Иран АҚШ-пен болуы мүмкін соғыстың салдарына дайындалып жатыр
The New York Times басылымы Иран басшылығындағы алты дереккөзге сүйене отырып, ислам республикасының ықтимал соғысқа қалай дайындалып жатқаны туралы мақала жариялады.
Барлық күштік құрылымдар жауынгерлік әзірлікке келтірілген. Биліктің басты алаңдаушылығы – саяси бейберекетсіздіктің туындауы. Оның алдын алу үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданған. Елді іс жүзінде Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы – консерватор, қауіпсіздік құрылымдарының өкілі әрі Иран саясатының ардагері Али Лариджани басқарып отыр.
2026 жылдың қаңтарынан бастап Иранда аятолла режиміне қарсы жаппай наразылықтар мен АҚШ-тың әуе соққылары болуы мүмкін деген қауіп аясында Али Лариджани елдің іс жүзіндегі басшысына айналған. Иранның Жоғарғы көшбасшысы Али Хаменеи наразылықтарды басу және соғысқа дайындық міндетін соған жүктеген. Сонымен қатар ол режимнің негізгі серіктестері – Ресей, Катар және Оманмен байланыстарды жалғастырып отыр. АҚШ-пен келіссөздерді ресми түрде сыртқы істер министрі Аббас Аракчи жүргізгенімен, Лариджани процесті сырттай бақылап отырғаны айтылады.
67 жастағы Лариджани ықпалды әулеттен шыққан. Оның әкесі белгілі шиит дін уағызшысы болған, бауырларының бірі – Хаменеидің сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі, екіншісі – Иран сот жүйесін басқарған және қазір Жоғарғы көшбасшы жанындағы Шариат кеңесін басқарады.
Лариджанидің өзі Ислам революциясы сақшылар корпусында бригада генералы дәрежесіне дейін көтерілген, он жыл бойы мемлекеттік телерадио компанияны басқарған. 2005 жылы президенттік сайлауға қатысып, алтыншы орын алған. Сол жылғы сайлауда жеңіске жеткен Махмуд Ахмадинежад оны Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы етіп тағайындаған. 2008 жылы бұл қызметтен кетіп, Иран парламентінің спикері болып, 2020 жылға дейін осы лауазымды атқарды.
Лариджани Хаменеидің сеніміне ие жақын серігіне айналған. Ол – қатаң консерватор, ислам республикасының басқару құрылымдарында мол тәжірибесі бар тұлға. 2000-жылдары Иранның ядролық бағдарламасы бойынша АҚШ-пен келіссөздерді қадағалаған, ал 2020-жылдары Иранның Қытаймен жақындасу саясатының негізгі авторларының бірі болған.
2025 жылдың басында Лариджанидің саяси белсенділігі артып, президент Масуд Пезешкианның ықпалы әлсіреген. Мәскеуде Владимир Путин және Таяу Шығыс көшбасшыларымен өткен кездесуге дәл осы Лариджани қатысқан. БАҚ пен әлеуметтік желілерде де ислам республикасының ұстанымын көбіне сол білдіре бастаған.
Қаңтар айындағы наразылықтарды басу кезінде интернет шектеулері экономикаға айтарлықтай зиян келтірген соң, Пезешкиан шектеулерді жеңілдету үшін Лариджаниден рұқсат сұрауға мәжбүр болған. АҚШ президенті Стив Уиткофф ұсталған демонстранттардың тағдыры туралы мәселені көтеріп, Аракчимен байланысқан кезде, министр жауапты президентпен келісуге тырысқан. Алайда оған америкалықтармен барлық байланысты Лариджанимен үйлестіру керектігі айтылған.
Кейін наразылыққа қатысқандардың жаппай сотсыз өлім жазасына кесілгені туралы ақпарат тарады. Ирандық құқық қорғаушылардың мәліметінше, құрбандар саны шамамен 30 мыңға жеткен.
Хаменеи қастандықтан қауіптеніп, көбіне бункерде жасырын өмір сүріп жатыр. 2025 жылғы маусымда 12 күндік соғыстың алғашқы күндерінде Израиль Иран Қарулы күштерінің бірқатар маңызды қолбасшыларын нысаналы соққылармен жойып, бұл хаосқа әкелген. Осындай жағдай қайталанбас үшін Хаменеи өзі тағайындайтын әрбір жоғары лауазымды тұлғаға төрт ықтимал мұрагерден белгілеп қойған. Өзі қайтыс болған жағдайда орнын басуы мүмкін үш адамды да анықтаған, бірақ олардың есімдері жария етілмейді.
Сондай-ақ шешім қабылдау құқығы берілетін шағын топ айқындалған. Оның құрамына Лариджани, Хаменеидің бас әскери кеңесшісі Яхья Рахим Сафави, парламент спикері Мұхаммад Бакир Ғалибаф және Хаменеи кеңсесінің басшысы Али Асқар Хиджази кіреді. Бұған қоса адмирал Али Шамхани басқаратын Ұлттық қорғаныс кеңесі құрылған.
Иран басшылығы талқылап отырған мәселелердің бірі – «Иранның Делсисі» кім болатыны. Бұл жерде Делси Родригес меңзеліп отыр: ол АҚШ Николас Мадуроны ұстағаннан кейін Венесуэлада билікті өз қолына алып, режим мен элитаның сақталуын қамтамасыз етіп, сонымен қатар халықаралық қауымдастықпен байланысты қалпына келтірген.
Иранда бұл рөлге негізгі үміткер – Лариджани, одан кейін парламент спикері Ғалибаф аталады. Сонымен қатар бұрынғы президент Хасан Руханиның кандидатурасы да қарастырылуда. Ол Хаменеидің жақын шеңберіне кірмейді, бірақ реформатор саясаткер саналады және АҚШ тарапынан қолдау табуы мүмкін.