Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:08, 29 Қыркүйек 2023

Иракта үйлену тойындағы өрттен 100-ден астам адам қаза тапты (видео)

ирак өрт
Фото: из открытых источников

Ирактың солтүстігіндегі Найнава провинциясында үйлену тойы кезінде тұтанған өрт салдарынан 100-ден астам адам қаза тауып, 150-ден астам адам жарақат алды.

 Қайғылы оқиға Бахдид қаласында (Хамдания немесе Қарақош деп те аталады) болған.

Reuters агенттігінің жергілікті басылымдарға сілтеме жасап хабарлауынша, өрт неке қию сарайында шатыр өртенген кезде шыққан.

Куәгерлердің айтуынша, неке қию сарайына келгендер отқа оранған залда қамалып, бір бөлігі ғана сыртқа шыға алған. Өрт басталғаннан кейін көп ұзамай ғимараттың төбесі опырылып түскен.

Жергілікті билік қирандыларды тазарту жұмыстары біткен сайын құрбандар саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Өрт шыққан кезде ғимарат ішінде 800-ге жуық адам болғаны айтылады.

Найнава губернаторының орынбасары Хасан әл-Аллах Reuters агенттігіне жасаған мәлімдемесінде 113 адамның қаза тапқанын растады.

Дәрігерлер зардап шеккендердің арасында қалыңдық пен күйеу жігіттің бар екенін айтты. Кейбір басылымдар олардың да қаза тапқанын жазып жатыр.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от 💚Hatay gezginleri💙 (@hatay_gezginler)

Алдын ала мәлімет бойынша, той өтіп жатқан ғимарат арзан жанатын материалдардан тұрғызылғандықтан, өрт тез таралып, құрылымдардың опырылуына алып келген.

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Хамданияда негізінен христиандар тұрады және өрт осы қауымдастық мүшелерінің үйлену тойы кезінде шыққан.

Оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметі жұмыс істеп жатыр.

Зардап шеккендер провинциядағы ауруханаларға жеткізілді.

Ирактың Ішкі істер министрі Мұхаммад Шиа әл-Судани өзінің Twitter парақшасында оның бұйрығымен ел мен аймақ үкіметі зардап шеккендер мен қаза болғандардың отбасыларына көмек көрсету үшін барлық күштерді жұмылдырғанын жазды.

Тегтер: