Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:53, 16 Қыркүйек 2021

Инфляция шарықтаса, Досаев қалтырайды

None
None

       Бүгінде инфляция 8,4 пайызға көтеріліп, елдегі басты күрделі мәселеге айналды.

Президенттің өзі Ұлттық банкке «бағаны тұрақтандырыңдар, 2022 жылдың басында инфляция деңгейі 4-6 пайыз болуы керек» деп тапсырма берді. Бірақ Досаев бұл үдеден шыға ала ма?! Бас банктің басшысы асаудай тулаған бағаны тұрақтандырып, үмітті ақтай ма?!

   Сарапшылардың пайымдауынша, қазіргі ахуал инфляция шарықтаса, Ұлттық банк төрағасы Досаев қалтырайтындай жағдайға жетті. Өйткені инфляция ауыздықтауға көнбей тұр. Көнуі де неғайбіл. Бұған себеп – Ұлттық банк пен үкімет инфляцияны ауыздықтауға қатысты заманға сай тәсілдерді әлі меңгерген жоқ.

    Мамандардың айтуынша, инфляцияны төмендету үшін Ұлттық банк ақша басуды, антикризисті бағдарламаларды тоқтатуы керек. «Экономикада ақша жоқ немесе ол өте қымбат болған сәтте инфляция да болмайды» деседі. Ал бұған үкімет келісе ме? Антикризистік бағдарламаларды тоқтатса, экономикалық өсім мүлде құлдырайды. Аталмыш бағдарламаларды тоқтатпай, ақша бөліне берсе, айналымда ақша массасы көбейіп, қымбатшылық одан әрі шарықтай бермек. Сонда қайтпек керек? Қаржыгер Меруерт Молдабаеваның айтуынша, қазір бізге экономикадағы басы артық ақшадан құтылып, базалық ставканы тағы көтеру қажет.

 – Ұлттық банк күні кеше базалық ставканы  0,25 пайызға көтерді. Ал Ресей базалық ставкасын бірден 2 пайызға өсірді. Нақ қазір бізге кредиттеуді бәсеңдетіп, жинақтауға көшу керек. Өткен айдың қорытындысы бойынша инфляция 8,4 пайыз болды. Ұлттық банк жағдайды бақылаудан шығарып алды. Ақша массасы көп, бірақ оны ұқсату тым бәсең. Мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген қаражаттар біреулердің жеке басын байытып, жемқорлардың жемсауына айналды. Отандық өндірісті несиелеу де аса ұтымды болып отырған жоқ. Сондықтан нарықтағы ақша массасын азайтып, ақша басуды доғарған жөн, – дейді Меруерт Молдабаева.

Қаржыгердің айтуынша, былтырғы қазан айында елдегі ақша массасы 24 триллион 180 миллиард теңге болса, қазір ол 28 триллион 161 миллиард теңгеге жетті. Сонда 10 айдың ішінде 4 триллион теңге ақша басып шығарылған.

         Жалпы, бізге инфляция, экономикалық өсім жайында шындыққа тура қарап үйрену керек. Бұған қатысты «Аналитик» талдау орталығының экономист-сарапшысы Наталья Гуреваның пікірінше, бір ғана Алматы төңірегінде мысал етсек, қалада қазір  1,5 млн халық бар. Биыл қаладағы орташа табыс табатын халықтың азық-түлікке ай сайынғы жұмсайтын шығыны айтарлықтай өскен.  

     – 140 мың теңгені үш баласы бар отбасы тек азық-түлікке ғана жұмсайды. Ал қосымша коммуналдық төлемге, жолақысына қаражат кетеді. Тапқан табысын тек ас-ауқатына жеткізетіндердің қатары көбейді. Мұны уәкілетті органдар сезінуі керек. Шындап келгенде тұтыну нарығында  инфляция 8 пайыз емес, 20 пайызға жетті. Сондықтан болашақта Ұлттық банк пен үкімет инфляцияны тежеудің заманға сай жолдарын меңгеруі тиіс. Олай етпесек, қымбатшылық қамыты бұқараны қатты қысып барады, – дейді сарапшы.

   Елдегі қымбатшылық деңгейінің өскеніне қатысты  сарапшылар бізде инфляцияны есептеу әдісі дұрыс қалыптаспағанын айтып отыр. Бұл ретте қаржыгер Ілияс Исаев:

      – Қазір инфляцияның әлеуметтік мазмұны бүркемеленіп тұр. Бізде инфляцияны әрбір нарық секторы бойынша есептеу тетігі  қалыптаспаған. Тұтыну нарығында инфляция қандай, өнеркәсіп саласындағы инфляцияның көлемі қанша, ІТ саласындағы инфляцияның көрсеткіші қанша – осының барлығы жеке-жеке есептелмейді. Үкімет жалпы экономиканың,  ЖІӨ деңгейіне қарайды да, инфляцияны соған  шағып, жалпылама есептей салады. Мысалы, қазір азық-түлік бағасы қатты қымбаттап кетті. Бірақ жалпылама есептеулердің нәтижесінде инфляцияны төмендетіп көрсетіп, көп шындықты бүркемелеп отыр. Сондықтан бізге нақты секторлардағы инфляцияны есептеудің  тетігін қалыптастыру керек, – дейді.

 Шындық демекші, негізінде, 2014 жылдан бастап экономикалық өсу тоқтаған. «Жыл сайын  3-4 пайыз өсім деген іс жүзінде бір орында айналшықтап, мең-зең болып тұрғанымызды байқатады. Бұл – алға жүру емес, тоқырау».  

       Қалай десек те, Ұлттық банкке президенттің тапсырмасын орындап, инфляцияны төмендету үшін небәрі төрт-ақ ай қалды. Бас банк  ол үшін қазіргі 8,4 пайыз инфляцияны жыл аяғына дейін 6,5 пайызға түсіруі керек. Бірақ елде қазір индустриалды-инновациялық бағдарламалар дамып жатқан жоқ, «Қарапайым заттар экономикасынан» да үкімет нәтиже шығара алмады. Отандық өндіріс те қиындыққа шырмалып қалды. Мұндайда инфляция қалайша төмендемек? Төрт айда қымбатшылықты 4 пайызға түсіретін Досаевтың қолында қандай құдірет бар?

   Мамандардың пайымдауынша,  бұл арада Досаев дәрменсіз. Болашақта инфляцияның көрсеткішін түсіре алмаса, бас банкирдің мансабымен қоштасуы да әбден мүмкін. Бұған қарап келер жылы Досаев үшін ауыр кезеңдер басталатынын аңғаруға болады. Осыдан кейін Досаев қалтырамағанда қайтсін?!

  Негізінен, мамандар «қазіргідей қиын жағдайда Ұлттық банк пен үкімет бірлесіп жұмыс істеуі керек, сонда қиындықтың күрмеуі шешілер еді» деседі. Бірақ біздің қалғып отырған үкімет елде қиындықтың бар екенін мойындауға асығар емес.

Тегтер: