Индонезияда есірткімен ұсталған қазақстандықтар туралы не белгілі?

Индонезияның Бали аралында екі қазақстандық азаматтың ауыр есірткі қылмысына қатысы болуы мүмкін.
28 және 25 жастағы екі ер адам 11 сәуір күні Сукавати ауданына қарасты Батуан ауылында ұсталған. Жергілікті полиция олардың жанынан 49,18 грамм метамфетамин салынған 30 пакет тәркілегенін хабарлады. Бұл көлемдегі есірткі Индонезия заңнамасына сәйкес аса ауыр қылмыс саналып, ең қатал жаза – өлім жазасын қарастырады.
Полицияға күдіктілер туралы жергілікті тұрғындар хабар берген. Куәгерлердің айтуынша, олардың бірі жол шетінде бірдеңе іздеп жүрген, екіншісі моторы қосулы мотоциклде күтіп отырған. Осы сәтте тәртіп сақшылары күдіктілерді қолға түсіріп, тексеру барысында есірткі табылған.
Тергеу деректеріне сүйенсек, ұсталған қазақстандықтар халықаралық есірткі синдикатына жұмыс істеген. Олар тек орындаушы рөлінде болған деген болжам бар. Ал есірткі жеткізу тізбегінің негізгі ұйымдастырушысы ретінде “EVIL” лақап атымен белгілі азамат танылып отыр. Қазір ол қашып жүр, құқық қорғау органдары оның ізіне түскен.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр. Ведомствоның мәліметінше, ұсталған азаматтардың туыстарымен байланыс орнатылып, заң көмегі көрсетілген. Қазіргі таңда оларға Индонезия сотында ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы түріндегі үкім шығарылуы мүмкін.
Адвокаттардың айтуынша, іс ауыр баппен тергеліп жатыр. Егер қылмыс дәлелденсе, Индонезия сот жүйесінің қатаңдығын ескере отырып, оларды құтқару оңайға соқпайды. Бұл жағдай халықаралық деңгейде де назар аудартып отыр. Енді Қазақстан азаматтарының тағдыры Индонезияның әділ сотына байланысты болмақ.