Индонезия Газаға 20 мың бітімгер әскер жіберуге дайын

Индонезия президенті Прабово Субианто БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында сөйлеген сөзінде елінің Газаға 20 мыңға жуық бітімгер күш аттандыруға дайын екенін мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, Индонезия БҰҰ бітімгерлік миссияларына ең көп үлес қосып келе жатқан мемлекеттердің бірі ретінде «бейбітшілікке мұқтаж кез келген жерде қызмет етуге» дайын.
«Егер Қауіпсіздік кеңесі мен Бас Ассамблея шешім қабылдаса, Индонезия Газада немесе Палестинаның басқа аймақтарында көпжақты күш құрамында бейбітшілік орнатуға көмектесу үшін 20 мың немесе одан да көп әскер жіберуге дайын. Бұл – екі мемлекет шешімін арманнан шындыққа айналдыру үшін қажет», – деді ол.
Прабово Субианто қақтығыстарды күшпен шешу мүмкін еместігін атап өтті.
«Зорлық-зомбылық ешқашан саяси даудың шешімі бола алмайды. Ол тек жаңа зорлықты туындатады. БҰҰ мұны тоқтату үшін нақты ұстанымға ие болуы керек. Әйтпесе, әлем шексіз соғыстар мен күшейіп бара жатқан қауіпті жағдайға тап болады», – деді Индонезия президенті.
Ол өз елінің отарлық кезеңін еске алып, нидерландтық отаршылар кезінде индонезиялықтардың «иттен де арзан» саналғанын айтты.
«Сондықтан біз әділетсіздік, апартеид пен құқығы шектелген жағдайда өмір сүрудің не екенін білеміз. Сондай-ақ тәуелсіздік үшін күресте, аштық пен кедейлікті еңсеруде ынтымақтың қандай күшке ие екенін жақсы түсінеміз. Бұл ретте БҰҰ көмегі аса маңызды», – деді ол.
Палестинаның денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2023 жылдың қазанынан бері Израильдің соққылары салдарынан Газада 65 мыңнан астам палестиналық қаза тапқан. Құрбандардың басым бөлігі – әйелдер мен балалар.