Импорттан өндірісге: Қазақстан жеңіл өнеркәсіпті қалай қайта құрып жатыр
Қазақстанда өңдеу өнеркәсібін дамыту жаңа экономикалық саясаттың өзегіне айналып отыр. Соның ішінде жеңіл өнеркәсіп саласына ерекше көңіл бөлініп, оны жаңа деңгейге көтеруге бағытталған кешенді бағдарлама әзірленуде.
Соңғы жылдары бұл салада оң динамика байқалады. Өндіріс көлемі артып, отандық кәсіпорындар жаңа мүмкіндіктерге ие бола бастады. Дегенмен, ішкі нарықта импорттың үлесі әлі де жоғары. Сондықтан мемлекет бұл саланы жүйелі түрде қолдауды күшейтуді көздеп отыр.
Жаңа бағдарлама аясында өндірісті жаңғырту, инвестиция тарту және еңбек жағдайын жақсарту негізгі бағыттардың бірі болмақ. Сондай-ақ өнімнің сапасын арттырып, жоғары қосылған құны бар тауарлар өндіруге басымдық беріледі.
Осыған қатысты сала сарапшысы Ерболат Боранбай жеңіл өнеркәсіптің алдағы даму бағытына тоқталып өтті:
«Қазіргі таңда бұл бағыттағы кешенді жоспар талқылану үстінде. Негізгі мақсат – өндіріс көлемін арттыру, заманауи кәсіпорындар құру және инвестиция тарту арқылы тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыру. Қазақстанда шикізат базасы жеткілікті, сондықтан толық өндірістік циклді дамытуға мүмкіндік бар» .
Маманның айтуынша, алдағы жылдары әсіресе мақта өнімдерін терең өңдеуге басымдық беріледі. Бұл отандық шикізатты тиімді пайдаланып, дайын өнім шығаруға жол ашады. Сонымен қатар жаңа технологияларды енгізу арқылы өнім сапасын арттыру көзделіп отыр.
Жалпы алғанда, жеңіл өнеркәсіпті дамыту тек экономикалық өсім ғана емес, әлеуметтік тұрғыдан да маңызды. Бұл салада мыңдаған адам жұмыс істейді және олардың басым бөлігі – әйелдер. Сондықтан жаңа бағдарламалар жұмыс орындарын көбейтіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.
Қазақстанда өңдеу өнеркәсібін дамыту, әсіресе жеңіл өнеркәсіпті қолдау – экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыты. Жаңа саясат отандық өндірісті күшейтіп, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.