Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:00

Иран АҚШ эсминецін және әскери базаларын атқылағанын мәлімдеді

Иран АҚШ
Фото: ЖИ / Жас Алаш

Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) Израиль мен АҚШ-қа қарсы операция барысында бірқатар нысанға зымырандар мен дрондар арқылы соққы жасалғанын мәлімдеді.

Бұл туралы РИА Новости агенттігі хабарлады.

Иран мәліметінше, шабуылдардың бірі Тель-Авивтегі Бен-Гурион әуежайына және Израильдің Қорғаныс министрлігі ғимаратына бағытталған.

Иранның Tasnim агенттігінің хабарлауынша, ИРСК «Шынайы уәде - 4» операциясының 17-толқыны барысында гипердыбыстық зымырандар мен дрондар қолданған.

«Гипердыбысты зымырандар мен дрондар америкалық THAAD әуе қорғаныс жүйесін айналып өтіп, Тель-Авивтегі Қорғаныс министрлігі мен Бен-Гурион әуежайындағы стратегиялық нысандарды дәл соқты», - делінген ИРСК баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.

АҚШ эсминеціне шабуыл

Иран әскери күштері Үнді мұхитындағы АҚШ-тың әскери кемесіне де соққы жасалғанын хабарлады.

Tasnim мәліметінше, ирандық әскерилер Qadr-380 және Talaiyeh зымырандарын пайдаланып, жағалаудан шамамен 650 шақырым қашықтықта жанармай құйып тұрған америкалық эсминецті нысанаға алған.

Ормуз бұғазындағы кемелерге соққы

Иранның Nour News агенттігі ИРСК әскери-теңіз күштерінің қолбасшысына сілтеме жасап, соғыс басталғалы бері Ормуз бұғазы арқылы өтпек болған кемелердің кемінде онына соққы жасалғанын хабарлады.

«Қазіргі уақытқа дейін біз оннан астам кемеге, оның ішінде мұнай танкерлеріне де шабуыл жасадық», - делінген мәлімдемеде.

Агенттік мәліметінше, әскери әрекеттердің төртінші күні Ормуз бұғазы арқылы кеме қозғалысы толық тоқтаған.

Сонымен қатар Иран кейбір кемелерге арнайы өтініштен кейін екі рет бұғаздан өтуге рұқсат бергенін де хабарлаған.

Иран шектеуі АҚШ, Израиль және Ұлыбританиямен байланысты барлық кемелерге қатысты екені айтылды.

АҚШ базаларына шабуыл

CNN телеарнасы спутниктік суреттер мен куәгерлердің видеоларына сүйене отырып, Иран екі күн ішінде Таяу Шығыстағы кемінде тоғыз америкалық әскери базаға соққы жасағанын хабарлады.

Атап айтқанда, шабуыл жасалған нысандар:

  • Кувейтте – төрт база,

  • БАӘ-де – екі база,

  • Бахрейнде – бір база,

  • Иракта – бір база,

  • Катарда – бір база.

Дубайдағы базаға соққы

Иранның «Хатам әл-Анбия» әскери штабының мәліметінше, Дубайдағы АҚШ әскери базасына жасалған шабуыл кезінде 100-ден астам америкалық теңіз жаяу әскері қаза тапқан.

Иранның Mehr агенттігінің хабарлауынша, база аумағында шамамен 160 теңіз жаяу әскері болған.

«Барлау деректері бойынша, дрондар мен зымырандар арқылы жасалған шабуыл нәтижесінде АҚШ жүзден астам теңіз жаяу әскерінен айырылды», - делінген хабарламада.

Бұған дейін Тегеран АҚШ пен Израиль нысандарына жасалған шабуылдарды өзін-өзі қорғау құқығын жүзеге асыру деп атап, агрессия тоқтағанға дейін жауап соққылары жалғасатынын мәлімдеген.