Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Инвестор ауған жыл: Климат жайсыз, үкімет қамсыз

Инвестор
Фото: Жас Алаш коллаж

Қазақстанға салынған тікелей шетелдік инвестицияның (ТШИ) азайып кеткені былтырдан бері жиі айтылып жүр.

Биыл да Қазақстан экономикасына, әсіресе мұнай-газ өңдеу саласына шетелдік инвестициялар айтарлықтай азайған. Биылғы бірінші жартыжылдықта жалпы инвестициялық ағын 724,9 млн доллар болған. Ал бұл көрсеткіш осыдан үш жыл бұрын 9,6 млрд доллар болған.

Былтыр ше? Былтыр 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанға түскен таза тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 98,4 пайызға азайған. Сонымен қатар қайта инвестицияланған табыс (шетелдік компаниялардың Қазақстандағы еншілес кәсіпорындары тапқан табыстың бір бөлігін ел ішінде қайта жұмсауы) 93,4 пайызға қысқарған. Бұл шамамен 6,4 млрд АҚШ долларынатең.

Ұлттық банк пен Kazakh Invest те инвестиция легінің азая бастағанын растайды. Ұлттық банк ұсынған ресми есеп бойынша, 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында таза ТШИ көлемі 2,3 млрд доллардан 72,9 млн долларға дейінтөмендеп, шамамен 30 есеге қысқарған. Ал Kazakh Invest ұлттық агенттігі 2024 жылы елге тартылған жалпы инвестиция көлемі 23,9 млрд доллардан 17,1 млрд долларға дейін азайғанын мәлімдеді. Бұл шамамен 28 пайыздық төмендеу.

Сарапшылардың пікірінше,инвестициялардың бұлайша төмендеуі тек сыртқы факторларға емес, ішкі экономикалық қиындықтарға да байланысты. Атап айтқанда, инфляцияның жоғары болуы, заңнаманың жиі өзгеруі, инвесторлар сенімінің төмендеуі және өңдеу салаларының баяу дамуы.

Бірқатар халықаралық ұйымдар да Қазақстандағы инвестиция динамикасына назар аударды. Мәселен, UNCTADжәнеTrend агенттіктерінің есебінде Қазақстан 2024 жылы таза ТШИ көрсеткішінде 2,5 млрд доллар теріс мәнін көрсеткен. Дүниежүзілік банк мәліметтері де осыны растайды – 2024 жылы ел бойынша инвестициялық көрсеткіш теріс мәнге айналған. Ендігі басты міндет – инвесторлардың сенімін қалпына келтіру, құқықтық және салықтық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі мен инновациялық жобаларға қолдау көрсету үкіметтің қолынан келе ме?

Инвестиция: геосаясат және ішкі нарық

Үкіметтің қазір ең көп айтатын бір сылтауы бар: геосаяси ахуалдың ушығуы. Рас, Ресей мен Украина арасындағы соғыс Орталық Азия аймағының инвестициялық тартымдылығына айтарлықтай әсер еткен. Көптеген шетелдік инвесторлар Қазақстанды Ресеймен экономикалық тұрғыда тығыз байланыста деп қабылдайды. Нәтижесінде кейбір инвесторлар санкциялық тәуекелдерден қорқып, капиталын басқа бағыттарға бұруда. Аймақтық тұрақсыздық пен логистикалық қиындықтар да инвестициялық белсенділікті бәсеңдетті. Мысалы, бұрын Ресей арқылы өтетін көлік дәліздері қазір шектеулерге тап болып, тасымал құны артқан.

Бұдан бөлек, инвесторлар үшін ең басты шарт – тұрақты және болжамды бизнес ортасы. Қазақстанда соңғы жылдары заңнама мен салық жүйесінің жиі өзгеруі шетелдік капитал иелерін алаңдатып отыр. Кейбір компаниялар келісімшарттардың сақталуына және сот жүйесінің әділдігіне сенімсіздік білдіреді. Бұған қоса, мемлекеттік органдар арасындағы бюрократия мен рұқсат алу процестерінің күрделілігі де инвестициялық климаттың тартымдылығын төмендеткен. Экономикалық тұрақсыздық, инфляцияның өсуі және ұлттық валютаның әлсіреуі де инвесторлар үшін үлкен тәуекел. Ұлттық банктің жоғары базалық мөлшерлемесі кәсіпорындарға несие алуды қиындатып, бизнесті дамытудың құнын арттырды. Қазақстан экономикасының мұнай мен металл экспортына тәуелділігі де шетелдік инвесторларды шектейді. Олар инновация мен өңдеу салаларының әлсіз дамуын ұзақ мерзімді тәуекел ретінде қарастырады. Бұған қоса, елде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған реформалар қолға алынғанымен, әлі де шешілмеген мәселелер бар. Салық саясатының жиі өзгеруі мен лицензия алу рәсімдерінің күрделілігі шетелдік бизнеске қосымша ауыртпалық түсіреді. Сондай-ақ жергілікті басқару деңгейінде сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары болып қалуда. Бұл да инвесторлардың сеніміне кері әсер етеді.

Әлемдік экономика да баяулап, Қытай мен Еуропа елдеріндегі өндіріс көлемі қысқаруда. Бұл жағдай да дамушы нарықтарға, соның ішінде Қазақстанға инвестиция ағынын азайтты. Қазір көптеген халықаралық корпорациялар қаржысын АҚШ, Үндістан немесе Оңтүстік Корея сияқты қауіпсіз әрі тұрақты нарықтарға бағыттап отыр.

Экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергенов инвестициялық табыстың бұлай төмендеуі ең бірінші алаңдауға тиіс мәселе дейді.

«Мысалы, «Шеврон» компаниясы Қазақстанда мұнай өндіреді. Бір жылда ол 100 млн доллар пайда тапты. Соның 60 млн долларын АҚШ-тағы штаб-пәтеріне дивиденд ретінде жіберіп, ал қалған 40 млн долларын Теңіз кен орнын кеңейтугежұмсаса, міне, сол 40 млн долларқайта инвестицияланған табысдеп аталады. Ал енді осы қайта инвестициялық табыс азайса, бұл өте алаңдатарлық жағдай. Бұл көрсеткіш елдің инвестициялық климатын және инвестор сенімінкөрсетеді. Егер компаниялар табысын ел ішінде қайта инвестицияласа, бұл экономикаға сенімнің белгісі. Ал керісінше, пайдасын түгел шетелге шығарып кетсе, бұл сенімнің азайғанын білдіреді. 2024 жылы осы қайта инвестициялық табыс 93,4 пайызға қысқарған. Бұл дегеніміз, шетелдік компаниялар өз пайдасын Қазақстан экономикасына қайта салмай, көбінесе шетелге алып кеткен деген сөз», – дейді экономист.

Бектенов қайда, 150 млрд доллар қайда!

Енді үкімет қайтпек? Инвестциялық климатты түзеу үшін не істемек керек? Әдетте үкіметтің жоспары дайын тұрады. Бірақ оның іске асуы... Бұрынғы жоспарлар іске аспағаннан кейін де бүгінгідей жағдай орнап тұрған жоқ па?! Жаңабай Алдабергенов бұған қатысты бірнеше мәселені тізіп берді:

«Бұған дейін үкімет инвестор тартуда «бір терезе» қағидатын ұстанамыз дейтін. Бұл жоба арқылы инвестор барлық рұқсат пен құжатты бір орталықтан алуы тиіс. Бюрократияны азайтамыз дегенді айтып, кәсіп ашу, лицензия алу, жер рәсімдеу сияқты процестерді цифрландыру сөз болды, бірақ ол да толыққанды жүзеге аспады. Экономиканы әртараптандыру қанша жылдан бері айтылып келеді. Мұнай мен шикізатқа тәуелділікті азайтып, өндеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, ІТ, биотехнология сияқты салаларды дамыту қажет. Бұл бағыттағы жобаларға шетелдік емес, отандық инвесторлар да қатысса, капитал ішкі айналымда қалады. Инфрақұрылым мен логистиканы жақсарту тұрғысында Транскаспий бағыты, теміржол және порттар арқылы халықаралық тасымал жолдарын кеңейту маңызды. Инвестиция тек Астана мен Алматыға емес, облыс орталықтары мен шекаралық аймақтарға да бағытталуы керек. Әр өңір өз артықшылығына қарай «инвестициялық аймақ» мәртебесін алып, ерекше жеңілдіктер ұсынуы қажет. Инвестиция тарту нәтижелерін ашық жариялау (қанша жоба, қанша жұмыс орны, қандай сала) керек. Инвестиция – жай ғана ақша емес, ол технология, жаңа жұмыс орындары мен экономикалық сенім. Сондықтан Үкіметтің басты міндеті инвесторға сенімді орта қалыптастыружәне қолданыстағы жобалардың тиімділігін арттыру болуы керек. Премьер-министр Бектеновтің 2029 жылға қарай кемінде 150 млрд доллар шетелдік капитал тарту міндетін қойғанын білеміз. Бірақ қазіргідей қарқынмен бұл межені бағындыру қиын».

Деректерге жүгінсек, бізге ең ірі инвестиция салған елдердің бірі Нидерланды. 2022 жылы Қазақстанға түскен ТШИ-дың үштен бірі (шамамен8,3 млрд доллар)Нидерландыдан болған. АҚШ екінші орында, бұл ел Қазақстанға 2022 жылы шамамен 5,1 млрд долларға жуық инвестиция салған. 2022 жылы Қытайдан Қазақстанға салынған инвестиция көлемі шамамен 1,4 млрд АҚШ доллары болған (2005-2023 жылдар аралығында Қытайдан Қазақстанға салынған инвестицияның жиынтық көлемі шамамен 25,3 млрд АҚШ долларын құрайды).

Бізде инвесторларға арналған үкімет тарапынан белгіленген преференциялар (артықшылықтар) мен ұсыныстар бар. Онда салық заңнамасының тұрақтылығына 10 жыл кепілдікберіледі. Ірі жобаларды орындауға қатысқысы келетін инвесторларға 25 жылға дейін заңнамалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін келісімдер де бар. Инвесторлар үшін салықтық жеңілдіктер, кедендік баждан босату, заттай гранттарды ұсыну, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету де қарастырылған. Жаңа Салық кодексі аясында «біріктірілген жеңілдіктер пакеті» де енгізілуде.

Бірақ, соның бәріне қарамастан, бәрі кері кетіп жатыр. Осының бәрі шенеуніктеріміз мұрын астынан міңгірлейтін «геосаяси жағдайға байланысты...» ғана ма? Басқа да кедергілер аз емес.

Алауыз АЭА-лар

Қаржыгер Ілияс Исаевтың сөзіне сүйенсек, инвесторлар үшін преференциялар бар болса да, арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) институты тиісті деңгейде дамымай отыр, инвесторлар ол аймақтарға ағылып келмей жатыр. Оған себеп – ең әуелі бізде инфрақұрылым толық дайын емес. Көптеген АЭА-ларда, мысалы, «Оңтүстік», «Тараз химиялық паркі», «Қорғас-Шығыс қақпасында» инженерлік және көлік инфрақұрылымы толық салынбаған. Кейбір аймақтарда электр, су, газ жүйесі жеткіліксіз болғандықтан, инвесторлар өндіріс ашуға асықпайды. Есеп комитетінің дерегінше, кейбір АЭА-ның 40 пайыз жері бос тұр.

«АЭА-да басқарушы компанияларды көбіне мемлекеттік құрылымдарнемесе шенеуніктердің тағайындауымен келген менеджерлер басқарады. Олардың көбі инвесторлармен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін білмейді. Аймақтарда менеджмент әлсіз. Инвесторлар үшін ең үлкен қауіп жиі өзгеретін заңдар мен салықтық саясат. Кей АЭА-да берілген салық жеңілдіктері кейін қайта қаралып, кей жобаларды жоспарлы орындаудан бас тартқан. Бұл фактор инвестор сенімін төмендетеді. Бізде әр АЭА-ның өз ережесі бар, бірінде мүлік салығы нөл болса, екіншісі тек 50 пайыз ғана жеңілдік жасайды. Инвесторларға бірыңғай, түсінікті жүйе қажет. Ал Қазақстанда ол толық қалыптаспаған. Кейбір аймақтар шекарадан алыс орналасқан, экспортқа бағытталған компаниялар үшін тасымал құны жоғары. Мысалы, «Павлодар» және «Сарыарқа» АЭА-ры үшін транзиттік шығын инвестицияның тиімділігін төмендетеді. Одан бөлек, инвесторлар әкімшілік кедергілер туралы жиі шағымданады: құжат рәсімдеу, рұқсат алу, жер бөлу процесі ұзақ. «Бір терезе» қағидаты қағаз жүзінде бар, бірақ іс жүзінде әр мемлекеттік орган басқа талап қояды. Міне, үкімет осының барлығын реттемейінше Қазақстанға инвестор тартудың қиындағаны қиындаған».

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: