Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:15, 03 Наурыз 2023

Инфляциямен егес, нәтиже берер емес...

None
None

Күні кеше премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің инфляциямен күреске қатысты кейбір облыс әкімдіктерінің жұмысына көңілі толмады.

Мәліметтерге жүгінсек, Астана, Шымкент, Қарағанды ​​және Солтүстік Қазақстан облыстарында баға белгіленген көрсеткіштерден асып отыр. Ал өңірлердің басым бөлігінде әлеуметтік маңызы бар көкөністер мен азық-түліктердің бағасы белгіленген көрсеткіштерге сәйкес келеді.

Жұманғарин бастаған үкімет отырысында осылай айтылғанымен, сала мамандарының пайымдауынша, қазір елді ешбір көрсеткішке бағынбайтын қымбатшылық дендеп тұр. Нанның, ұнның және басқа өнімдердің бағасы шарықтап жатыр. Ресейден, Қытайдан келетін киім-кешектен бұрын іргеміздегі Қырғызстан мен Өзбекстан ұсақ-түйек заттарына дейін бізге қымбатқа сата бастады. Сарапшылар «енді мұның барлығына көктемгі науқанды желеу етіп, бензин безгегі қосылып, елде дизельді отынның да бағасы аспандап кетуі әбден мүмкін» деседі.

Жалпы, инфляцияға қатысты үкіметте бітпейтін күрес жүріп жатқанын біз білеміз. Әйтеуір біздің үкімет «қымбатшылықпен күресеміз» деп алып, халыққа қилы-қилы жобаларды ұсынып, «интервенция, форьвардтық келісім» деген халықаралық терминдерді санамызға мықтап сіңірді. Қымбатшылықпен күресе алмағаны үшін орынтағымен қоштасқан Бақыт Сұлтановтың орнына келген осы Серік Жұманғарин де өзіндік жаңашылдығын ала келген болатын. Кезінде «жыныма тимеңдер» деп БАҚ өкілдерін бір дүр сілкінткен Жұманғарин келе салып, Сұлтановтың «схемасын» өзгертті. Қымбатшылық кезінде Сұлтанов енгізген «айналым схемасы» – мемлекет пен сауда желісі арасындағы келісімшарт еді. Жұманғарин бұл әдісті өзгертіп, делдалдармен келісімшарт жасамақ болған. Алайда бұл шенеуніктер біреуі сауда орындарына арзан несие таратқанымен, енді бірі делдалдарды жұқалағанмен қымбатшылық бұғаттала қоймайтынын сезінбеді-ау. Әйтеуір инфляциямен бітпейтін күрестен еш нәтиже күтпейтін болдық.

Қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, үкіметтің қымбатшылыққа қатысты қазіргі ұстанып отырған бағыты самарқау және сауатсыз.

— Мәселен, бұған дейін бізде «Қарапайым заттар экономикасы» деген бағдарлама жүзеге асуы керек еді. Басқасынан бөлек осы бағдарламаны үкімет сауатты жүргізе алғанда Қытайдан тым құрығанда ине-жіп, шеге, кесе, қасық тәрізді ұсақ-түйектерді сатып алмайтын едік. Амал нешік, отандық өндірісі артта қалған ел ретінде біз бүгінде шиеттей нәрсенің өзін өзге елден алуға мәжбүрміз. Сонда қарапайым ғана шеге шығарудың тетігін таба алмай отырып, инфляцияны қалайша ауыздықтамақпыз? Қымбатшылықтың импортпен ілесіп келетінін үкіметтің ұғынатын кезі әлдеқашан жетті емес пе? – дейді қаржыгер.

 Қалай десек те қымбатшылық дендеп тұр. Елдегі қымбатшылық деңгейінің өскеніне қатысты сарапшылар бізде инфляциямен күресуден бөлек оны есептеу әдісі де дұрыс қалыптаспағанын айтып отыр. Бұл ретте қаржыгер Ілияс Исаев:

 – Қазір инфляцияның әлеуметтік мазмұны бүркемеленіп тұр. Бізде инфляцияны әрбір нарық секторы бойынша есептеу тетігі қалыптаспаған. Айталық, тұтыну нарығында инфляция қандай, өнеркәсіп саласындағы инфляцияның көлемі қанша, ІТ саласындағы инфляцияның көрсеткіші қанша – осының барлығы жеке-жеке есептелмейді. Үкімет жалпы экономиканың, ЖІӨ деңгейіне қарайды да, инфляцияны соған шағып, жалпылама есептей салады. Мысалы, қазір азық-түлік бағасы қатты қымбаттап кетті. Бірақ жалпылама есептеулердің нәтижесінде инфляцияны төмендетіп көрсетіп, көп шындықты бүркемелеп отыр. Сондықтан бізге нақты секторлардағы инфляцияны есептеудің сауатты тетігін қалыптастыру керек, – дейді.

 Жалпы, қымбатшылықты жүгендеуге қатысты президент Тоқаев үкіметке қайта-қайта тапсырма беріп жатыр. Бұл ретте ұлттық экономика министрлігі, қаржы министрлігі, сауда және интеграция министрлігі, бәсекелестікті қорғау агенттігі тізе қосып жұмыс істеуі керектігі де нақты айтылды. Әттеген-айы бұл ведомстволардың елдегі монополистерді тезге салуға, «бағаны орынсыз өсіргендердің басы кетеді» деп тепсінуге, тіптен мысы жетпей тұр. Осыдан барып та қымбатшылықпен егес, еш нәтиже берер емес...

Тегтер: