Инновациялық кәсіпорындардың жағдайы қалай?
Өңірлік экономикамен қатар елдің экономикасы үшін маңызды рөл атқарып отырған шағын және орта бизнес өкілдері үшін барлық жасалған жағдай мен жеңілдіктерге қарамастан мәселелер жетерлік.
Кәсіп жасап, отандық өнім мен қажетті қызмет түрлерін дамытуға ынталы кәсіпкерлер көбіне қаржыландыру жағынан кедергіге ұшырап, көп ойланады екен. Айналымдағы қаржыны көбейту үшін немесе жаңа филиалдар мен нүктелер ашуда, тіпті кәсіпті жаңадан бастағанда бюджеттік дефициттер болып жатады. Мұндай жағдайда мемлекет беретін арнайы пайыздық мөлшерлемесі қолайлы несиелер көмекке келеді. «Даму» қоры арқылы бір емес екі рет несие рәсімдеп, кәсібін дөңгелетіп отырғандардың бірі – Алматы облысының тұрғыны Икрам Парменов. Кәсіпкердің айтуынша, әкесі стоматолог болғанымен, өзі бұл салада кәсіп ашып, дөңгелетемін деп ойламапты.
«Алғашқы кәсібім жаңа тұрғын үй кешенінен басталды. Қарасай ауданында «Асыл арман» деген тұрғын үй кешені салынып жатқанда-ақ идеялар келіп, сол жақтан жалға ғимарат алдық. Осы тұрғыда көп қиындықтар кездесті. Себебі қазіргі нарықтық кезеңде тұтынушы көп жерден жалға ғимарат алу оңайға түспейді. Алғашында ауылдардан тасып, табиғи өнімдер сатамыз дедік. «Экомаркет» ашпақшы болдым. Алайда бұл идея табысты бола қоймады. Содан соң қарапайым балмұздақ аппаратын алып, бұл сәтті қадам болды деп қуанып жүрдім. Дегенмен ол да ғимаратты жалдау құнын жабуға жетпеді. Ақыры соңында бұл ойдың бәрінен бас тартып, процедуралық кабинет аштым. Сөйтсем, тұрғындарға осы керек екен. Кейіннен бір кабинеттен стоматология жасадық. Әкем осы саланың майталман маманы болғандықтан шаруасынан да, процестен де біршама хабардар едім. Бірақ осы кәсіп берекелі болды деп жүргенде бәсекелестік әсерінен табыс азая бастады. Сөйтіп жүргенде біздің ғимаратты сатып жіберді. Әрине, бұдан соң азды-көпті қиындықтар орын алуы заңды ғой. Бірақ бұл да бір мүмкіндік. Өз кәсібімді жүргізетін ғимарат сатып аламын деп шештім. Ананы да, мынаны да көріп жүріп, ақыры соңында сол бұрынғы аумақтан ғимарат алдым. Осы жерден толыққанды стоматология ашуға оқталдым. Бұл орайда қажетті аппараттар мен техникаларды сатып алу үшін қаржы көзі қажет болды. Өйткені медициналық құралдар арзан тұрмайды. Ал мен ең сапалылары мен сенімділерін әкелгім келді. Осы кезде «Даму» қоры арқылы несие рәсімдеп, жұмысты бастап кеттік. Клиенттердің сеніміне ие болу үшін мықты мамандарды, тәжірибелі стоматологтарды шақырдым. Осыдан соң кәсібіміз жүріп, бәрі оңынан болды.
Қиналып жүрген шақтарда айналамдағылардың көбісі бәрін тастай сал, ештеңе шықпайды, құр шығынға батып жатырсың деумен болды. Бірақ қазақ айтпақшы, «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». 2015 жылы жеке кәсібімді ашып, оны тіркегелі көп қиындықтар болды. Кәсіптегі ең сұрағы көп тұс – қаржы көзін табу ғой. Осы бағытта жергілікті әкімдіктің қолдауы мен кәсіпкерлерге арналған бағдарламалар көп көмегін тигізді».
Алматы облысы Икрам Пәрменов сынды шағын және орта бизнес өкілдерін қолдауда белсенді. Өйткені бұл өңірдегі экономикалық көрсеткіштер мен өмір сүру сапасын жақсартудың таптырмас жолы. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Алматы облысында 135 мыңға жуық белсенді шағын және орта бизнес субъектілері бар. Бұл кәсіпорындар облыстың 245 мыңға жуық тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Облыста кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыруға бағытталған түрлі бағдарламалар мен қолдау шаралары бар. Олардың қатарында несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, бизнесті дамытуға гранттар беру, кәсіпкерлерге кеңес беру және білім беру қызметтері кіреді. Әрі ісін жаңадан бастаған және инновациялық кәсіпорындарды дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде.
Ақжол Мейірбек
Алматы облысы