Инвестиция тартылса, Маңғыстау қайта түлейді
Маңғыстауда жұмыс жасалып жатыр. Мәселен, үш инвестициялық жоба бойынша 4 000 тұрақты жұмыс, құрылыс кезеңінде 9 000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Маңғаз дала Маңғыстау облысында өңір экономикасын арттыру бойынша әртүрлі салаға тартылған инвестиция есебінен аймақта оншақты жаңа жоба біртіндеп іске қосылып жатыр. Айталық, соңғы 7 жылдың ішінде Маңғыстау облысының кешенді дамуына құйылған қаржының көлемі 88 пайызға артқан. Сонымен қатар облыста 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, жалпы көлемі екі триллион теңгеден асатын 41 инвестициялық жобаның пулы қалыптасқан. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығы хабарлап отыр.
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев өңір үшін маңызды, әрі қайтарымды жобалар туралы тың ақпаратпен бөлісіп отыр. Мәселен, сондай жобалардың бірі, әрі бірегейі – «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» кен орындары. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, жобаны толықтай іске асыру өңірге 6 млрд АҚШ долларының көлеміндегі инвестиция тартуға мүмкіндік береді екен.
Жұмабай Қарағаев: «2023 жылдың ақпан айында энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» арасында жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде жалпы қоры 81 млн тонна мұнай қорын құрайтын кен орындарын игеруге жақсартылған модельдік келісімшартқа қол қойылды. Жобаға 6 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартылады. Жобаны ұйымдастырудың бастапқы кезеңінде 2 мың жұмыс орны құрылады. 2028 жылы өндіріс ісі басталып, жылына 4 млн тонна мұнай өндіру көзделген», – деп түсіндірді.
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Қарағаевтың айтуынша, аталған жобаның жобалау жұмыстары былтыр басталған. Ал 1 жылдан кейін, яғни келер жылдың соңына қарай болат құрылымдардан теңіздегі кешен платформаларының құрылысын бастау сияқты бірқатар шаруалар жоспарланып отыр. Жоба-жоспары қомақты кешен болашақта жағалаудан 64 шақырым қашықтықта, нақтырақ айтқанда «Қаламқас-теңіз» құрылымының аумағында орналасатын болады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаевтың айтуынша, «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС 2028 жылдың соңына қарай «Қаламқас-Хазар» кен орнында алғашқы өндіріс жайлы жария етеді. Ал ҚМГ-ның шетелдік стратегиялық серіктесі болып саналатын ресейлік «Лукойл» мұнай компаниясы болып табылады. Сондай-ақ Қарағаев жобаны іске асыру бойынша – Ақтау, Баутино, Құрық аумағынан қазақстандық верфтер мен металл конструкцияларын өндіру алаңдарын тарту жұмыстарының көзделіп отырғанын да атап өтті.
Аймақта инвестиция тартуға бағытталған тағы бір үлкен жоба полипропилен өндірісіне байланысты екенін айта кетейік. Маңғыстау облысы әкімдігі әлеуетті, ақшалы инвесторлармен полипропилен өндіретін жаңа зауыт салу жобасын пысықтау бойынша келіссөздер жүргізуде. Тағы да Жұмабай Қарағаевты сөзге тарттық. Ол «Жоба «KMG PetroChem» компаниясының бастамасымен «Жаңа полипропилен қондырғысының құрылысы» жобасын іске асыру мәселесін зерделеу бойынша жұмыстар басталып жатыр. Келіссөздер оң нәтиже берсе, құны 1 миллиард АҚШ долларын құрайтын зауыт 2026 жылы іске қосылады деген жоспарымыз бар. Құрылысқа 3 мыңға жуық жұмысшы тартылады. Ал зауыт аяқталып, пайдалануға бергеннен кейін 800 адамға жұмыс жасайтын болады» – деп, жобаның құны мен болашағы туралы айтып берді.
Маңғыстау облысы үшін қазіргі таңда белсенді түрде зерттеліп жатқан тағы бір үлкен жоба бар. Ол – 980 миллион АҚШ долларын қажет ететін алып темір зауытының құрылысы. Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаевтың айтуынша, бұл зауытты салуға «YDА» түрік компаниясы бастамашыл болып отырған көрінеді. «Олар аталған жобаны іске асыру мәселелерін зерттей бастады. Зауыт «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында орналасады деп күтілуде. Келіссөздер нәтижесінде жобаның 1 кезеңі 2026 жылы іске қосылады. Жоба аясында 2500 жаңа жұмыс орны құрылады, ал оның құрылысы кезінде 6 мың адам жұмыспен қамтылады», – деп сұхбат берді.
Сонымен, аталған 3 жоба аясында Маңғыстау экономикасына 7,98 млрд АҚШ доллары немесе 3,6 трлн теңге көлемінде инвестиция құйылатын болады. Бұл өңір экономикасы, аймақ дамуы үшін үлкен қаржы болмақ.