Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:07, 14 Қыркүйек 2023

Инклюзивті бизнес қоғам үшін маңызды

None
None

Елдос Баялышбаев Талдықорғанда туып өскен. Жетісу мемлекеттік колледжінде программалаушы ретінде, артынша осы университетте жергілікті басқару мамандығы бойынша білім алған.

Алматы менеджмент университетінде бизнесті ұйымдастыру бойынша магистрлік дәрежесі де бар. Елдос университетке оқуға түсейін деп жүрген кезде жазатайым жағдай болған. Жол апатынан соң омыртқасы мен мойнына қатты зақым келген ол осылайша 19 жасында ауыр кезеңдерді бастан кешіреді. Әуелі тіпті орынан тұра алмайтын күйге түскен ол небәрі екі жылда аяғына қайта тұрған. Ал қазіргі таңда табысты кәсіпкер болып отырған ол инклюзивті бизнеспен айналысады. Ерекше қажеттілігі бар, мүгедек жандарға арналған «Асар» спорттық-оңалту кешенін ашқан Елдоспен тілдескен болатынбыз.

Тұлғалық дамуға көңіл бөлдім

Денсаулығым бір қалыпқа келмей тұрғанда жатудан жалығып, жұмыс іздедім. Сөйтіп жүріп «Ерлік» мүгедектер қоғамдық бірлестігінен хабарландыру көріп, программист маман ретінде жұмысқа кірдім. Ол жерде жарты жылдай жұмыс істедім. Сол кездері көптеген ерекше қажеттілігі бар жандармен танысып, сөйлестім. Ешкім өз өміріне налымайды. Жұмыстарын істеп, мақсаттарына ұмтылады. Бір-бір отбасын асырап отыр. Ол маған да мотивация болды. Жарты жылдай жұмыс істеген соң бұлай жүре бермейін деп, дамудың жолдарын іздей бастадым. Іздендім, бизнес курстар мен тренингтер, кітаптар оқыдым. Ақырында өзім оңалту орталығын ашсам деген арман пайда болды да, арманым үшін еңбектенуді, күресуді шештім. Себебі өзім тұрақты жаттығулар мен процедуралардың арқасында аяққа тұрдым ғой. Басқаларға да сондай мүмкіндік жасағым келді. Ал қазір орталықтың ашылғанына 9 жылдай уақыт өтті. Тек Талдықорған мен жақын аймақтардан ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, алыс-жақын шетелдерден де емделушілер келеді.

Мақсат – қоғамдағы стереотипті бұзу

2014 жылы «Асар» оңалту орталығын аштық. Ондағы тағы бір мақсат мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қоғамдағы стереотипті бұзу болғаны рас.    Бизнес идея мен бизнес жоспардан бөлек, қаржыландыру көзін іздедік. Сол кезде нысанаға арналған жер алуға «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша жергілікті әкімдік көмектессе, кірпіш пен терезелерді мемлекет алып берді. Негізі мен мемлекеттік грант конкурстарына көп қатысамын. Жеке инвесторлардың да белсенділігі мен бастамалары жақсы нәтиже беруде. Мәселен, Жапонияның елшілігінен 80 мың доллар көлемінде грант ұтып алдық. Негізгі жабдықтың бәрі осы грант есебінен Польша, Германия, АҚШ сынды елдерден алынды. 2015 жылы Startup Bolashak конкурсынан жүлделі орын алып, 8 миллион теңге ұттық. Кейіннен «Сәби» қорынан жаңа жобамыздың 30 пайыз қаржыландыруын жеңдік. Бірақ тұрақты демеуші жоқ.

Біздегі қызметтер тегін

Сауықтыру орталығымызда омыртқаның зақымдануы, ДЦП, инсульт, протрузия сынды диагнозы бар адамдарды оңалтумен айналысамыз. Есіктен кіргеннен бәрі ыңғайлы. Алдымен, әрине, тіркеу-қабылдау орталығы. Одан ары қарай үлкен жаттығу залы орналасқан. Айтқанымдай, бұл зал үлкен, сыйымдылығы көп. Ары қарай кинезотерапия залы және асхана. Балалар және ересектер бөлмесі мен физиотерапия кабинеттері де бар. Баса айтатын бір нәрсе – біздегі қызметтер тегін.

35 қызметкерді жұмыспен қамтып отырмын

Орталықтағы мамандардың 50 пайызы мүмкіндігі шектеулі жандар. Көпшілігі осында келіп, оңалтудан өткен. Сөйтіп, қатты ұнаған соң әрі барлық жағдай жасалған соң жұмыс істеуге келген. Одан бөлек, жоғары санаттағы медицина қызметкерлері мен білікті жаттықтырушылар еңбек етуде. Қазіргі таңда орталықта 35 қызметкер бар. Әрі біз германиялық әріптестерімізбен біліктілікті арттыру шараларын өткіздік. Кәсіби спикерлер мен тренерлерді де шақырып тұрамыз. Бүгінде әлеуметтік сақтандыру бойынша жұмыс істеуді дамытып жатырмыз. Инклюзивті бизнес қоғамға аса қажет. Болашақта орталықты жоғары деңгейге көтеріп, көрсетілетін қызметтердің түрі мен сапасын арттыруды көздеймін. Қазір бизнесті дамыту үшін SMM құралдары мен әлеуметтік желілерді белсенді қолданудамыз. Жан-жақты ізденіс пен еңбектенуді тоқтатпаймыз. Себебі мүмкін емес нәрсе жоқ.

Баян Мұратбекқызы

Тегтер: