Интернет – ауылға, болашақ – елге

Қазіргі ғасыр – жаңалық пен жаңғырудың, технология мен табыстың ғасыры. Әлем елдері бір-бірімен жер байлығымен емес, жасанды интеллекті дамытумен, цифрлық шешімдермен, жасыл энергиямен және инновациялық инфрақұрылыммен жарысатын кезеңге аяқ басты.
Осы үдерістен шет қалу – жаһандық бәсекеде артта қалып, халықтың өмір сапасын төмендету әрі елдің болашағын шабылған балта деген сөз. Сондықтан да ел ішінде инновациялық инфрақұрылымды дамыту – жай бір салалық міндет емес, мемлекеттің ұзақ мерзімді өркендеуі үшін стратегиялық маңызы бар бағыт.
Инновациялық инфрақұрылым дегеніміздің өзі де жаңашыл идеялардың өмірге жол табуына, ғылым мен өндірістің арасындағы көпірдің нығаюына, цифрлық технологиялардың қоғам өміріне кең енуіне мүмкіндік беретін материалдық және зияткерлік орта. Бұл – технопарктер, бизнес-инкубаторлар, стартаптарға арналған платформалар, жоғары жылдамдықты интернет, «ақылды» қалалар, цифрлық мемлекеттік қызметтер мен ғылыми-зерттеу орталықтары. Мұндай инфрақұрылым ел азаматтарының шығармашылық және зияткерлік әлеуетін оятып қана қоймайды, экономиканың жаңа салаларының қалыптасуына негіз болары анық. Бүгінде елімізде бұл бағытта біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Түрлі өңірлерде IT мектептер мен инновациялық хабтар ашылуда, кәсіпкерлікке қолдау көрсету тетіктері іске қосылуда, ауыл-аймақтарға жоғары жылдамдықты интернет орнатылып жатыр. Мысалы, шалғай ауылдарға оптикалық-талшықты желінің тартылуы тұрғындар үшін интернетке қол жеткізуден бөлек, цифрлық теңсіздікті жоюдың, сапалы білім мен медициналық қызметке онлайн қол жеткізудің, кәсіп ашудың жаңа мүмкіндігі. Бүгін ауыл баласы қаладағы оқушымен бірдей сапалы білімге қол жеткізіп, онлайн курстар арқылы өзін-өзі дамыта алатын болса, ертең елге оралып, жаңашыл жобалар бастауы әбден мүмкін. Бұл, сөзсіз, инновациялық инфрақұрылымның жемісі дер едік.
Осы орайда Жамбыл облысында да цифрландыру саласындағы өзекті мәселелер мен инновациялық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жаңа бастамалар қызу қарқын алуда. Жуырда облыс әкімінің төрағалығымен өткен кеңесте осы саладағы негізгі проблемалар мен оларды шешу жолдары жан-жақты талқыланды. Кеңесте облыстың цифрлық инфрақұрылымын жаңғырту, интернет сапасын арттыру, заманауи технологияларды енгізу және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар таныстырылған еді. Облыстың Цифрландыру және архив басқармасының басшысы Шалқар Амантұровтың айтуынша, қазіргі таңда 251 елді мекен 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етілсе, 189 елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылған. Бұл көрсеткіштер соңғы жылдары интернет инфрақұрылымын жаңарту бағытында нақты қадамдар жасалғанын білдіреді. Алайда облыстағы шалғай ауылдардың әлі де цифрлық теңсіздік жағдайында отырғаны жасырын емес. 43 елді мекен тек 2G интернетпен қамтылған болса, 59 елді мекенде 3G желісі ғана қолжетімді. Бұл ауыл тұрғындары үшін цифрлық қызметтерді пайдалану мен ақпаратқа қолжетімділік жағынан айтарлықтай шектеулер тудыратыны анық.
Кеңес барысында ұялы байланыс операторларының алдағы жоспарлары да талқыланды. 2025 жылы «Кар-Тел» (Beeline) ЖШС 13 базалық станция орнатып, қолданыстағы 8 станцияны жаңғыртуды көздеп отыр. Сонымен қатар «Мобайл Телеком-Сервис» (Tele2) ЖШС 47 жаңа станция орнатпақ, ал «Кселл» (Activ) АҚ 12 станция орнатуға ниетті. Бұл жоспарлар мемлекет пен жекеменшік серіктестіктің тиімді қарым-қатынасын, сондай-ақ жеке инвестицияның өңірлік даму ісіне қосып жатқан нақты үлесін көрсетеді. Интернет инфрақұрылымын дамыту тек елді мекендермен шектелмейді. Қауіпсіздік пен үздіксіз байланыс үшін республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында да антенна-діңгек құрылғыларын орнату көзделген. Қазіргі таңда Т.Рысқұлов, Жуалы, Қордай аудандарында алты нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамасы алынған. Бұл жоба жол бойындағы интернет қолжетімділігін арттырумен қатар, жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Облыс орталығы Тараз қаласында да заманауи технологиялар қарқынды дамуда. «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС тарапынан 5G технологиясын енгізу мақсатында 32 базалық станция іске қосылды. Бұл — тек жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етудің ғана емес, жалпы қалалық инфрақұрылымды цифрлық тұрғыда жаңартудың бастамасы. 5G желісі арқылы ақылды қала элементтерін енгізуге, медициналық қызметтерді оңтайландыруға, білім беру мен қоғамдық қауіпсіздік салаларында тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік тумақ.
Шынында инновациялық инфрақұрылым жастардың елде қалуына, өз болашағын Қазақстанмен байланыстыруына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі. Егер мемлекет ғылыммен айналысатын жастарға зертхана беріп, идеясын жүзеге асыратын алаң ұсынып, стартапына бастапқы қолдау көрсетсе — ол жас шетелге емес, өз жеріне қызмет етуді жөн көреді. Бұл бір адамның ғана тағдыры емес, тұтас елдің интеллектуалдық капиталының елде қалуы деген сөз. Кеңес барысында спикерлер қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару саласындағы пилоттық жоба, жер қойнауын пайдалануға қатысты «Smart mine» жобасы, мектеп қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі, денсаулық сақтау саласында жасанды интеллектіні енгізу бастамалары туралы баяндап, олардың маңыздылығына тоқталды. Мұның бәрі өңірдің инновациялық инфрақұрылымын дамытып, цифрлық трансформацияны тереңдетуге бағытталған кешенді іс-шаралар дер едік. Ендігі мақсат 2025 жылға дейін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылуы тиіс 23 елді мекендегі жұмыстарды аяқтап, антенна-діңгек құрылғыларын орнату бойынша жобалау құжаттамаларын толықтыру және жүзеге асыру, сондай-ақ Тараз қаласындағы 67 мектепті интернетке қосу үшін Freedom Telecom компаниясының инвестициялық жобасын қолдау болып отыр. Сонымен қатар геопортал алаңында 2025–2027 жылдарға арналған жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасын іске асыруды қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мен автоматтандыру бойынша жүйелі әрі тиімді жұмыс жүргізу міндеттелді.
Жалпы алғанда, Жамбыл облысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында қолға алынған бұл бастамалар тек техникалық модернизация ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік әділеттілік пен өңірлік теңгерімді қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам. Цифрлық технологиялар мен инновациялық шешімдер арқылы ауыл мен қала арасындағы алшақтықты жою, мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру және халыққа қызмет көрсетудің жаңа сапалық деңгейіне шығу – бүгінгі күннің басты мақсаты. Сондықтан облыс әкімдігі тарапынан қолға алынған әрбір жоба өңірдің жарқын болашағына салынған берік іргетас деуге болады.
С. Бақберген
Жамбыл облысы