Иран АҚШ эсминецтерінің Ормуз бұғазы арқылы өткенін жоққа шығарды
Иран билігі АҚШ әскери кемелері Ормуз бұғазы арқылы өтті деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Иран Қарулы күштерінің «Хатам әл-Анбия» орталық штабының өкілі Эбрахим Зольфагари мәлімдеді.
Оның айтуынша, АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) мәлімдемелері жалған.
— Кез келген кеменің бұғаз арқылы өтуі туралы шешімді Иран Ислам Республикасының қарулы күштері қабылдайды, — деді Зольфагари.
Бұған дейін АҚШ Орталық қолбасшылығы Ормуз бұғазы арқылы екі америкалық эсминец — USS Frank E. Peterson және USS Michael Murphy өткенін хабарлаған еді. Олардың мәліметінше, кемелер Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы орнатқан болуы мүмкін теңіз миналарын залалсыздандыру миссиясы аясында әрекет еткен.
CENTCOM басшысы адмирал Брэд Купердің сөзінше, АҚШ бұғазда жаңа қауіпсіз теңіз дәлізін қалыптастыруды бастап, оны жақын арада теңіз тасымалы саласына ұсынбақ.
Сонымен қатар, алдағы күндері минасыздандыру операцияларына қосымша күштер, оның ішінде суасты дрондары тартылатыны айтылды.
Бұған дейін The New York Times басылымы Иран Ормуз бұғазында қойылған барлық миналарды анықтап, залалсыздандыруға қауқарсыз екенін жазған. Бұл жағдай Тегеранның бұғаз арқылы еркін қозғалысты қамтамасыз ету жөніндегі АҚШ талаптарын жылдам орындауына кедергі келтіріп отыр.
Иран бұғазды наурыз айында, АҚШ пен Израиль арасындағы соғыс басталғаннан кейін көп ұзамай миналаған. Миналар мен зымыран және дрон шабуылдары қаупі теңіз тасымалын күрт азайтып, әлемдік энергия бағасының өсуіне әсер еткен.
Ал Financial Times басылымы 11 сәуірде Исламабадта өтіп жатқан АҚШ пен Иран келіссөздері Ормуз бұғазы мәселесіне байланысты тығырыққа тірелгенін хабарлады.
Дереккөздердің айтуынша, Иран бұғазды толық бақылауда ұстауды және одан өтетін кемелерден төлем алуды талап етуде. Ал АҚШ ұсынған «ортақ бақылау» нұсқасынан бас тартқан.
Америкалық делегацияны АҚШ вице-президенті Джеймс Дэвид Вэнс басқарып отыр. Оның құрамында арнайы өкіл Стивен Уиткофф пен президенттің күйеу баласы Джаред Кушнер бар. Иран делегациясын парламент спикері Мохаммад Багер Галибаф пен сыртқы істер министрі Аббас Арагчи бастап келген.
12 сәуірде Джеймс Дэвид Вэнс келіссөздер сәтсіз аяқталғанын мәлімдеді