Инновацияны қолданбай жасыл экономиканы дамыту мүмкін емес
Қазақстанда 2025 жылдың соңына дейін есептелген он ұлттық жоба жүзеге асырылуда.
Солардың бірі – Жасыл Қазақстан. Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі елдердің бірі ретінде өзінің экологиялық және экономикалық мақсаттарына қол жеткізу үшін жасыл экономика қағидаттарын енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл сұхбатта сарапшы экономист Тоғжан Шаяхметовамен Қазақстандағы жасыл экономиканың негізгі аспектілерін талдап өттік.
— «Жасыл экономика» түсінігін әлі де толық түсіне бермейтіндер бар екенін жасыра алмаймыз. «Жасыл» деген соң, ағаш егу, жасылдандыру сынды әрекеттермен байланыстырып жатады. Осыған байланысты бір ауыз сөзбен концепцияның принциптерінің кеңдігін түсіндіріп өтсеңіз?
— Жасыл экономика – бұл экологиялық тұрақтылық пен экономикалық өсу қатар жүретін экономикалық жүйе. Жасыл экономиканың негізгі принциптеріне мыналар жатады: ресурстар мен энергияны пайдалану тиімділігін арттыру; жаңартылатын энергия көздерін дамыту; ластануды жою және парниктік газдар шығарындыларын азайту; экологиялық инновацияларды және «жасыл» технологияларды дамытуды ынталандыру; және экологиялық инфрақұрылымды қолдау және жасыл кәсіпкерлікті дамыту.
— Жасыл экономикаға көшудің қажеттілігі неде?
— Жасыл экономикаға көшу – тұрақты және экологиялық таза экономика құруға, сондай-ақ климаттың өзгеруіне және табиғи ресурстардың сарқылуына байланысты жаһандық проблемаларды шешуге бағытталған даму стратегиясы. Ол қазбалы отын және басқа да тұрақсыз материалдар мен технологияларды пайдаланудан жаңартылатын энергия көздерін, тиімді технологиялар мен тұрақты өндіріс жүйелерін пайдалануға ауысуды көздейді.
— Ал Қазақстан үшін қандай маңыздылығы бар?
— Жасыл экономикаға көшу Қазақстан үшін бірқатар себептерге байланысты маңызды. 1. Геосаяси маңыздылығы: Қазақстан халықаралық сахнаның белсенді қатысушысы болып табылады әрі өзінің геосаяси жағдайын нығайтуға ұмтылады. «Жасыл экономикаға көшу» халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, инвестиция тартуға және экологиялық инновациялар мен тұрақты даму саласында әріптестік орнатуға көмектеседі, бұл елдің имиджі мен шет мемлекеттердің қабылдауына оң әсер етеді.
2. Бай табиғи ресурстар: Қазақстанда мұнай, газ, уран және т.б. қазба байлықтарының мол қоры бар. Дегенмен, жасыл экономикаға көшу жаңартылатын энергия көздерінің әлеуетін дамытып, мұнай мен газға тәуелділікті азайтады, бұл экономиканы әртараптандыруға және тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
3. Климаттың өзгеруімен күрес: Қазақстан үлкен аумақтық және алуан түрлі экожүйелері бар ел ретінде климат өзгеруінің теріс әсерін бастан кешуде. Жасыл экономика парниктік газдар шығарындыларын азайтады және климаттың өзгеруіне бейімделу шараларын күшейтеді, бұл биоәртүрлілікті сақтауға, тұрақты ауыл шаруашылығына және экологиялық апаттардың алдын алуға ықпал етеді.
4. Экономиканың жаңа секторларын дамыту: Жасыл экономикаға көшу Қазақстандағы экологиялық таза экономика секторларын дамытуға мүмкіндіктер береді. Жаңартылатын энергия көздеріне, энергия тиімді технологияларға, тұрақты ауыл шаруашылығына және тұрақты туристік бағыттарға инвестициялар жұмыс орындарын құруға және экономикалық өсуге әкелуі мүмкін.
5. Энергетикалық қауіпсіздік: жаңартылатын энергия көздерін және энергия тиімді технологияларды дамыту импорттық қазба отындарына тәуелділікті азайтады және Қазақстанның үлкен энергетикалық қауіпсіздік қалыптастыра алады. Бұл экономиканың тұрақтылығын арттырады және ұзақ мерзімді перспективада энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етеді.
— Қазақстандағы жасыл экономиканың қазіргі дамуы қай деңгейде?
— Бүгінгі таңда Қазақстан жасыл экономиканың маңыздылығын мойындап, оны дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. 2013 жылы еліміздің тұрақты даму саласындағы ұзақ мерзімді мақсаттарын белгілеген «Қазақстан-2050» Стратегиясы қабылданды. Стратегияның негізгі мақсаттарының бірі ресурстар мен жаңартылатын энергия көздерін тиімді пайдалануға негізделген экологиялық тұрақты экономиканы құру болатын. Стратегияны жүзеге асыру аясында жасыл экономиканы дамытуға бағытталған бірқатар бағдарламалар мен іс-шаралар әзірленіп, қабылданды. Мысалы, өнеркәсіпте энергия шығындарын азайту, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды ынталандыру, энергия тиімді көлікті дамыту бағдарламалары және т.б.
— Соңғы кездері жаңалықтардан «жасыл инвестиция» «жасыл қаржыландыру» сияқты терминдерді жиі кездестіріп жүрміз...
— Бұл Қазақстанда жасыл инвестицияларды тарту және экологиялық жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданып жатыр деген сөз. Жасыл экономиканы дамыту қомақты қаражатты қажет етеді. Осыдан жеті жыл бұрын жылы экологиялық инфрақұрылым, энергия тиімділігін арттыру және жаңартылатын энергия көздерін пайдалануға қатысты жобаларға қаржылық қолдау көрсететін «Жасыл экономика» ұлттық қоры құрылды. Оның үстіне, қазір Қазақстандағы жасыл жобаларға шетелдік инвестицияны белсенді түрде тартуда. Еліміз жаңартылатын энергия көздері және тұрақты даму саласындағы жобаларды жүзеге асыру бойынша Дүниежүзілік банк пен Халықаралық қаржы корпусының серіктесі болып отыр.
Мәселен, Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) Қазақстанда жасыл экономиканы қаржыландыру жобасын іске қосуда. ЕҚДБ жаңа қаржыландыру бағдарламасының арқасында Қазақстан бойынша жүздеген бизнес пен мыңдаған үй шаруашылықтары өндірісті жаңғыртуға, энергия тиімділігін арттыруға және экологиялық тұрақтылықты жақсартуға мүмкіндік алады. Банк жеке тұлғаларды, жеке компанияларды және ШОБ субъектілерін несиелендіру үшін Қазақстанның жасыл экономикасын қаржыландырудың II (GEFF Kazakhstan II) жобасына қатысушы қаржы институттарына 150 миллион долларға дейін (теңге баламасында) қаржыландыруды ұсынады. Жоғары сапалы жасыл тауарлар мен жабдықтарды жеткізушілер мен өндірушілер де жобаға қатыса алады.
GEFF Kazakhstan II жобасы Австрия Үкіметі мен Жаһандық экологиялық қордың (ГЭФ) қолдауымен 2020 жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан GEFF Қазақстан пилоттық жобасына негізделген. Жоба басталғалы бері жобаға 1500-ден астам қатысушы тартылып, еліміздегі энергия мен энергия тиімділігін арттыру жобаларына бөлінген қаржыландыру көлемі 30 миллион доллардан астамды құрады. Қаржыландыру ЦентрКредит Банкі, Шинхан Банкі және KMF микронесие ұйымы арқылы жүзеге асырылды. Қаржыландырылған жобалардың басым бөлігі (60%) әйелдер басқаратын кәсіпорындарға арналған және ауылдық жерлерде орналасқан. Бүгінгі таңда Қазақстанға 304 жоба аясында 10 миллиард еуродан астам инвестиция тартылды, бұл оны ЕҚДБ Орталық Азиядағы ең ірі және ең көне банктік операциясы етеді деп есептейміз.
— Жасыл технологиялар мен инновациялық жобалардың мемлекет үшін қандай тиімді тұстары бар?
— Жасыл технологиялар мен инновацияны қолданбай жасыл экономиканы дамыту мүмкін емес. Сол себепті де Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері, энергия тиімділігі, қалдықтарды басқару және жасыл экономиканың басқа да аспектілері бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан үкіметі инновациялық стартаптарды белсенді түрде қолдайды әрі жасыл технология компанияларына салықтық жеңілдіктер береді. Сонымен қатар, жасыл экономиканы дамыту елімізде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жасыл кәсіпкерліктің дамуына ықпал етуде. Жасыл экономика Қазақстанның тұрақты дамуының маңызды құрамдастарының бірі болып табылады. Ел үкіметі жасыл экономика қағидаттарын жүзеге асыру, жасыл инвестицияларды дамыту және экологиялық жобаларды қаржыландыру бойынша белсенді жұмыс жасауда, сондай-ақ инновациялар мен жасыл технологияларды дамытуды қолдайды. Жасыл экономиканы жүзеге асыру Қазақстанға экономикалық мақсаттарына қол жеткізуге көмектеседі, сондай-ақ ел мен оның тұрғындары үшін неғұрлым тұрақты болашаққа әкеледі.
— Сұхбаттасқаныңызға рақмет.