Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:20, 01 Қазан 2024

Инклюзия мектептегі білім беру форматымен ғана шектелмейді

1
Фото: ашық дереккөз

Қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету – елдегі басты мәселелердің бірі.

 Инклюзия ұғымының ауқымы әлдеқайда кең, тек мектептегі ерекше білім беру форматымен ғана шектелмейді. Барлық жерде өмір, теңдік адамзатқа бірдей берілген ұғым екенін қалыптастырып, мүмкіндігі шектеулі жандарға қашан да қолайлы орта туғызуды көздейді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қамтамасыз ету және оларды қорғау мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты саналады. Қолдауға мұқтаж топтардың мәселелерін шешу қай кезде де бірінші кезектегі өзекті проблемалардың қатарында. Табиғатынан талантты, талапты жандардың бұл тобына ыңғайлы қоғам құру жолында Түркістан облысы бірқатар шараларды атқарып жатыр. Атап айтсақ, күні кеше Түркістан қаласында ерекше қажеттілігі бар азаматтар арасында алғаш рет Tez Tap интеллектуалдық сайысы өтті. Түркістан қалалық әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен өткен бұл шараға Түркістан және Кентау қалаларынан келген алпыстан астам қатысушы бақ сынады. Сайыс ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін ұйымдастырылған алғашқы интеллектуалдық жарыс болды. Жобаны ұйымдастыру барысында Түркістан қалалық әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен қаладағы бірқатар әлеуметтік мекемелер белсенді атсалысты. Сайыстың ашылу салтанатында Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Эльмира Бейсенованың айтуынша, тең қоғам құру әр адамның құзырындағы қабілет, оны мемлекеттің жұмысы деп ойлау өрескелдік.

«Бұл жоба туралы идея екі жыл бұрын келген еді, ал оны жүзеге асыру сәті бүгін түсіп отыр. Ерекше жандарға сайысқа қызығушылық танытып, белсене қатысқандары үшін алғыс айтамын. Бір-бірімен танысып, жаңа достар тауып, көңіл көтеру – сайысты ұйымдастырудағы басты мақсаттың бірі. Бұл жоба ерекше қажеттілігі бар жандардың білімін, тапқырлығын сынауға мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға бағытталған. Tez Tap интеллектуалдық сайысы төрт кезеңнен тұрды. Сайысқа 18 бен 50 жас аралығындағы азаматтар қатысып, білімдері мен тапқырлығын сынады. Әртүрлі тақырыптағы сұрақтарға жауап берген қатысушылар 10 топқа бөлініп, өздерінің білімдерін ортаға салды. Түрлі интеллектуалдық тапсырмаларды орындаған қатысушылар ой ұшқырлығын, шапшаңдығын, сондай-ақ тапқырлығын көрсете алды. Іс-шараның маңызын айқындайтын тағы бір фактор – қоғамдағы инклюзия мен тең мүмкіндіктерді насихаттау, азаматтардың бір-бірімен танысып, жаңа қарым-қатынас орнатуына жағдай жасау», – дейді.

Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды «Достар» тобы жеңіп алды. Екінші орын «Жігер» тобына, ал үшінші орын «Білімділер» тобына бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталып, барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар берілді. Әсіресе «Достар» тобының мүшесі Сүйеніш Еркіновтің жетістігі ерекше атап өтілді. Түркістандық Сүйеніш Еркінов – 100-ден аса кітап оқып, қаладағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының үздік оқырманы атанған. Оның терең білімі мен оқыған шығармалары сайыста жеңіске жетуге көмектесті.

«Мен арнайы мектепте білім алдым. Кітап оқуға деген құштарлық жасөспірім шағымнан басталды. Өлең-жырға жақын болдым, соның арқасында бүгінгі сайыста өз командамды алға тартуға тырыстым. Түйген-білгендерімнің бұл жарыста жеңіске жетуге көп көмегі тиді. Біз үшін осындай жоғары деңгейдегі жобаны ұйымдастырғандарыңызға алғысымды білдіремін», – деп ойымен бөлісті Сүйеніш Еркінов.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау үшін мемлекет тарапынан бірқатар әлеуметтік шаралар қолға алынған. Tez Tap интеллектуалдық сайысы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдағы белсенділігін арттыру мен олардың әлеуетін ашуға бағытталған шаралардың бірі болды. Интеллектуалдық сайысқа қатысу арқылы олар өз білімдерін ортаға салып қана қоймай, әлеуметтік байланыстарын нығайтып, өздерін қоғамның белсенді мүшесі ретінде көрсетті. Бұл сайыс ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған алғашқы шара болғанымен, оның маңызы зор. Себебі мұндай іс-шаралар азаматтардың әлеуетін дамытып, қоғамға деген сенімін арттырады. Сайыстың тағы бір ерекшелігі – оның инклюзивтілігі. Әртүрлі жастағы және түрлі әлеуметтік жағдайдағы адамдар бірлесіп жұмыс істеп, өздерінің білімдерін ортаға салуға мүмкіндік алды. Бұл оларға тек жарыс арқылы емес, бір-бірімен байланыс орнату арқылы жаңа достар табуға мүмкіндік берді. Мұндай іс-шаралар тек қатысушылар үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін маңызды. Сайыстың қорытындысы бойынша барлық қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталып, жеңімпаздар арнайы дипломдар мен жүлделерге ие болды. Бұл шара олардың өміріндегі жарқын сәттер мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Алдағы уақытта да мұндай іс-шаралар жалғасып, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған жобалар саны арта түсетініне сенім мол.

Сәруар БАҚБЕРГЕН

Түркістан облысы

Тегтер: