Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:00, 07 Қыркүйек 2023

Инвестиция: Рекорд 462 миллиард теңге!

None
None

30 жылда әлемнің 120-дан астам елі Қазақстанға 330 миллиард долларға жуық тікелей инвестиция салды.

Осы орайда Орталық Азияға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың 70 пайызы біздің елге тиесілі. Ал өткен жылы Орталық Азия елдері жалпы 10 миллиард доллар инвестиция тартса, оның 6 миллиардтан астамы Қазақстанның үлесінде. Бізге келген инвестициялардың жартысынан көбі Еуроодақ елдеріне және тағы бір үлкен бөлігі АҚШ-қа тиесілі. Осылайша, тартылған ТШИ-дің жан басына шаққандағы көрсеткіші бойынша көшбасшы мемлекеттердің біріне айналдық.

«Біздегі шикізаттық базаның молдығы, саяси жүйенің тұрақтылығы, инвестициялық климаттың қолайлығы мен географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы тікелей шетелдік инвестицияға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр» дейді мамандар. Алайда ескерілмей кететін тұстар да көп.

Бұл туралы экономист Расул Рысмамбетов:

– Қазақстандағы инвестициялық климат қолайлы деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Біздегі жағдай тек шикізат өндіретін ірі инвесторларға ғана ыңғайлы. Өйткені қойылатын талаптар айтарлықтай жоғары емес, ал жұмысшыларға төленетін жалақы мөлшері төмен. Дәл осы себептен бізге келетін инвесторлардың 80 пайызы шикізат өндірушлер. Ал қайта өңдеу мен өндіріс салаларына қызығушылық аз.  Инвесторларға қолайсыздық тудыратын факторлар ретінде тұрақсыз салықтар мен заңдар айтуға болады. Және көптеген жеңілдіктердің аты бар да, ал оларды алу жолы түсініксіз. Мұндай тұрақсыздықтың алдын алмай, инвесторлардың белсенділігі өспейді. Мәселен, бізде ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу, ауыл шаруашылық және су техникаларын дамыту, логистика, дайын тауарлар шығару салаларына көбірек инвестиция тартуға мүмкіндік бар. Бірақ мүмкіндік өз деңгейінде қолданылмай жатыр. Бірақ инвесторларды «аулау» мүмкін емес, қолайсыз климатта өсімдік өспейтіні секілді, инвестицияны да күштеп өсіре алмаймыз. Ал тек жеңілдіктер беру арқылы климат жасау қиын, сол себептен «эко орта» қалыптастыру қажет. Ол үшін өмір сапасы мен жайлылығы, түсінікті салықтар мен заңдар, тез шешім қабылдай алу сынды факторларды дамытқан жөн. 2022 жылы Қазақстанның инвестициялық саясатының 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы бекітілді. Тұжырымдамаға сәйкес 2026 жылы негізгі капиталға инвестициялар деңгейін ЖІӨ-нің 25,1 пайызына дейін жеткізу және тікелей шетелдік инвестициялар көлемін 25,5 миллиард долларға дейін ұлғайту көзделген. Мұндай көрсеткішке жетуге болады, әрине. Алайда шикізат өндірушілерді тартып қана қоймай, қайта өңдеу мен экономиканы диверсификациялауға мән беру керек, – дейді.

Бұл сөздердің жаны бар. Оны мемлекет те біліп отыр. Осы тұрғыда Қазақстан экономикасының өнеркәсіптік әлеуетін толық ашу үшін уақыт пен нарық талап ететін жаңа жағдайларға бейімделе отырып, экономиканы әртараптандыруға ден қойылып жатыр. Соның ішінде мұнай химиясы, металлургия, автомобиль және машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен секілді базалық секторларға инвестициялар тартуға ерекше назар аударылмақ. Әртараптандыру және өсу тұрақтылығын арттыру мақсатында ТШИ ағынының қарқынын жылына 30 млрд долларға дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл ретте 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынған инвестициялар деңгейін ішкі жалпы өнімнің 30 пайызына дейін жеткізу көзделген. Шикізаттық емес тауарлар экспортының көлемін 2025 жылға қарай 41 миллиард долларға дейін арттыру орта мерзімдегі мақсат саналады. 

Жалпы, елімізге инвестициялар тарту жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр деуге болады. Өткенге көз жүгіртсек, 2019 жылы Қазақстанда шетелдік инвесторлардың қатысуымен 3,5 мың жұмыс орны құрылып, 1,1 миллиард долларға 40 ірі жоба іске асырылған. Ал 2020 жылдың бірінші тоқсанының өзінде ТШИ ағынының көлемі 3,5 миллиард доллардан асқан болатын. Бұл инвестициялардың басым бөлігін дәстүрлі тау-кен өндірісі өнеркәсібі тартты. Үлесі – 65 пайыз. Қалған 9 пайызы өңдеуші өнеркәсіпке, 5 пайыздан астамы көлік және қойма саласына тиесілі. Бұл жылы карантиндегі дағдарысқа қарамастан, шетелдік инвесторлардың Қазақстандағы белсенділігі төмендемеген.

Астана инвестиция тарту жағынан көш ілгері қалалардың бірі деуге болады. 1998 жылдан 2019 жылға дейін Астанаға тартылған инвестиция көлемі 47 есеге өскен. Ал 2022 жылы 1 трлн 462 миллиард теңге көлеміндегі рекордтық инвестиция тартылған. Яғни, 2021 жылмен салыстырғанда 13,5 пайызға артық. Бұл көрсеткіш бойынша елорда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі бойынша тау-кен өндірмейтін өңірлер арасында көшбасшы орын алады. Биылғы көрсеткіштерге келсек, 2023 жылдың алғашқы 7 айында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 678,5 миллиард теңгені құрады. Шетелдік инвестициялардың негізгі бөлігі Нидерланды, Бельгия, АҚШ, Швейцария, Ресей, Оңтүстік Корея сынды елдерден. Алдағы уақытта Астанада инвестициялардың жалпы сомасы шамамен 1,1 трлн теңге болатын 163 жоба іске асырылмақ. Осы жобаларға сәйкес 15,9 мыңға жуық жаңа жұмыс орны пайда болады деп күтілуде.

Өңірлерге келсек, Қызылорда облысы өткен жылы өңір экономикасына 409,5 миллиард теңге инвестиция тартып, республика бойынша 1-орынға шықты. Биыл 424 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарлануда. Ал еліміздегі ірі қалалардың бірі Шымкентте 2022-2025 жылдарға құны 2,6 трлн теңге құрайтын 242 инвестициялық жоба жоспарланған. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі саласында 550 млрд теңгені құрайтын 45 жоба іске асырылмақ. Батыс Қазақстан облысында 54 ірі жоба үшін 47,6 миллиард теңге инвестиция тартылса, Орал қаласы инвестициялық мүмкіндіктерін толық пайдалана алмай отыр. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев айтып, қала әкімі мен тиісті сала мамандарына тапсырма берген болатын. Тартылған инвестиция көлемі бойынша артта келе жатқан өңірлер: Ұлытау облысы (52 пайыз), Абай облысы (64 пайыз), Жамбыл облысы (65 пайыз). Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров сенатта: «Тиісті көрсеткішті орындай алмаған, инвестиция саласында соңғы орындардан көрінген өңірлердің жауапты қызметшілері тәртіптік жауапкершілікке тартылады» деген болатын.

Сондай-ақ ұлттық экономика министрі 2022 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі шамамен 15 трлн теңге болғанын мәлімдегені есімізде. Ал биылғы жоспар бойынша негізгі капиталға 18,3 трлн теңге инвестиция салынуы керек. Инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту мақсатында мемлекеттік преференциялар алу үшін органдардың өтінімдерін келісу мерзімін қысқарту және мемлекеттік қолдау шараларына ие болу үшін инвестициялардың шекті көлемін азайту ұсынылды. Премьер-министр Әлихан Смайылов бұл бастамаларды қолдап, артықшылықтар берілетін қызметтердің басым бағыттарының тізбесін пысықтап, жаңа ережелерді бекіту кезінде барлық өңірлік ерекшеліктерді ескеру қажеттігін алға тартты. Әрі республиканың инвестициялық ахуалын жақсарту жөнінде қосымша ұсыныстар әзірлеу ісі де қарқынды жүріп жатыр. Бұл ретте үкімет басшысы заңның үстемдігін қамтамасыз ету, яғни құқық қорғау және бақылаушы органдар тарапынан бизнеске қысымды төмендету жөніндегі шараларға баса назар аудару қажеттігін жиі айтады. Оған қоса, инвестициялық дауларды қарау процесін жеделдету, инвесторларды құқықтық қорғауды күшейту және мемлекеттік органдардың шарттық міндеттемелерді орындамау себептерін жою жөніндегі шаралар да талқылану үстінде. Және мемлекет тарапынан фискалдық реттеуді қайта қарау үшін жаңа салық кодексі әзірленіп жатыр. Жаңа кодекс салықтық бақылауды цифрландыруды, сараланған мөлшерлемелерге көшуді, технологиялық жаңғыртуды ынталандыруды, арнаулы салық режимдерін жеңілдетуді көздейді.

Инвестиция тартудан бөлек, ұлттық экспортты дамытуға да көп көңіл бөлінуде. Осы мақсатта бұған дейін экспорттаушыларды қолдаудың институционалдық негіздерін күшейту, экспорттаушылар үшін қаржылай және қаржылай емес қолдау шараларын көрсету, экспорттың дамуына кедергі келтіретін тосқауылдарды жою бағыттарында тұрақты жұмыс жүргізіліп келеді. 1 қыркүйектегі жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни 136 миллиард долларға жетті. Оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады. Бұл, ең алдымен, экономикалық тұрақтылығымыздың аса маңызды кепілі екені сөзсіз» деген болатын.

Еліміз қазіргі таңда 100-ден астам тауар түрін экспорттайды. Былтыр 2022 жылы 84,4 млрд доллардың тауары экспортталса, биыл бұл көрсеткіш төмендеген дейді мамандар. Ал импорт, керісінше, былтырғымен салыстырғанда 40 пайызға артқан. Бұл биылғы үш айдың нәтижесі. Нақтырақ айтсақ, 2023 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 32 миллиард АҚШ долларын құраған. Оның ішінде экспорт – 19 миллиардқа жуық. Бұл былтырғыдан 2 пайызға төмен. Ал мамандар жағдайды дұрыстау үшін экспортты қаржыландырудың тиімділігін арттыру керек дейді. Айта кетерлігі – Ресейге экспорт артып отыр. Биылғы жылдың алғашқы 5 айында Қазақстан Ресейге 4,04 миллиард долларлық экспорт жасаса, екі ел арасындағы жалпы тауар айналымы 10,5 миллиард долларға жеткен.

Қалыптасқан экономикалық ахуалды ескере отырып, сауда және интеграция министрлігі экспортты қолдауды жолға қойған. Мәселен, шикізаттық емес экспортты дамыту шеңберінде қазақстандық экспорттаушылар үшін шығындардың бір бөлігін өтеу, сақтандыру, кепілдік беру және субсидиялау, қаржылық емес құралдар мен қолдау бағдарламалары арқылы қаржылық қолдау көрсету, ҚР сыртқы істер министрлігінің шетелдік мекемелерін тарту, экспорттық әлеуеті жоғары қызметтерді дамыту, қауіпсіздік пен сапаның халықаралық талаптарына жауап беретін жаңа ұлттық стандарттарды қабылдау бойынша шаралар ұсынылған. Болжам бойынша экспорт көлемі 2024 жылы 83,1 миллиард доллардан 2028 жылы 94,8 миллиард долларға дейін ұлғаяды. Ал импорт 60,7 миллиард доллардан 65,6 миллиард долларға дейін өседі.

Тегтер: