Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
03:04, 06 Қазан 2020

Инфлияция енді байлап матағанына көне ме?

None
None

Биыл елдегі инфляция көрсеткіші аспандап тұр. Сала мамандарының айтуынша, біз тез арада инфляцияны тежеудің заманға сай тәсілдерін меңгермесек, келер жылы инфляция деңгейі қазіргіден 15 пайызға дейін артып, қымбатшылық бұдан әрі еселене береді.

Мамандар алға тартып отырғандай, қазір Алматыда азық-түлік бағасы ай сайын емес, апта сайын өсіп отыр.

Бұған қатысты «Аналитик» талдау орталығының экономист-сарапшысы Тоғжан Шаяхметова: 

Алматыда 1,5 млн халық бар. Олардың тұтыну шығыны биыл қатты өскен. Биыл қаладағы орташа табыс табатын халықтың ай сайынғы тұтыну шығыны 140 000 теңгені құрады. Анықтағанымыздай,  140 000 мыңгенің 90 мың теңгесін екі  баласы бар отбасы тек азық-түлікке ғана жұмсайды екен. Ал қалған сома коммуналдық төлемге, жолақысына кетеді. Тапқан табысын тек ас-ауқатына ғана жеткізетіндердің қатары көбейді. Мұны уәкілетті органдар сезінуі керек. Сондықтан болашақта Ұлттық банк пен Үкімет инфляцияны тежеудің заманға сай жолдарын меңгеруі тиіс. Олай етпесек, қымбатшылық қамыты бұқараны қысып барады, – дейді.

      Қымбатшылық қашанғы қысады?

 Жалпы, биыл елдегі қымбатшылық деңгейі өскенін сарапшылар ғана емес, Ұлттық банк те, Ұлттық экономика министрлігі де мойындап отыр. Тіпті  бұған қатысты  ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада Ұлттық банк төрағасына елдегі қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Үкімет басшысы Асқар Мамин де бағаны орынсыз қымбаттатқандарға шара қолдану керегін бірнеше мәрте  айтты.

Әйте де елдегі қымбатшылықты ауыздықтау әлі мүмкін болмай тұр. Бұған қатысты статистика комитетінің мәліметінше, 2020 жылғы тоғыз айда азық түлік бағасы 7,4 пайызға дейін шарықтаған. Тек қана тамыз, қыркүйек бағаның өсуі жұмыртқаға – 4,4%, құмшекерге – 1,5%, макарон өнімдеріне – 1%, ұнға, сиыр етіне, шайға, мұздатылған балыққа – 0,9%-дан, жылқы етіне – 0,8%, шұжық өнімдеріне – 0,7%, қой етіне, сары майға, мәйекті ірімшікке, – 0,6%-дан, нанға, күрішке 0,4%-дан белгіленген. 

     Ал енді мамандар нақты әдістерді қолға алмасақ, келер жылы да «қымбатшылыққа одан әрі күйіп отырамыз» деседі. Қаржыгер Жасұлан Мақсұтовтың пайымдауынша, «ең бірінші, қымбатшылық бізге импортпен ілесіп келіп отыр».

   – Бір ғана Алматыны мысал етсем, Алматы өзін-өзі толықтай азық-түлікпен қамтуға әлі жеткен жоқ. Мегаполисте өнім өндіретін кәсіпорындар бар, қала маңындағы аудандардан келетін азық-түлік өнімдері бар осы екі тарап қосылып, қаланы отандық өніммен 60 пайызға қамти алады. Ал қалған 40 пайыз өнім сырттан әкелінеді. Барлығымыз білеміз, импорт өнімді елге әкелгенде төленетін кедендік баж салығы, кедендік әкетілім салығы, кеден аумағында тауарды әкелу кезінде қосылатын құн салығы, кеден аумағына тауарды әкелу кезінде тауарды акциздеу – барлығынан төлемақы алынады. Осының барлығына кететін шығынды импорт тасымалдаушылар өнім бағасынан шығарып алғысы келеді. Осыдан барып Қытайдан 20 теңгеге алынған лимон Қазақстанға келгенде 250 теңге болып шыға келеді. Қазір көрші Ресейге санкциялар салынып жатқан тұс. Болашақта Ресей сыртқа шығаратын тауарларының бағасын екі есеге көтеріп жіберуі мүмкін. Сол кезде біздің нарыққа Ресейден келетін өнімдер қымбат болады. Міне, алдағы 2021 жылы импорт тасқыны инфляцияны өсіре түседі, – дейді Жасұлан Мақсұтов.

Біз осы арада былтырғы және биылғы бағаларды салыстырып арнайы графикамен беруді жөн көрдік. Бағалардың қалай өзгеріске түсіп қымбаттағанынын 1 графикадан көруге болады.

     Қандай сауатты шешімдер қажет

Деректерден биыл азық-түлік бағасы айтарлықтай өсім бергенін аңғарамыз.Бұған қатысты сала мамандарының пайымдауынша, үкімет келер екі жылда сауатты шешімдер қабылдауы тиіс. Әсіресе елдегі орташа жалақы мен ең төменгі күн көріс деңгейіне қатысты нақты шешімдер қабылдайтын кезең жетті. Ол үшін маман айтып отырғандай халықтың азық-түлік тұтынатын себетінен бастап, орташа жалақы көлемі, күн көріс деңгейі қайта сұрыпталуы қажет.

Экономист мамандардың байыптауынша, болашақта біріншіден, халықтың  Инфляция жеп қойған халықтың ақшасы қайтуы үшін орташа жалақы көлемін өсіру керек. Бұл әсіресе мемлекеттік қызметте жүрген әлеуметтік қызметкерлерге қатысты айтылып отырған ұсыныс.Екіншіден, халық ең көп тұтынатын өнімдер арзан болуы үшін мемлекетік арзан дүкендер желісі ашылса жөн болады. Ол дүкендерге өнімдер зауыттан шыққан өз бағасымен жеткізіліп отырса анағұрлым арзан болады.

«Міне, Үкімет елдің жалақысын  инфляция жеп қоймауы үшін алдымен осы іспетті шараларды орындауға мән беру керек» дейді мамандар.

 Ресейдің шырмауы да ойлантуы тиіс

Бұдан бөлек мамандар көрші Ресейдің ұстанған бірқатар бағыттарын да сынға алып отыр. Мысалы, нақ қазір Ресей құн салығын көтеруді жоспарлап отыр. Санкциялар салқынынан абдыраған Ресей ендігі кезекте экономикасының өсімі тежеліп, кідіріп қалмауы  үшін салық саласына өзгерістер енгізу қажет деп шешті. Осылайша көрші ел Ресей өзінен «қашып» жатқан капиталдардың орнын салықты өсіру арқылы толтыруды көздеп отыр. Ал көршілес жатқан елдің бұлайша салықты өсіруі әсіресе қосымша құн салығын өсіруі Ресеймен тікелей байланыс орнатып отырған Қазақстандағы кәсіпкерлерге әсер етері даусыз.  Маманның пайымдауынша, Ресей ҚҚС өсірер болса, бұл өнімнің бағасына да бірден-бір әсер етеді. Бұл Қазақстандағы кәсіпкерлердің өнім шығаруына да, өнімді сатуына ықпал ететін жайт. Мұны ескерген мамандарымыздың біразы «шикізаттық емес саланы  қосымша құн салығынан босатып, сатылым салығын енгізуді дұрыс» деп санайды.  — Қосымша құн салығын өсіру іскерлік белсенділікке және өндірушінің шығындарына тікелей әсер етеді. Өндірістің төмендеуін туғызады. Сондықтан өз басым біз шикізаттық емес саланы яғни өнім өндіруші секторды өз ішімізде қосымша құн салығынан босатуға тиіспіз. Сыртқа тауар иморттайтын және өз ішімізде ол тауарын қоса сатылымға шығаратын отандық өндіріс орындары ең болмаса ішкі нарығымызда салықтан босатылса жөн болар еді.  Ал бұлай етпесек, биылғы жылы сырттан әсер етіп отырған факторлар бар, Кедендік салық түрі бар, қосымша құн салығы бар, сатылым салығы бар, тариф саясаты бар түгелі жан-жақтан қысып кәсіп иелеріне еріксіз таруарының бағасын өсіруге тура келеді. Ал мұның арты инфляцияның бой бермей кетуіне бірден-бір ықпал етеді. Сондықтан бұл арада салық саясатында сауаттылық қажет,-дейді экономист-сарапшы Марал Төртенова.      Ұлттық банктің долбары дөп келе ме?

Жалпы, биылғы жылы Ұлттық банк инфлияцияны «7 пайыз болады» деп болжаған болатын. Сол тәрізді бірқатар жағымды деректерді алдымызға тартқан-ды.

Бұған қатысты деректерді де біз арнайы сызбамен көрсеттік. 2 графикадан 2020 жылға арналған Ұлттық банктің болжамын көре аласыздар.

Еліміздің бас қаржы институты осылай деп долбар жасағанымен, қайсыбір қаржыгерлер «шындап келгенде инфлияция көлемі қазір 7 пайыздан жоғары» деп отыр. Сондықтан мамандар «енді Үкімет пен Ұлттық банк  «ұзын арқан кең тұсауға» салмай, тезірек әрекетке көшіп, тиімді әрі сауатты шешімдер қабылдауы тиіс. Олай етпесе инфлияция енді байлап матауға бой бермейді»,-дейді мамандар.

Тегтер: