Инвестиция тартудан алда

Күні кешегі үкімет отырысында биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылу мәселесі қаралды.
Ауқымды жиынға тиісті сала басшылары мен онлайн режимде өңір әкімдері қатысты.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров есепті кезеңде республика экономикасының өсу қарқыны 2,8%-ды құрағанын баяндады. Салалар арасында ауыл шаруашылығы 6,9%-ға, ақпарат және байланыс 6,7%, құрылыс 5,1%, көлік және қоймалау 4,8%, өңдеу өнеркәсібі 4,6%, сауда 4,3% және тау-кен өнеркәсібі 0,1% оң динамиканы көрсеткен.
Министр, Қызылорда облысы негізгі капиталға салынған инвестиция бойынша жоғары өсім көрсеткенін атап өтті. Есепті кезеңде инвестиция тарту көлемі 24%-ға жоғарылаған өңіріміз республика бойынша көш басында тұр.
«Өңірлер арасында ең жоғары көрсеткіш Қызылорда, Алматы және Ақмола облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларында байқалуда», – деді Ә.Қуантыров.
Сыр елінде құрылыс жұмыстарының көлемі 35,1%-ға, инвестиция тарту 24,%-ға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 3,5%-ға және сауда көлемі 2,3%-ға артты. Бұл жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Премьер-министр шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, жаңа жұмыс орындарын құруды ынталандыру бойынша нақты шараларды пысықтауды, сондай-ақ бюджеттен қаржыландырылатын инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар бойынша қаражатты толық, әрі тиімді игеруді қамтамасыз етуді тапсырды.
Үкімет тапсырмалары негізінде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиын өткізіп, аймақта мұнай өндірісі азаю салдарынан төмендеген өнеркәсіп саласынан бөлек, макроэкономикалық бойынша өсім қалыптасқанын атап өтті.
Биылғы 9 ай ішінде 3 млн тонна мұнай өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 191,8 мың тоннаға азайған. Дегенмен өңдеу өнеркәсібінде өсім 8,6 пайызды құрап отыр. Жыл аяғына дейін облыстың ірі кәсіпорындарымен өндіріс көлемін арттыру межесі бар.
Мәселен, уран өңдеумен айналысатын «Байкен-У» ЖШС-ы 15%-ға, ас тұзын өндіретін «Аралтұз» АҚ-ы 50%-ға және мұнай саласына қажетті полиэтиленді құбырлар шығаратын «КНК Кемикал» ЖШС-ы 60%-ға арттыру жоспарлануда. Сондай-ақ өңдеу саласын дамытуға бағытталған Индустрияландыру бағдарламасының 3-ші бесжылдығы аясында өңірде жалпы құны 654 млрд теңге болатын 46 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде.
Облыс әкімі өндеу өнеркәсібі бойынша қала әкімі Асылбек Шәменовке кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен статистика департаментімен бірлесіп, жыл қорытындысы бойынша межелі көрсеткіштерге жету үшін жұмыс жүргізу тапсырылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімінің нақты көлемі бойынша Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжановқа да тиісті тапсырмалар берілді.
Жиын соңында аймақ басшысы қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына барлық индикаторлық көрсеткіштерді жоғары деңгейде ұстап тұруды және кәсіпкерлік нысандар ашу арқылы халық табысын көбейту, жаңа жобаларды дамытып, инвестиция тарту қарқынын әлі де күшейту қажет екенін алға тартып, бірқатар нақты тапсырмалар берді.