Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:32, 17 Ақпан 2023

Инфляциямен күрес: Смайылов қылышын кімге сермемек?

None
None

Өткен үкімет отырысында Министрлер кабинеті өзі үшін керағар екі міндет алды. Бірі – экономиканың өсімін қамтамасыз ету.

Оған үкіметтің күші жетеді. Екіншісі – жылдық инфляцияны 9,5 пайызға түсіру. Осы екінші тапсырманы үкіметтің орындай алмайтыны анық.

Таразының екі жағын бірдей көтеру мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Қазір үкімет тура осымен айналысайын деп тұрған адамға ұқсайды. Инфляциямен күрес – базалық ставканы жоғарылатып, кредиттеуді барынша азайтып, айналымнан да, экономикадан да артық ақшаның кетіп қалуын көздейді. Ол кезде тұтыну қысқарады. Адамдар үнемдей бастайды. Бірақ ол кезде экономика да өспейді.

Үкімет мандаты – экономиканың өсуі. Инфляция – Ұлттық банктің мандаты. Ұлттық банк бұл ретте тек базалық ставка арқылы нарыққа араласып отырады. Қазіргі ставканың жоғары болуы, кредиттің қымбаттауы – осының нақты нәтижесі болып отыр. Бірақ оның деинфляциялық әсері тек 2 жылдан кейін ғана жұмыс істей бастайды. Егер базалық ставка тек екі жылдан кейін инфляцияны төмендететін болса, биылғы жылдың аяғына дейін үкімет инфляцияны қалай екі есеге түсірмек?

Сарапшылардың ойынша, үкімет инфляциямен күресте қауқарсыз. Олар білетін бар амалдарын жасады. Жағдайды қолдан ұстап тұру, үй жанындағы дүкендерге сес көрсету, нарықтық емес механизмдер қолдану түбінде еш нәтиже бермеді. Ұлттық банк көтеріп қойған базалық ставка өзінің әсерін тек, кем дегенде, бір жарым жылдан кейін ғана көрсететін болады.

«Жалпы алғанда, дәл қазір бірдеңе өзгерту мүмкін емес. Сіз инфляцияға қарсы ештеңе істей алмайсыз. Себебі бұл қазір біздің экономикалық шындыққа айналып отыр», – деп түсіндіреді экономист Арман БЕЙСЕМБАЕВ. Бір ғана рецепт бар. Қазіргі жағдайды осы күйінде қабылдап, болашаққа жұмыс істеуіміз керек.

«Ол– өндірістік қуаттарды құру, шикізаттан дайын өнімге дейін экономиканың логистикалық инфрақұрылымын және құн тізбегін жасау, адам капиталының деңгейін көтеру, еңбек өнімділігін арттыру, экономиканы ырықтандыру, экономиканы дамытуға кең мүмкіндіктер беру».

Ресейден шыққан инвестиция майталманы, экономика сарапшысы Андрей Мовчан «Форбсқа» берген сұхбатында Қазақстандағы инфляцияның жағдайын бағамдап берген болатын.

Оның ойынша, қазіргі жағдайда бұл объективті картина. Оған ішкі фактордың кінәсі жоқ.

«20 пайыздық инфляция тым көп екені анық. Бірақ инфляциялары екі таңбалы санға жеткен және оны сізге экспорттап отырған Ресей мен Түркия сынды елдердің ортасында отырғандықтан, сіздер қазіргі жағдайдан қашып кете алмайсыздар».

Андрей Мовчанның айтуынша, Қазақстанның миллиардтаған халқы жоқ, жан басына шаққанда 60 000 АҚШ долларын құрайтын ішкі жалпы өнімі жоқ, әлем үшін өте маңызды кейбір өнімдерді монополиялық өндіруші де емес, сондықтан сіздер сыртта не болып жатыр, соны өзіне қабылдауға мәжбүр.

Сондықтан үкіметке бизнестің ісіне араласпай, экономикалық өсіммен ғана айналыса берген дұрыс. Ұлттық банк базалық ставканы түсірмесе және нарықтық қатынастар қалыпқа келсе, инфляция өзі-ақ төмендей бастамақ.

Тегтер: