Индонезиядағы су тасқыны: 502 адам қаза тапты, миллиондаған адам зардап шекті
Индонезияда болған жойқын су тасқыны мен көшкін салдарынан 502 адам қаза тауып, тағы 508 адам деп хабарланды.
Бұл ақпаратты France Press агенттігі елдің Төтенше жағдайлар жөніндегі ұлттық агенттігіне сілтеме жасап таратты.
Су тасқыны әсіресе Суматра аралындағы үш провинцияға ауыр соққы берген. Жолдардың бүлініп, көптеген аудандардың сыртқы байланыстан үзіліп қалуы құтқару жұмыстарын күрделендіріп отыр. Телекоммуникациялық инфрақұрылымның істен шығуы зардап шеккендермен байланыс орнатуды қиындатқан.
France Press дерегінше, Индонезия, Таиланд, Малайзия және Шри-Ланкадағы табиғи апаттардан қаза тапқандардың жалпы саны 1000 адамнан асып кеткен.
-
Оңтүстік Таиландта – шамамен 3 миллион адам
-
Батыс Индонезияда – 1,1 миллион адам
төтенше жағдай аймағында қалған.
Он мыңдаған тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.
Малайзия Таиландтан өз азаматтарын эвакуациялады
Малайзия сыртқы істер министрлігі Таиландта қалып қойған 6200 азаматтың эвакуацияланғанын мәлімдеді.
Бұған қоса, басқа аймақта өткен қуатты циклон Шри-Ланкаға да қатты әсер етті. 153 адам қаза тауып, шамамен 500 мың адам зардап шеккен.
Жалпы, табиғи апаттан шамамен 1,4 миллион адам зардап шеккен, тағы 500-дей адам із-түссіз жоғалғандар қатарында. Сондай-ақ, 28 мың үй зақымданған. Апатқа ұшыраған аймақтарға көмек тікұшақтар арқылы жеткізіліп, қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Еске салайық, Оңтүстік-Шығыс Азияда нөсер жауындары тоқтамай жауған соң бірнеше елде су тасқыны болды. Таиландта тасқын салдарынан 145 адам қаза тауып, 3,5 миллионнан астам тұрғын зардап шекті. Хатъяй қаласында су біртіндеп тартылғанымен, көптеген аудандар әлі де су астында қалып, электр жарығы өшірілген.