Импортсыздану ұраны. Үкіметтің бағдарламасы кері жүреді
Теңге тоқтаусыз құнсызданып жатыр. Өткен аптада Ұлттық банк елді жаппай қымбатшылық жайламас үшін базалық ставканы өсіріп, теңгені қолдан тұрақтандырып, ұлттық валютамызды ұшықтаған болды.
Отандық сарапшылар бас банктің экономикаға бұлайша «дем салуын» уақытша көмек десе де, әзірге дәтке қуат әрекет осы болып тұр. Ендігі елдің қауіптеніп отырған мәселесі – инфляцияның шарықтауы.
Негізінде, 2022 жылдың қаңтарында үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, елдегі экономиканы тұрақтандырамыз, инфляцияны жеңеміз деген мақсатта импортты алмастыратын кешенді бағдарлама әзірлеген. Сол кездегі шенеуніктердің оптимистік болжамдары бойынша 2022 жылдың соңына қарай инфляция деңгейі 6-6,5 пайыз болса, 2024-2025 жылдар инфляция 5,5 пайыздық дәлізде болуы керек болатын. Алайда сол 2022 жылдың наурызында-ақ шенеуніктердің болжамы мүлт кетіп, 2022 жылдың көктемінде инфляция дәлізі 13-15 пайыздан асып түсті. Ал жылдың соңында елдегі қымбатшылық деңгейі 20,3 пайызға бір-ақ шарықтады.
Осыған қарамастан, министрлер кабинеті өзінің амбициясын түсірмеді. Сол жылы үкімет тізгінін ұстаған Әлихан Смайылов 2022 жылдың сәуірінен 2025 жылға дейін экономиканы тұрақтандырып, инфляцияны төмендететін импортты алмастыру бағдарламасын әзірлегендерін мәлімдеді. Экс-үкімет басшысы мен оның орынбасары болған Ералы Тоғжанов «бұл бағдарламаның арқасында 700 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, азық-түлік бойынша импорттан 100 пайызға арыламыз» деп уәде берді. Көптеген сарапшылар үкіметтің мұндай өршіл жоспарына күмәнмен қараса да, Смайылов үкіметі импортты алмастыруға шындап кірісетіндерін айтудан танбады. Аталған мәселе бойынша үкіметте министрлер жиі-жиі баяндамалар жасады. Импортты алмастыруға бағытталған инвестициялық жобалардың пулы әзірленді. Тізімге 700-ге жуық жоба кірді, оның 286-сы – импортты алмастыратын негізгі жобалар болды. Салалар бөлінісінде өңдеу өнеркәсібіне 108 мың жұмыс орны құрылады. Инвестициялар көлемі 20,5 трлн теңге болады деп жоспарланды. 2022 жылы 165 жоба іске қосылады, қалған жобалар 2023 жылдан бастап 2026 жылға дейін жүзеге асырылады делінген. Жобаларды іске асырудың нәтижесінде барлығы 9,1 млрд доллар көлеміндегі өнім алмастырылады, шикізаттық емес тауар экспортының өсуі 17,2 млрд долларды құрайды делінді.
Мұндай баяндамаларды тыңдаған сәтте расымен де 2025 жылы импортқа тәуелділіктен құтылып, тым құрығанда азық-түлік саласында, ауыл шаруашылығы секторында 90 пайыздық отандық өніммен қамтуға қол жеткізерміз деп үміттенгендер болды. Алайда қазіргі қалыптасып отырған жағдайға қарап, 2022 жылы үкіметтің өршіл мақсатпен әзірлеген импортты алмастыру бағдарламасы өз миссиясын орындай алмағанын байқаймыз. Аталған импорт алмастырғыш бағдарлама әзірленгелі бері, керісінше, елге енетін импорттың саны өсіпті. Деректерге сүйенсек, биылдың өзінде ғана қант импортының үлесі 84 пайызға артқан. Елге биыл жалпы құны 208 млн долларды құрайтын қант әкеліппіз. Сол тәрізді цитрустық, әсіресе Қытай, Пәкістан және Түркиядан келетін мандариндер импорты 20 пайызға артқан. Бұл санаттағы импорттың жалпы сомасы биыл 118,6 млн долларды құрапты. Спиртті ішімдіктер импорт көлемі 117 млн долларды құраған. Тіпті Ұлыбритания, Ирландия елдерінен ішімдіктер таси бастаппыз. Сол тәрізді макарон өнімдерін де биыл аз өндіріппіз. Өндірістік көрсеткіш 7,5 пайызға төмендеп, макарон өнімдерінің импорты 14,6 пайызға артып, 30,7 мың тоннаға жеткен. Бұл өнімге қатысты импорттың нарықтағы үлес салмағы 24 пайызды құрайды...
Импортқа қонақүйдің не қатысы бар?
Экономика ғылымының докторы, академик Жұмаділда Баяхметовтің айтуынша, үкіметтің әуелден жеңіліс тапқан шайқасының бірі осы импортты алмастыратын бағдарлама болған. Өйткені еліміз 1998-1999 жылдардан бері қағаз жүзінде импортты алмастырумен күресіп келеді. Нәтижесі белгілі. Тура осындай бағдарлама 1999 жылы, 2004-2005 жылдары да қабылданған. Маманның айтуынша, импортты алмастыру үшін арнайы бағдарлама түзіп, бюджеттен қаржы бөлудің қажеті жоқ еді.
«Биыл өңдеу өнеркәсібі 4,8 пайызға ғана артқан. Оның өзі машина жасау саласындағы өндірісті арттырғаннан кейін ғана осы көрсеткішті бағындырды. Елде азық-түлікті өңдеу өнеркәсібі, мұнай-химиясын өңдеу, агросектордағы өңдеу жүйесі әлі тоқырап жатыр. Бұл салалар тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан кейін ес жия алмай кетті. 2021 жылы Мамин үкіметі өңдеу өнеркәсібін 2024 жылы 5,9 пайызға арттырамыз деп жоспарлаған. Биыл бұл көрсеткішті маңайламадық. Жалпы, өзі бізде үкімет бірдеңені жоспарлайды. Ол орындалмай қалса, неге орындалмай қалған себептерін бірден сыртқы факторға жабады. Қазіргі доллардың қымбаттап, теңгенің теңселіп жатқанын да геосаясатқа іліп отыр. Сыртқы фактордан бөлек, ел экономикасының күйзелуіне әсер ететін ішкі факторлар да бар. Үкімет мұны мойындамайды. Бізде бұған дейін 2019-2021 жылдарды қамтыған «Қарапайым заттар экономикасы» деген бағдарлама болды. Бұл да импортты алмастыратын бағдарлама еді. Бағдарлама аясында 600 млрд теңге бөлінген, артынша бұл сома 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды. Енді шамамен 500 млрд теңгесі агроөнеркәсіп өндірісіне, 200 млрд теңгесі – өңдеу саласына, ал қалғаны – өнеркәсіпке және қызмет көрсету саласына бағытталды. Ал қазір бағдарламаның мәні қашқан жоба болғанын көріп отырмыз.
Супермаркетке келген кез келген адам импортты алмастыратын мұндай бағдарламалардың жемісін бағалай алады. Мысалы, отандық жылыжайда өсірілген қызанақтың бір келісі қыс айларында 1 500 теңгеге дейін жетеді, ал сөредегі Польшадан келген қызанақ бағасы 900 теңге. Отандық қызанақпен салыстырғанда Польшадан жеткізілген қызанақ арзан. Алма, жүзімге қатысты да тура осындай жағдай. Шетелдің алмасы арзан. Отандық апорт қымбат. Қарапайым халық үшін тұтынатын өнімнің арзан болуы маңызды. Ал отандық өнімді самсатып шығарып, оны дүкен сөресіне қымбатқа қойғаннан мұндай бағдарламалар жемісін бермейді. Импорт алмаспайды. Халық арзан импортқа ұмтылады. Сондықтан министрлер өнімін арзанға ұсынуы үшін отандық кәсіпкерлерге бақылау қою керек. Арнайы комиссиялар құрылып, кәсіпкерлердің бағдарлама бойынша жұмыс істеуіне, бөлінген қаражаттың нақты қажетті салаларға, нақты отандық кәсіпкерлерге тиюіне жағдай жасау қажет. Әйтпесе, бізде бағдарламаларды жүзеге асырудың түпкі мәні жолда қалды. Қыруар қаражат біреудің танысына, ірі олигарх кәсіпкерлердің құлқынына кетіп қалады. Нақ осы «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша бастапқыда жоғары және орта технологиялық өңдеуге, ауыл шаруашылығы шикізатына негізделген салалар қамтылады делінді, кейіннен бағдарламаға қатысатын салалардың тізімі үш есеге өсіп, жоба тізімінде Rixos Turkestan және өзге де 30 шақты қонақүй салу пайда болды. Сонда бұлардың өңдеу өнеркәсібіне, импортты алмастыруға қатысы қанша?! Міне, осы сұрақтарға үкімет жауап беруі қажет», – дейді экономист Ж.Баяхметов.
Алайда мұндай сұрақтарға жауап беруге шенеуніктер асықпайды. Кезінде өзі премьер болғанда елге талай уәдені үйіп-төккен, нақ осы импорт алмастырғыш бағдарламаның насихатын арттырған Әлихан Смайылов бүгінде Жоғары аудит палатасын басқарып отыр. Осыны ескерген мамандар «нақ осындай бағдарламалардың орындалуын Есеп палатасы арнайы тексеруі тиіс» деседі.
Қырғыздың нәскиі мен өзбектің Nexia-сы
Қалай болғанда да таяу жылдары импортты алмастырып кете қоймайтынымыз анық. Сондықтан қазіргідей қиыншылықтар жалғаса бермек. Ал үкіметтің есебіне сүйенсек, қазір бізде импорттың үлесі 60 пайыз. 2025 жылы Қазақстандағы импорт үлесі 37 пайызға қысқарады.
«Барометр» талдау және сараптау орталығының қаржыгері Дәурен Арынның айтуынша, мемлекеттік менеджментті дұрыс жүйелеп алмай импортты алмастыру бағдарламалары орындала қоюы екіталай. Маманның сөзіне сүйенсек, біз қазір 59 елден компьютер техникасын импорттайды екенбіз. Смартфондар, тұрмыстық техникалардан бөлек, былтыр 650 млн долларға дәрі-дәрмек сатып алыппыз. Киімді 90-ға жуық ел тігіп береді. Құрылыс заттарының 90 пайызын сырттан тасимыз.
«Импорттың тұтқынында отырып, келесі жылы импорттың үлесін 37 пайызға төмендетеміз» деу шындыққа жанаспайды. 2022 жылы үкімет импорт алмастыратын бағдарламаны әзірлегенде импортқа тәуелділіктен 100 пайызға құтыламыз деген. Бірақ біз осы уақытқа дейін тек тұтынушылық саясатты ұстанып келдік. Барлығын сырттан сатып алып отырып, әп-сәтте менеджменттік саясат қалыптастырғымыз келеді. Мысалы, іргеміздегі Өзбекстан бізден бұрын көлік құрастыра бастады. Қазір біздің дүкендерімізде өзбектің тоңазытқышы, газ плиталары, электр плиталары самсап тұр. Базарды қырғыздардың киімдері жаулап алды. Ендеше, бізге бәсекелесті алыстан іздеп қажеті жоқ. Осы екі көршіміздің өзі-ақ менеджменттік саясатты жолға қойып алды.
Негізінде Қазақстанда қай саланы болсын кластерге айналдыруға мүмкіндіктер бар. Ол үшін бір өнімді бастан-аяқ өзімізде шығатын шикізаттармен қамтуды көздейтін кластерлік саясатты жолға қою керек. Мысалы, жеңіл өнеркәсіп киім тігу бізде тоқырап тұр. Үкіметте оны жолға қоятын жоспар да жоқ. Оған қажетті шикізат – мақта 100 пайыз экспортқа кетуде. Одан соң ол мақта бізге киім-кешек, мата болып қайта импортталады. Сол мақтаны өзімізде өңдеп, одан киім-кешек, мата өндіріп, өзіміз ұқсатсақ қанеки! Біздің шенеуніктердің кемшілігі – 30 жыл бойы елдегі барды сата берді. Экономиканы әртараптандыру, мақта-мата өндірісін, жеңіл өнеркәсіпті, сүт және сүт өнімдерін шығару, ет өнімдерін өңдеу, тағы басқа салаларды жетілдіру ойларына кіріп шықпады. Қажетті өнімді тек сырттан тұтына бердік. Енді келіп, ес жисақ, елдің бәрі алдымызға шығып алған. Қазір импортқа тәуелділіктен арылу мәселесі бағдарлама шеңберінде шешілмейді. Бұл мәселемен өзге органдар айналысуы керек. Бағдарламалардың неге орындалмағанын Есеп комитеті тексеруі тиіс. Ал импортқа тәуелділіктен арылу үшін отандық өндіріске қолдау жасаумен бірге нарыққа да белгілі бір деңгейде бақылау жүргізіп, мониторинг жасап отыру қажет. Сол арқылы қазақстандықтардың тек «Қазақстанда жасалған» өнімді тұтыну көлемін арттыруға болады», – дейді қаржыгер.
Мамандар осылай дегенімен, орындалмай қалған бағдарламаларға қатысты үкімет есеп бере қоймайды. Тіпті өткенде премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин еліміздің импортқа тәуелді болуының себебін атады. Оның айтуынша, бір мемлекет тауардың бір түрін шығарса, басқа бір мемлекет басқа тауар шығарады. Бүкіл тауарлар бір мемлекеттен шығарылатын болса, сауда болмайды.
«Сол себепті біз де бәрін шығара бермейміз. Бәрін өндіретіндей жоспар да жоқ. Десе де, азық-түлік тауарларының әлеуметтік маңызы бар. Ал өз-өзімізді 100 пайыз қамтамасыз етуді міндетті түрде жасаймыз. Қазіргі уақытта 10 тауарлық позициямен өзімізді 100 пайыз қамтамасыз еттік», – деді премьер-министрдің орынбасары.
Аңғарғанымыз, үкімет импортқа тәуелділіктен құтылуға қатысты «100 пайыздық межеге жетеміз» дегенді әбден жаттап алған сыңайлы. Ал біз импорттан арыламыз деп арнайы бағдарлама жасап, импортты көбейтіп алған үкіметке қарап, «осылар ештеңе ойлап таппай, тыныш отырса екен» деп тілейтін жағдайға жеттік.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ