Индонезияда 280 жолаушысы бар кеме өртеніп, 130-дан аса адам із-түзсіз жоғалды

2025 жылғы 20 шілде күні Индонезияның Солтүстік Сулавеси аймағында жолаушылар мінген KM Barcelona V кемесінде ірі өрт шығып, кемінде 3 адам қаза тапты, ал 130-ға жуық адам жоғалған. Апат кезінде паромда 280-ге жуық адам болған.
KM Barcelona V паромы Талауд аралдарынан Манадо қаласына бет алған кезде, шамамен сағат 13:30 шамасында Талисе аралының маңында өрт шыққан. Куәгерлердің айтуынша, алғашқыда үшінші палубадан қою қара түтін көтеріліп, артынша жалын кеме ішіне жайылып кеткен.
Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда жолаушылардың үреймен теңізге секіріп жатқаны, қалың түтін мен жалын арасынан қашып шығуға тырысқаны анық байқалады. Паром палубасында тұрған қызметкерлер адамдарға құтқару жилеттерін киюге көмектесіп, кемеден суға секіруді ұсынған.
Оқиға орнына Индонезия әскери-теңіз күштері тарапынан үш кеме жіберіліп, құтқару жұмыстарына жергілікті балықшылар да тартылған. Бүгінге дейін 150-ден астам адам құтқарылып, жолаушылар Ганга аралына жеткізілген. Құтқарылғандар арасында жарақат алғандар мен күйік шалғандар бар.
Ресми деректерге сәйкес, қазіргі уақытта кемінде 3 адамның көз жұмғаны анықталған. Құрбандардың бірі – жүкті әйел. Іздестіру-құтқару операциясы жалғасып жатыр. 130-ға жуық адам әлі де теңізде немесе өртенген кемеде болуы мүмкін деген болжам бар.
Өрт себебі – әзірге белгісіз
Өрттің нақты себебі әлі ресми түрде жарияланбаған. Алайда жергілікті ақпарат құралдары бұған дейінгі оқиғалармен салыстырып, электр жүйесіндегі қысқа тұйықталу, жанармай ақауы немесе қауіпті жүкті дұрыс сақтамау сынды факторларды атап өтуде. Кеме иесі, порт әкімшілігі және теңіз қауіпсіздігі агенттіктері тарапынан ресми тергеу жұмыстары басталған.