Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 19 Наурыз 2024

Инсультты уақытылы анықтайтын жасанды интеллект

Жасанды интеллект
Фото: из открытых источников

Цифрлық дәуірдің жаңа тынысын ашқан жасанды интеллект өміріміздің барлық салаларындаөзгерістер алып келуде.

Жаңа заман дамуы Ер Төстіктен де өсімтал цифрлық технологияның мүмкіндіктерін тиімді игере білгеннің ғана уысында тұрарын анық көрсетті. Қазір елімізде әртүрлі салада қарқынды дамып келе жатқан IT стартаптардың қарасы көп. Солардың бірі жасанды интеллектке негізделген инсультті анықтауға арналған диагностикалық медициналық Cerebra жобасы. CerebraAI компаниясы елімізде ерекше жаңалығымен келген үздік стартап жобалардың бірі. Medtronic компаниясының деректері бойынша медициналық жасанды интеллект саласындағы әлемдегі үздік он инновациялық жобалардың қатарына кірген. Біз жобамен кеңірек танысып, қазіргі аяқ алысы, алдағы жоспарлары туралы білу үшін компания өкілі, PR маманы Әнуарбек Жәлел мырзамен сұхбаттасқан едік.

- CerebraAI компаниясы – инсультті жылдам анықтауға арналған жасанды интеллект. Бұл – радиолог, нейрохирург, нейрорадиолог мамандар мен программистердің біріккен жұмысының нәтижесінде пайда болған өнім. Жалпы инсульт әлемдегі өлім-жітімнің ең негізгі себептерінің бірі. Дегенмен инсульттен кейін 3-4 сағат көлемінде тез арада шара қолданса, адам өмірін сақтап, ауыр мүгедектіктен аман алып қалуға болады. Бізде көптеген өңірлерде, ауыл-аймақтарда инсультті бірден көріп, танитын дәрігерлердің саны аз немесе біліктілігі жетіспей жатады. Ал Cerebra AI жасанды интеллекті КТ және МРТ зерттеулеріне анализ жасау арқылы дәрігерге инсульттің немесе қан ұюының бар-жоғын 10 минуттың ішінде анықтап бере алады. Мұндайда әр секунд санаулы. Мәселен, инсульт кезінде дәрігер дәл диагноз қоя алмауы мүмкін. Инсульттың болғанын білсе де, нақты қай жерде екенін көзбен анықтау қиын. Осы тұрғыда компьютер жақсы көмекші құрал бола алады. Бұл дәрігерлерді алмастыратын емес, керісінше, цифрландыру мен автоматтандырудың нәтижесінде олардың мүмкіндігін арттыра түсетін инсультты анықтауға, ерте тануға арналған жасанды интеллект.

- стартап жоба, әсіресе осындай тың жобалар белгілі бір мәселені, түйткілді шешуге бағытталады. Яғни сұраныстан, қажеттіліктен туындайды. Cerebra AI жобасын ашуға не себеп болды?

- Осы жобаның негізін қалаушы Досжан Жүсіповтың әкесі инсульттен көз жұмған. Жобаны ашып, осы бағытта жұмыс жасауына да сол жағдай себеп болса керек. Әуелгіде Досжан мырза медицина саласындағы MED365 жобасын жасаған. Осы жоба сәтті жұмыс жасап кеткеннен соң, өз үлесін сату арқылы Cerebra AI жобасын қолға алып отыр. Жалпы стартап жобалар, өзіңіз айтқандай, елде бұрын-соңды болмаған жаңашыл идеяларды жүзеге асырғанымен, оның табыс әкелу-әкелмеуі екіталай. Бір қарасаңыз, бұл бір авантюра сияқты көрінеді. Себебі мемлекеттің айналысатын шаруасымен жас кәсіпкер айналысып жүр. Бұл инсульт, инфаркт сияқты аурулар ДСМ айналысуы тиіс үлкен кеселдердің бірі. Еліміздегі әрбір үшінші, төртінші адам осы дерттен көз жұмады.

Әлемде осы салада жұмыс істейтін басқа балама жобалар бар ма?

Иә, бұл жаңадан ойлап табылған дүние емес. Қазір медицинада жасанды интеллект кеңінен пайдаланылады. Мәселен, кеуде тұсы обыры, сүт безі қатерлі ісігін анықтауға арналған жобалар бар. Сонымен қатар инсультті де анықтауға бағытталған израильдік, америкалық сәтті, табысты жобалар бар.

—Жобаға мемлекет тарапынан көмек көрсетіле ме?

—Жалпы CerebraAI жобасына AstanaHub-тың мүшесі ретінде көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Бұл жобалардың шетелге шығуына көп көмектеседі. Сонымен қоса, ҚР ЦДИАӨ министрлігі тарапынан да жобамызға қолдау бар. Осы уақытқа дейін ДСМ біраз жайбасарлық танытып келді. Жақында Digital Almaty форумында бұрынғы премьер министр Әлихан Смайылов «обезличенные данные», яғни адамның аты-жөнінсіз флюрография, КТ, МРТ сияқты көптеген снимоктарды CerebraAI сияқты жобаларға беретін үкіметтік деңгейдегі протоколмен шешім қабылдағаны жөнінде хабарлаған болатын. Қазірде осы шешімнің аясында тестілеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізі біздің басты мақсатымыз – Қазақстан халқының өмір ұзақтығын арттыру. Өйткені инсульт өте үлкен дерттердің бірі. Әйтпесе, отандық нарықта бұл жобамен үлкен табыс тауып кете аламыз деп айта алмаймыз. Тікелей табыс табу үшін шетелдік нарықтарға кіруге әрекеттеніп жатырмыз. Ал жоба өз елімізде жүйелі жұмыс жасап, халыққа пайдасы тисе деген ниеттеміз. Қазірдің өзінде бұл жоба 4 жылға жуық елімізде тегін пайдаланылып келе жатыр. Әзірге CerebraAI тек инвесторлардың қаражатымен дамып келе жатқан компания. Егер алдағы уақытта ДСМ тарапынан қолдау тауып, халық игілігіне жарап жатса, ол да нұр үстіне нұр болар еді.

Жобаның негізін қалаушы Досжан Жүсіпов жасанды интеллекті 80% ауруларды кез келген сарапшыға қарағанда жақсы анықтай алатындығын айтады. Алдағы уақытта медицина саласында жоба ауқымын кеңейту ойда бар ма? Қандай жоспарларыңыз бар.

– Уақыт өте келе жобаның ауқымы кеңи түсері анық. Алдағы уақытта жоба тек инсультты ғана емес, басқа да бас ми ауруларын анықтауға бағытталатын болады. Одан бөлек, Досжан Жүсіпов осы Cerebra компаниясының аясында офтальмологиядағы ауруларды анықтайтын ZebraEye деп аталатын жобаны ашуға көмектесіп жатыр. Сонымен қатар стоматологияда AIDentis жасанды интеллектісі ортодонттарға имплант, брекет қоюға көмектеседі. Жалпы жасанды интеллектінің болашағы зор. Енді соны біз қаншалықты тиімді пайдалана аламыз, қаншалықты ауқымды қолдана аламыз, осы маңызды мәселе.

 Сұхбаттасқан Қосқанат Бауыржан