Индустрияны жетілдіру үшін баспана нарығын реттеу қажет

Бүгінде ел экономикасын инновацияға бейімдеу жайы жиі айтылады. Медицина, агроөнеркәсіп, мұнай-газ саласын, тау-кен өндірісінде индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында бірнеше жобаларды қолға алдық. Үкімет жаңа инновациялық бағдарламаларды қолданысқа енгізіп жатыр.
Мысалы, бір ғана медицина саласына қатысты инновациялық жобалар хақында айтар болсақ, инновациялық бағыттағы медициналық орталықтар, жаңашылдыққа ұмтылған медициналық клиникалар, нанотехнологияны меңгеру, осы әдіс арқылы жаңалық ашу, оны медицинаға кіріктіру тәрізді жүзеге асуы тиіс жобалар жоспарланып отыр. Сала мамандарының пайымдауынша, медицинаны инновацияға бейімдеу өз нәтижесін беріп келеді. Бұған қатысты медицина ғылымының докторы, профессор Жангентхан Абылайұлының сөзіне сүйенсек, қазірде республикамыздың әр облысында жаңа бағытта жұмыс істейтін клиникалар ашыла бастаған. Бұл инновациялық үрдістің экономикаға да берері мол. Маманның айтуынша, болашақта осы стратегиялық үрдісті, инновациялық жобаларды ауылға бағыттау қажет. Жасыратыны жоқ, қазір ауылдық жерлер инновацияны бойына әлі сіңіріп үлгерген жоқ.
«Нақ қазір ауылдық жерлерде медицина саласына қатысты білікті мамандар тапшы. Ауыл халқы дертіне дауа іздеп әлі де болса аудан орталықтарына, облысқа, ірі қалаларға барады. Сондықтан бұл ретте айтарым, ауылдың инновациялық медициналық қабілетін арттыру маңызды», – дейді Жангентхан Абылайұлы.
Сала мамандарының пайымдауынша, индустриялық-инновация дегенде ауылда білікті мамандар легін жасақтау, жас мамандарға арнайы жеңілдіктер жасау, ауылдық аймақтарда болсын, қалалы жерлерде болсын жас мамандарды баспанамен қамту жайын шешіп алған дұрыс. Себебі бүгінде шетелден білімін жетілдіріп келген қаншама мамандарымыз баспана мәселесімен басын қатырып жүр дейді мамандар.
Бұл ретте экономист-сарапшы Марал Төртенова былай дейді:
«Инновацияны, индустрияны жетілдіргіміз келсе ең әуелі баспана нарығына қатысты мәселелерді шешу керек деп есептеймін. Себебі қай салада болсын, жас мамандар ғана емес, бірнеше жылғы тәжірибесі бар мамандар баспанасыз жүр. Әсіресе ауылға жас мамандар баратын болса, олар тұрақтап қалуы үшін жаңа бағдарламаларды қолға алу керек. Ауылға арзан ипотекалық бағдарламаларды апарған жөн. Ислам банктері арқылы ауылға үстемесі жоқ несиелер беру жағын ойластырған абзал. Осы арқылы ауылдағы жөндеуге келмейтін ескі үйлердің санын азайтып, елді мекендердегі халықтың жаңа баспанамен қамтылуын қамтамасыз етер едік. Бұл – бір. Екінші, инновацияны әр салаға енгізу үшін қуатты технология қажет. Қуатты технология ауыл түгілі ірі қалаларда кемшілік танытып жатыр. Еуропада ауылдық жерлерге көмек көрсететін жабдықталған пойыздар, жылжымалы жедел жәрдемдер бар. Аңғарғанға, бұл өте тиімді тәсіл. Сондықтан біз еліміздің әрбір аймағына осындай маршруттық жүйені енгізуіміз керек. Ауылдық, шалғай аймақтардың тамырына қан жүгіртіп, инновацияға бейімдегіміз келсе осындай жұмыстарды істеген жөн».
Сондай-ақ маманның пайымдауынша, сауатты инновациялық топ-менеджерлер легін жасақтаған абзал. Мұндай мамандар мұнай-газ саласында, медицинада, өнеркәсіпте жұмыс істеуі керек. Олар ғалымдармен тығыз байланыс орнатып, инновациялық менеджерлер ғалымдардың ашқан жаңалығын өндіріске бағыттап отыруға күш салуы тиіс. Ғылым мен өндіріс арасына инновациялық топ менеджерлер көпір бола алғаны абзал. Бұдан бөлек, отандық бизнес инновациялық жобаларды қолдауға бейімделуі керек.
Бұл ретте экономист-сарапшы Марал Төртенова былай дейді:
«Егер сауатты меңгере алсақ, бизнесті инновацияға бейімдеу өте оңай. Мысалы, Жапония медицинаны жекелеген кәсіпкерлер арқылы қаржыландыруға әбден бейімделген. Осы арқылы мемлекет те, банк те, кәсіпкерлер де пайда тауып отыр. Жапонияның банктері медицинаны қаржыландыруға аса ден қойып, ол елде жекелеген банктер арқылы медицина қаржыландырылады. Қазір бірқатар елдер осы бағытқа көше бастады. Қуатты клиникаларды жекелеген кәсіпкерлер сала бастады. Олар үкіметке бюджеттен қаражат бер деп телміріп отырған жоқ. Бізге де жекелеген инвесторларды әр салаға көптеп тартуды үйренген абзал. Рас, медицинаға салынған инвестицияның жетістігін, пайдасын көру үшін бес-алты жыл тосу керек. Біздегі кәсіпкерлер бұған бейімделмеген. Сондықтан бизнестің бағытын медицинаға бұру үшін жоғарыдан бір мықты пәрмен болуы керек. Біртіндеп осыған бейімделгеніміз жөн».
Мамандардың пайымдауынша, біздегі әр жобаның авторы өз ісіне жанашырлық танытуы керек. Ғалымдар өзегін жарып шыққан жаңалығын өндіріске енгізу үшін жанкештілікпен жұмыс істейді, ізденеді. Сондықтан ғалымдарды, өнертапқыштарды қолдауға тиіспіз. Жалпы, біз нарықтық экономиканың заңдылықтарына жүгінетін ел болғандықтан, әрбір істе өзіміз талпынғанымыз абзал.
«Бізде күні бүгінге дейін үкіметке ауыз ашып, «өкімет өлтірмейді» деген қағиданы әлі ұстанатындар бар. Мұндай түсінікті санадан өшіру керек. Нарықтық экономикада әркім өз жетістігін алға шығарып, мемлекетке бірдеңе беруді ойластыруы қажет. Халықаралық инновациялық жобаларды зерттеу керек. Соларды Қазақстанға бейімдеп, оларды елде қолданысқа енгізуге күш салған абзал. Бұл ретте Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жобалар да бар. Мысалы, медицина саласы бойынша қазір аффарез тәсілін клиникалар қолданып жүр. Бұл бізге Жапониядан енген тәсіл. Адамның өзінің қанын тазалап, оған дәрумендер араластырып өзіне қайта фильтр арқылы құйып беретін бұл тәсілді қазір біздің медицина жетік меңгере бастады. Аңғарғанға бұл да инновация. Әрбір салада осындай жобалар болуы керек. Халықаралық тәжірибелерден қашпауымыз қажет. Мамандарымызды оқытып, инновацияны меңгеруге тырысқанымыз жөн. Бұл – заман талабы», – дейді М.Төртенова.
Әнуар ҚАЙЫРБЕК