Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:20

Инфрақұрылым мен инвестиция: аймақ әлеуетін арттыру жолы

Инфрақұрылымдық даму
Фото: ашық дереккөз

Жаңа жобаларды қолға алу, әсіресе жаңа өндіріс орындарын салу – кез келген аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында стратегиялық мәнге ие үдеріс.

 Өндірістік нысандардың көбеюі ең алдымен жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың тұрақты табыс табуына және жергілікті бюджет түсімдерінің артуына ықпал етеді. Сонымен қатар заманауи өндіріс ошақтары жаңа технологияларды енгізіп, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде өңірдің индустриялық әлеуетін нығайтып, бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді. Жаңа кәсіпорындар тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік мағынада да аса маңызды: олар ауыл-аймақтардағы демографиялық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, жастардың өз өңірінде еңбек етуіне жол ашады. Бұған қоса, өндіріс орындарының көбеюі шикізатты қайта өңдеу ісін дамытып, қосылған құны жоғары өнім шығаруға жағдай жасайды, осылайша экспорттық әлеуетті ұлғайтады. Осы орайда ел президенті «Әділетті Қазақстан» жолдауында инвестициялық жобалардың маңызы туралы атап өткен болатын. Әрбір тапсырма мемлекет алдындағы нақты мақсаттарды айқындап, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталады. Сондықтан билік құрылымдары мен жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті – тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы жүзеге асыру. Бұл ел экономикасының қарқынды дамуына, әлеуметтік саланың жетілуіне және азаматтардың мемлекетке деген сенімінің артуына ықпал етеді. Осы орайда бірқатар өңірлерде түрлі жобалар қолға алынып жатыр.

Мәселен, биыл алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша Түркістан облысына тартылған инвестиция көлемі 694,6 млрд теңгеге жетіп, былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 133,8 пайызға артты. Мұның өзі өңір экономикасына деген сенімнің артып келе жатқанын көрсетеді. Тартылған қаржының басым бөлігі, яғни 72,3 пайызы жеке инвестициядан құралып отыр. Бұл – мемлекеттік қолдаумен қатар жеке капиталдың да өңірге бет бұрғанын айғақтайтын маңызды көрсеткіш. Қазіргі таңда облыста ауқымды инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Солардың ішінде мақта, күріш және өсімдік майын қайта өңдеуге арналған зауыттардың құрылысы жүріп жатыр. Бұған қоса, сүт өнімдерін өндіретін жаңа кәсіпорын мен ірі қара малға арналған заманауи сүт-тауар фермасының бой көтеруі жоспарланған. Ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеретін бастамалардың қатарында полиэтилен мен крахмал негізінде экологиялық таза, биологиялық ыдырайтын пластикалық бұйымдар өндірісі, органикалық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт, тамшылатып суару жүйесін өндіретін өндіріс орындары бар. Сонымен бірге автоматтандырылған кірпіш зауыты мен металл конструкцияларын және әртүрлі бұйымдарды шығаратын өндіріс нысандары да іске қосылмақ. Мұндай жобалар Түркістан облысының экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Бұл жобалардың барлығы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында. Жуырда оның төрағалығымен Өңірлік инвестициялық штабтың кезекті жиыны өтіп, онда іске асырылып жатқан жобалардың жай-күйі мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды. Әкім әрбір инвестордың ұсынысын жеке тыңдап, орын алған өзекті мәселелерді ашық көтерді. Жергілікті билік өкілдеріне, аудан мен қала әкімдеріне, сондай-ақ басқарма басшыларына нақты міндеттер жүктеліп, әрбір жобаның толық сүйемелденуін қамтамасыз ету тапсырылды. Жиында инфрақұрылым мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Себебі өндірістік жобалардың тиімді жүзеге асуы тікелей жол, электр қуаты, су және газ желісі сияқты негізгі инфрақұрылымның дамуына байланысты екені айтылды. Нұралхан Көшеров ірі компаниялар өңірге келіп, қаржы құйып жатқанда мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді. Әкімнің айтуынша, инфрақұрылым дамыған сайын жаңа кәсіпорындар ашылып, қосымша жұмыс орындары пайда болады, бұл өз кезегінде өңір экономикасын едәуір ілгерілетеді.

Облыс басшысы өз сөзінде: «Біздің өңір үшін бұл инвестициялық жобалардың маңызы айрықша. Қазіргі таңда барлық аудан-қалаларда өндірістік нысандар мен зауыттар ашуға ерекше басымдық берілуде. Әкімдік тарапынан толық қолдау болады. Әрбір аудан мен қала әкімі, сондай-ақ басқарма басшылары инвесторларға қолдау көрсетіп, жобалардың жүзеге асырылуына барынша жағдай жасауы тиіс. Инвесторлар да өз кезегінде жұмысты мерзімінде аяқтауға жауапты болуы керек», – деп атап өтті.

Штаб отырысында кестеден кешігіп жатқан жобалар да қаралып, олардың жұмыс қарқынын жеделдету қажеттігі қатаң ескертілді. Әсіресе Түркістан қаласында қуаттылығы 27,6 МВт болатын газпоршенді жылу электр станциясының құрылысы мен оның іске қосылу барысына айрықша назар аударылды. Бұл нысан тек қалаға ғана емес, бүкіл өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды жоба ретінде бағаланып отыр. Мұндай жобалар жаңа қаржы көздерін тартып қана қоймай, өндіріс пен ауыл шаруашылығын дамытуға, инфрақұрылымды жақсартуға, заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Инвестициялар нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың тұрмыс сапасы жақсарады, ал жергілікті бюджетке қосымша кіріс түседі. Сонымен бірге инвестициялық жобалар елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, сыртқы нарыққа бағытталған өнім көлемін көбейтеді. Ең бастысы, олар әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етіп, өңірлердің теңгерімді дамуына ықпал етеді.

Жалпы алғанда, облыстағы инвестициялық ахуал жылдан-жылға жақсарып келеді. Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес Өңірлік инвестициялық штабтың жұмысы жүйеленіп, жаңа жобаларды іске қосу белсенді жүргізілуде. Түркістан облысына тартылып жатқан ауқымды инвестициялар өңірдің индустриялық әлеуетін арттырумен қатар ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласын жаңа сатыға көтермек. Бұл үрдіс өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр. Келешекте Түркістан тек тарихи-мәдени орталық қана емес, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласында да ірі табыстарға жететін аймаққа айналары анық.

С. Бақберген

Түркістан облысы

Тегтер: