Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:15, 24 Шілде 2025

Инновациялық даму өндірісті жаңғыртумен шектелмейді

инновациялық бағдарламалар

Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуы ел экономикасын әртараптандыру және жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолындағы маңызды стратегиялық бағыт. Бұл бастама шикізатқа тәуелділікті азайтып, өндіріс пен технологияның жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік береді.

 Елде индустрияландыру үдерісі бірнеше кезеңмен жүзеге асып келеді. Әсіресе соңғы жылдары өнеркәсіптің өңдеуші секторын дамытуға айрықша көңіл бөлінді. Бұл қарапайым өндірістен күрделі технологиялық шешімдерге негізделген жаңа экономикалық үлгіге көшу процесінің жүріп жатқанын көрсетеді.

Индустриялық-инновациялық саясаттың басты мақсаты – өндіріс орындарын жаңғыртып, ғылым мен технологияға негізделген өнім түрлерін арттыру. Бұл ретте инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар ашу, инфрақұрылымды жетілдіру және отандық кадрларды даярлау өзекті міндеттердің қатарында. Қазақстанда металлургия, машина жасау, химия, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіп салаларында бірқатар жаңа жобалар іске қосылды. Мәселен, соңғы жылдары еліміздің түрлі өңірлерінде жоғары технологиялы зауыттар мен индустриялық аймақтар бой көтеріп, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Бұл үрдіс аймақтардың дамуына серпін беріп, ішкі өндіріс көлемін ұлғайтуға ықпал етті.

Инновациялық даму тек өндірісті жаңғыртумен шектелмейді. Ол ғылыми-зерттеу жұмыстарына, стартап жобаларға қолдау көрсету арқылы жүзеге асады. Бұл бағытта мемлекет түрлі гранттар мен бағдарламалар ұсына отырып, жас ғалымдар мен кәсіпкерлерге жол ашып отыр. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында да өнеркәсіп саласына заманауи шешімдер енгізіліп, автоматтандыру мен цифрландыру үдерісі кеңінен қолданыла бастады.

Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму саясаты экономиканы заманауи талаптарға бейімдеудің тиімді жолы ретінде қарастырылып отыр. Ол тек экономикалық өсімді емес, сонымен қатар ұлттық бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, тұрақты жұмыс орындарын құруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Болашақта бұл бастаманың нәтижесі технологияға негізделген, тұрақты әрі әртараптанған экономикаға ұласады деп күтілуде.

Мысалы, өткен жылы индустриалдық өнім индексі барлық салалар бойынша 103,2  пайызға жетті. Өңдеу өнеркәсібі 6,9 пайызға, тау-кен өнеркәсібі тек 0,1  пайызға өсті. 2024 жылы өндірілген өнімнің жалпы көлемі 51 469 млрд теңгені құрады.

Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуындағы тағы бір маңызды тармақ – экспорттық әлеуетті арттыру және сыртқы нарыққа отандық өнімді шығару мүмкіндігін кеңейту. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығару басты талап. Осыған байланысты заманауи өндірістік құрал-жабдықтармен жабдықталған кәсіпорындардың саны артып келеді. Сонымен қатар қазақстандық өнімді шетелдік нарыққа таныстыруға бағытталған сауда миссиялары мен халықаралық көрмелерге қатысу жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Бұл әрекеттер шетелдік инвесторлардың қызығушылығын оятып, ел экономикасына қосымша серпін береді.

Б.МЕЙІРБЕК