаттылығы – 300 мың литр. Жобаны «Жұлдыз» индустриалды аймағында жүзеге асыру көзделген.

Жиында кәсіпкерлердің білдірген сұраныстары мен өтініштері қала басшысы тарапынан мақұлданды. Экономиканың қуатын арттыратын, әрі импортқа тәуелділікті азайтуға септігін тигізетін бірегей жобаларда бюрократиялық кедергілерге жол бермеудің маңыздылығына тоқталған М.Әйтенов әрбір жобаның іске асырылу барысы жіті бақылауда болатынын жеткізді. 

Тегтер: