Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 10 Қыркүйек 2024

Инфрақұрылым жақсармай, туризм дамымайды

Туризм
Фото: latitudeslife.com

Елдегі туризм индустриясы мен ішкі туризмді дамыту туралы бұрыннан айтылып келеді. Бұл жалпы экономикалық өсімге ғана емес, өңірлердің дамуына да оң ықпал ететін процесс.

Әрине, бір жағынан туризм экономиканы әртараптандырудың үлкен бір бағыты. Дүниежүзілік туризм ұйымының айтуынша, Қазақстан Орталық Азиядағы ең көп турист қабылдайтын мемлекет бола алады. Өз кезегінде бұл құрылысты, ауыл шаруашылығы мен ішкі тауар өндірісін дамытады. Тасымалдаушы транспорттардың «саудасын жүргізіп», келім-кетім есебінен кірісті арттырады. Демек, туризмді дамыту қай жағынан алып қарасақ та қажетті. Осы мақсатта 2019 жылы Қазақстан Республикасында туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп, қабылданды. Алайда 2020 жылғы эпидемиологиялық жағдай мен карантин жоспарларды өзгертіп, түрлендірді. Бірақ бұл іс аяқсыз қалған жоқ. Kazakh Tourism АҚ өкілдерінің айтуынша, 2025 жылға дейін Қазақстандағы туризмді дамыту бағдарламасы қабылданған. Онда инфрақұрылымды жақсарту шараларына ерекше көңіл бөлінген. Өйткені Қазақстанда табиғи көрікті жерлер көп болғанымен, оларға жету, аралау қиындық тудырып жатады. Жол инфрақұрылымы көңілден шықпайды. Және елдің әртүрлі аймақтарында туристік маршруттарды құру жағы да баяулап тұр. Оған қоса, жайлы да қолжетімді қонақ үйлер мен хостелдерді көбейту қажеттілігі де бар. Осы бағытта еліміздегі туризмдік потенциалы жоғары өңірлердің қатарына жататын Алматы облысы белсенді жұмыс істеп жатыр.

Жақында ғана Алматы қаласы, Ақмола және Алматы облыстары туризмді дамыту үшін бірлескен жобалар жасағалы жатқанын айтқанбыз. Еске сала кетейік, Алматы өңірінде және Щучье-Бурабай курорттық аймағында туристік нысандарды дамыту туралы тапсырманы орындау үшін жергілікті жауапты органдар жұмысқа кірісіп те кеткен. Жақында ғана осы тақырыпта кеңес өткізілді. Өңіраралық ынтымақтастық мәселесі бойынша өткен кеңеске Алматы қаласының және екі облыстың жауапты мекемелері мен мамандары қатысты. Негізінен, табиғи нысандары жөнінен Қазақстанның туристік картасына енгізілген 33 аймақтың 9-ы осы өңірде шоғырланған. Бұл туралы Алматы облысының баспасөз қызметі былай дейді:

«Алматы облысында Көлсай көлдері, Шарын және Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтары сияқты бірегей табиғи нысандар бар. Халық сұранысы жақсы, келіп-кетуші туристер жылдан жылға артуда. Сол себептен де инфрақұрылымды дамыту бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Жол салу, туристерді орналастыру нысандарын құру, салу қолға алынды. Биылғы жылдың алғашқы алты айында Алматы облысына келген шетелдік қонақтар саны 73 мыңнан асты, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп. 2024 жылы осы күнге дейін 80 мың турист Көлсай көлдерін тамашалауға келген. Алдағы жазғы маусымда бұл көрсеткіш 3 есеге ұлғаяды деп жоспарланған. Былтыр Көлсайға 250 мың адам келсе, биыл бұл сандар 400-ден асады деп күтілуде. Соған сәйкес, туризмге тартылатын инвестиция көлемін арттыру көзделген».

Жан-жақтағы табиғи нысандарды қойғанда, Қапшағай су қоймасының өзі елімізге танымал демалыс аймағы. Соңғы есептерге сүйенсек, Қапшағай су қоймасының жағалауына демалуға келетіндердің саны жыл санап артып келеді. Мысалы, биыл олардың саны 1,5 миллионға жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 300 мыңға көп. Осы орайда қаладағы 140 демалыс орны 840 миллион теңгеге қызмет көрсеткен. Қапшағай суына келгендерге арнап арнайы жағажайлар да салынып жатыр. Мысалы, осы жазда №5 қалалық жағажайы ашылды. Демалыс орнының аумағы 2,7 гектарды алып жатыр. Мұнда футбол, волейбол, воркаут, балалар ойын алаңдары, үстел теннисі орнатылған. Суға түсу орны мен дәретхана, шатырлар, пирс, жасыл аймақ, бизнес объектілері, балалар бассейні, автотұрақ та бар. Тағы құтқарушыларға арналған 2 орын қойылған. Ал бұған дейін №8 жағажай аталып келген аймақ енді паркке айналмақ. Қытайлық инвесторлар мұнда 100 млн доллар қаржы құяды деп жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге 2500 адам тартылып, жоба аяқталған соң 500 қызметкер тұрақты жұмыспен қамтылады. Жоба бойынша бұл жерде қонақ үйлер, пирс, субұрқақтар шоуы, аквапарк, аттракциондар, сауда орындары салынады. Аумағы – 15 гектар. Алғашқы кезеңінде 7 гектардан астам жер игеріліп, жыл соңына дейін құрылыс жұмыстары аяқталады деп көзделуде. Ал екінші кезең 2025 жылы жүзеге асады. Жаңа жағажай бір маусымда 3 млн адам қабылдай алады.

Мұндай дәстүрлі қадамдардан бөлек, креативті қадамдар да қолданылуда. Мәселен, Қонаев қаласында ашық суда жүзуден Ocean Man халықаралық жарысы өтті. Дәстүрге айналған сайысқа 17 елден 2600 спортшы, 3000 жанкүйер келген. Спортшылар Қапшағай су қоймасында түрлі қашықтыққа жүзіп, 2 күн бойы бақ сынады. Ең қысқа қашықтық 500 метр болса, ең ұзағы 5 шақырымға тең. Одан бөлек, жеке компаниялардың ұйымдастыруымен Rock family fast фестивалі, ASP Arena-да Орталық Азия дрифт шоуы өтті. Жарысқа 7 мемлекеттің 40 темір тұлпар жүргізушісі қатысқан. Жаз бойы сенбі күндері Aspan fest концерті ұйымдастырылды. Онда отандық әртістер өнер көрсетті. Осының бәрі туристер тартуға оң ықпал ететін қадамдар.

Ал инфрақұрылымды дамыту үшін облыс орталығындағы Речников көшесін More Lux демалыс орнына дейін созу жоспарланып отыр. Көшенің ұзындығы 1,7 шақырымды құрайды. Қалалық әкімдіктің айтуынша, қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаты әзірлену үстінде. Сонымен қатар солтүстік жағалауда 25 шақырым су құбырын тарту үшін құжаттар жасалып жатыр. Алдағы уақытта инвестициялық қаржыға 9 демалыс нысаны салынбақ.

Ақжол Мейірбек

Алматы облысы

Тегтер: