Инвесторлардың есебінен 21 мың тонна картоп, 5 млн тонна қант өңделмекші

Елімізде ауылшаруашылығы маңызды рөл атқарады. Тұтас экономикамен қатар азық-түлік қауіпсіздігіне, өңірлік дамуға әсер етеді.
Мысалы, Қызылорда, Түркістан және Алматы облыстарында инвестициялардың өсуі соңғы жылдары 100 пайыздан астам көрсеткіштер берді.
Ауылшаруашылығы Алматы облысы экономикасындағы маңызды салалардың бірі есептелінеді. Тіпті дәстүрлі сипат алған деуге де болады. Соңғы жылдары бұл сала аймақтың дамуындағы негізгі драйверлердің біріне айналып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, халықты жұмыспен қамтуға және экспорттық потенциалды арттыруға үлес қосуда. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі 679,2 млрд теңгені құрап, өңірлік жалпы өнімнің 7 пайызын иеленген. Осылайша, еліміздегі көшбасшылар қатарына қосылып та үлгерді. Мәселен, ет өндіру, өрік өсіру және құс шаруашылығы бойынша республикада бірінші орын, қант қызылшасы, қызанақ, қияр және орамжапырақ өсіру бойынша екінші орын, ал ұсақ мал басы бойынша үшінші орында. Статистика да мұны дәлелдей түседі. АӨК өнімдерінің экспорты 38,7 пайызға өсіп, 391,4 млн долларға жетті.
Осы қарқынды жоғалтпай, өңірдегі ауылшаруашылығын дамыту алдағы уақытта да көзделіп отыр. Әсіресе сүтті мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылуда. Алматы облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі берген мәліметтерге сүйенсек, биыл Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесіне сүйене отырып және республикалық бюджеттен бөлінген 15 млрд теңге есебінен 13 сүт-тауарлы ферманы құру жобасы жүзеге асырылуда. Олардың ішінде 11 жоба биыл іске қосылып, 7 100 бас ірі қара мал қамтылады. Бұл өңірдің өндірістік әлеуетін айтарлықтай арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірнеше инвестициялық жобалар іске асырылуда. Мысалы, Кеген ауданында жылына 3 000 тоннаға дейін ет өңдейтін «Кеген МясПром» ЖШС-ның ет комбинаты іске қосылды. Кәсіпорын жыл сайын 330 тоннадан астам шұжық өнімдері мен 70 тоннаға дейін консерві шығарып, 50 тұрақты жұмыс орнын ұсынады. Балқаш ауданында 200 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы салынды, Еңбекшіқазақ ауданында бар алаң 1 500 басқа дейін кеңейтілді. Тағы Талғар ауданында жылына 350 тонна жаңа піскен көкөніс өндіретін жылыжай кешені жаңғыртылды.
Инвестициялық жобалар да аз емес. Олардың қатарында жылына 21 мың тонна картоп өңдейтін және 350 жұмыс орны құрылатын PepsiCo Central Asia ЖШС-ның зауытының құрылысы, жылына 5 млн тоннаға дейін қант өңдеп, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Иран және басқа елдерге экспорттайтын Al Khaleej Sugar қант зауыты жобасы, AGRIFARM CO., LTD және Human Capital компанияларының 290 млн АҚШ доллары көлеміндегі инвестициямен терең астық өңдеу бағытындағы агроөнеркәсіптік паркінің ашылуы бар.
Ауылшаруашылығы өнімдерін өткізу және суармалы инфрақұрылымды кеңейту мәселелері жүйелі түрде шешілуде. Облыстың әкімшілік бөлінуінен кейін су шаруашылығы нысандарын жаңғырту қарқынды жүргізілуде. Қонаев қаласы мен 8 ауданда суару жүйелерін қалпына келтіруге бағытталған 12 жоба іске асырылып жатыр. 2022 жылы осы жұмыстарды үйлестіру үшін «Алматыоблводхоз» ШЖҚ МКК құрылды. Қазіргі уақытта бұл мекемеде шамамен 200 қызметкер еңбек етуде.
Осы бағыттағы тағы бір маңызды қадам – былтыр Ислам даму банкімен 165,8 млн АҚШ долларына келісімге қол қоюы болды. Оның ішінде 260,3 млрд теңге Алматы облысындағы жобаларға бағытталды. Бірінші кезеңде Балқаш, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарында 825 км суару желісі қайта жаңғыртылып, 57 мың гектар жер ауылшаруашылығы айналымына енгізіледі. Екінші кезеңде 169 млрд теңгеге бес ауданда тағы 1 575 км желі қалпына келтіріледі. Жер мәселесіне келсек, 2022–2025 жылдар аралығында облыста 1,1 млн гектар пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы жерлері анықталып, олардың 445,5 мың гектары мемлекеттік меншікке қайтарылды. Осының бәрі де ауылшаруашылығы саласында жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар мен азаматтардың, жалпы саланың дамуына ықпал етеді деп күтілуде.
Ауылшаруашылығын қолдау мақсатында ауылдардың әлеуетін күшейтуге де ерекше көңіл бөлінуде. Әртүрлі бағдарламалар мен жобалар да жоқ емес. Мысалы, «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында қосалқы шаруашылықтар мен кооперацияны дамыту ісі қолға алынған. Алматы облысында екі жыл ішінде 11 млрд теңгеге 1 360-тан астам микрокредит берілді. Бұл ауыл тұрғынының орташа табысын айтарлықтай арттырып отыр. Ресми деректерге сүйенсек, биыл қосымша 2,5 млрд теңгеге 270 микронесие беру жоспарланып отыр.
Альфия Жәнібекқызы