Инфляция ЖЫРЫ - Смайылов үкіметінің СОРЫ
Расында да қазір инфляцияның бітпейтін жыры Смайылов үкіметінің соры болды. Әр ай сайын елдегі баға саясаты бұғалыққа көнбей барады.
Сауда және интеграция министрлігі осы жылдың 10 айында елдегі инфляция деңгейі 20,5 пайыз болғанын мәлімдеп отыр. Ал негізінде, президенттің тапсырмасы бойынша үкімет инфляцияны 2023 дейін 9,5 пайызға төмендетуі керек болатын-ды. Алайда сарапшылар «әлемдік экономикадан бөлек, ішкі экономикадағы жағдайларға қарап, керісінше, «қымбатшылықтың көрсеткіші бұдан да шарықтап шыға кетуі бек мүмкін», деседі.
Сарапшылардың пайымдауынша, бізде тиісті шаралар қабылданып жатқанымен, оның нақты жүзеге асып жатқанын бақылау төмен. Мысалы, инфляцияны ауыздықтау мақсатында тұрақтандыру қорлары, «айналым схемасы», форвардтық келісім тәрізді шаралар атқарылды. «Бірақ мұндай шаралардың басы, әжептәуір, басталғанымен, аяқ жағы сұйылып, құмға сіңгендей болып кетті», – дейді мамандар.
Айтса айтқандай, мамандар сөзінің жаны бар. Мәселен, өткен аптада үкімет басшысы Әлихан Смайылов азық-түлік бағасын реттей алмағаны үшін Сауда комитетінің басшысын орнынан босатты. Сондай-ақ Смайылов міндетін дұрыс орындамаған әкім, орынбасарларын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды. «Министрліктер мен әкімдіктерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу үшін барлық қажетті құралдар, қаржы құралдары, бақылау функциялары бар, бірақ бағаның өсу серпіні жоғары», – деген үкімет басшысы «айналым схемасын» қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін жеткізу тапсырылғанын, алайда алты өңір – Алматы, Жамбыл, Павлодар, Атырау, Қостанай және Ақмола облыстары осы уақытқа дейін оны іске асырмағанын атап өтті.
«Бұл – әкімдіктердің әлсіз жұмысының және ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция министрліктері тарапынан үйлестірудің жеткіліксіздігінің салдары. Өз міндеттерін тиісінше, орындамағаны үшін аталған өңірлер әкімдерінің жетекшілік ететін орынбасарларын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырамын», – деді Әлихан Смайылов.
Сөйтіп, алты облыс әкімінің орынбасарлары жауапкершілікке тартылып, бір шенеунік қызметімен қош айтысты. Бірақ бұдан инфляцияның көрсеткіші төмендей ме?! Жалпы, шенеуніктерді жазалап, орынтағынан алып тастау салада бар түйткілді шеше ала ма?!
Бұған қатысты сарапшылар түрлі пікірлерді айтып қалды. Бұл ретте, бізге болашақта шенеуніктерді ауыстыра бергеннен гөрі, ең алдымен, бюджетті толықтыру көздерін өзгертіп, қазынаға түсетін табыс көздерін әртараптандыру қажет болмақ. Мәселен, экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметов, болашақта отандық өндірістің дағдарысқа шыдас беру иммунитетін қалыптастыру қажеттігін баса айтып отыр. Бұл ретте, маман қажетсіз салаларға субсидия бөле беруді доғарып, бюджет қаржысын ұтымды пайдалану қажеттігін алға тартты. «Субсидия бар жерде, ұрлық бар. Ол коррпуцияға жол ашады. Сондықтан мынадай дағдарыс кезінде бюджет қаржысын ұтымды пайдалану үшін тегін қаражат бөлуді тоқтату керек, бәрінің қайтарымы бар. Мүмкіндігінше, ұзақ мерзімге, «каникулмен» берілгеннің жауапкершілігі бар және ол тиімді болмақ», – дейді маман.
Бұдан бөлек, маманның айтуынша, бюджеттік табысты арттыру үшін Смайылов үкіметі, ең алдымен, шикі мұнайға деген тәуелділіктен арылуды ойластыруы қажет. Ол үшін балама энергия көздерін өндіруді дамытқан жөн. Бұл ретте, алтын-күміс, руда, уран өндіру істерін қарқынды дамытып, жаңа технологияға жүгіне отырып, әрбір салада жаңалық ашуға бейімделіп, нано-биотехнологиялардың тілін меңгеру қажет болады. Бұған қоса, алыпсатарлық экономикадан арылу керек. Мұндай экономика импортқа тәуелді. Сондықтан отандық өнім өндіру жағына басты назар аударған абзал. Жерді дұрыс пайдалану жобаларын да мықтап қолға алған жөн. Елдегі жайылымдық жерлер, егістік жер, бос жатқан жерлерді игеру қазір өте маңызды. Жерді шаруаларға арзан несиемен беру жағы ойластырылуы тиіс. Жерсіз жүрген шаруаларды жермен қамту — қазір өзекті болып отырған тұс.
Үкіметтің тағы бір ескеруі тиіс өзекті дүниесі — әр салаға шетелден сарапшыларды тартып, оған қыруар қаржы жұмсауды шектеу. Бұл арада отандық ғалымдардың ойына жүгіну тиімдірек болады. Себебі шетелден келген сарапшылар Қазақстанның аурасын, экономикалық қабілетін нақты біледі деп айту қиын. Бұған қоса, инвесторлармен жұмыс істегенде, Қазақстан өз мүддесін, өз талап, тілегін қоя білуі керек. Әсіресе, шетелдік инвесторлармен жұмыс істегенде, осыны ескерген абзал.
Міне, болашақта Смайылов үкіметі қазіргі қалыптасқан жағдайдан ұтып шыққысы келсе, осы ұсыныстар ескерілуі тиіс.
«Олай етпесек, бізге болашаққа тік қарап, еңсе тіктеу қиын болады. Бұл ұсыныстар ескерілсе, кез келген дағдарысқа шыдас беруге мүмкіндік ашылып, халықтың да мұң-уайымы азаяр еді», – дейді мамандар...