Иракта америкалық әскери ұшақ апатқа ұшырады
АҚШ Ирак әуе кеңістігінде KC-135 үлгісіндегі жанармай құюшы әскери ұшағын жоғалтқанын растады. Ал Иран қолдайтын қарулы топтар ұшақты өздері атып түсіргенін мәлімдеді.
Reuters агенттігінің мәліметінше, америкалық KC-135 жанармай құюшы ұшағы Ирактың батысында апатқа ұшыраған. АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы бұл оқиға Иранға қарсы «Epic Fury» («Эпикалық қаһар») операциясы аясында Ирак әуе кеңістігінде» болғанын хабарлады.
«Оқиғаға екі ұшақ қатысқан. Олардың бірі Ирактың батысында апатқа ұшырады, ал екіншісі қона алды. Бұл жау шабуылынан болған жағдай емес», – делінген АҚШ қолбасшылығының мәлімдемесінде.
CBS News мәліметінше, оқиғаға қатысқан екінші ұшақ та KC-135 жанармай құюшы ұшағы болған. Оның корпусы зақымданып, кейін Тель-Авив әуежайына қонған.
Апатқа ұшыраған ұшақтың бортында қанша экипаж мүшесі болғаны және олардың қазіргі жағдайы туралы әзірге нақты ақпарат берілмеді.
Ал «Ирактағы исламдық қарсылық» деп аталатын Иранға жақтас қарулы топ KC-135 ұшағын өздері атып түсіргенін жариялады. Reuters агенттігі келтірген олардың мәлімдемесінде бұл әрекет «елдің егемендігі мен әуе кеңістігін қорғау мақсатында» жасалғаны айтылған.
Reuters дерегіне сәйкес, апатқа ұшыраған ұшақтың бортында шамамен 6 әскери қызметкер болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
KC-135 ұшағы – АҚШ-тың Таяу Шығыстағы жаңа соғыс басталғалы жоғалтқан төртінші әскери ұшағы. Бұған дейін Иранға қарсы операцияның алғашқы күндерінде Кувейт әуе кеңістігінде АҚШ-тың үш F-15 жойғыш ұшағы жергілікті әуе қорғаныс күштері тарапынан атып түсірілген болатын.